Алғыс алған озады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Біз біргеміз!» жалпыұлттық республикалық онлайн форумы өтті. Оған барлық облыстық әкімдіктер онлайн түрде қосылды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Президент коронавируспен күресу мақсатында мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратылып, шағын және орта бизнес өкілдеріне бірқатар жеңілдік жасалғандығын жеткізді.

– Елбасының бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорынан да көлемді қаржы бөлініп, мұқтаж жандарға нақты көмек беріліп жатыр. Бұл жұмысты «Nur Otan» партиясы белсенді түрде жүзеге асыруда. Осының бәрі бірлігіміздің бекемдігін көрсетеді. Дегенмен бұл аса жұқпалы дерт азаматтарымыздың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп, халықтың әл-ауқатына нұқсан келтіруде. Ең алдымен осы кеселден қайтыс болған адамдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Сондай-ақ вирус жұқтырғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Осындай күрделі кезеңде барша жұрт жауапкершілік танытудың қаншалықты маңызды екенін түсінді деп ойлаймын. Әр адам өзінің туыстары мен жақын адамдарының денсаулығына мұқият болуы керек. Бұл – қазіргі заманның талабы. Індетті жеңу – әрбір азаматтың өз қолында. Бұл ең алдымен қарапайым қағиданы ұстанудан басталады. Бетперде тағып жүру, тазалық сақтау және әлеуметтік қашықтықты ұстану өте маңызды. Елдегі тәртіп сақшыларына аса маңызды міндет жүктеліп отыр. Осы ретте ішкі істер органдарының барлық қызметкерлерін кәсіби мерекесі Полиция күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекеттік қызметшілердің және ақ халатты абзал жандардың төл мерекелері құтты болсын. Біз өздеріңізді мақтан тұтамыз, қажырлы еңбектеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін, – деді.

Сөз соңында COVID-19 вирусы әлі де қауіп төндіріп тұрғандықтан, карантиндік шаралардың күшейтілгендігін айтты.

Форумда денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау саласында, сондай-ақ пандемиямен күресте елеулі еңбек етіп жүрген түрлі қоғамдық сала мамандары «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

Ал біздің өңірімізде төтенше жағдай кезінде белсенділік танытқан жандарға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев рақметін айтып, Президент медалін табыс етті. Олар: облыстық көпбейінді балалар ауруханасының эпидемиолог-дәрігері Гүлфайра Мырзабекова, Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Николай Сон, «Мейірім» медициналық орталығының директоры Гүлдара Нұрымова, облыстық әскери-патриоттық балалар мен жасөспірімдер қозғалысының төрағасы Дулат Әбдісамат, «Жібек жолы жастары» волонтерлік қозғалысының жетекшісі Аяулым Расылхан, жеке кәсіпкер Меруерт Лештаева, «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі Руслан Абдуалиев, «Айналайын» балалар-жасөспірімдер орталығы-ның жетекшісі Айгүл Разақова, №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының аға мейірбикесі Айгүл Иманбаева, «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС директорының орынбасары Айдын Бейсеков.

Comments (0)
Add Comment