Алғыс айту күнін тұрғындар ерекше ықыласпен тойлауда

Шаһарда Алғыс айту күнін тойлау басталып кетті. Кеше тұрғындарға төмен бағада азық-түлік жәрмеңкесі ұсынылып, жер-жерде концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.

Қазақстан халқы Алғыс айту күнін биыл алтыншы жыл кең көлемде атап өтуде. Бұл мереке тағдыр тәлкегімен туған жерінен қоныс аударылған түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай халқына деген терең тағзымның белгісі бола білді. Сонымен қатар түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналып, ел бірлігін бекемдеп, ырысты ынтымағымызды жаңа белеске жетелеп келеді. Күні кеше «Алғыс айту – парызым» атауымен «Құмшағал» шағынауданында өткен мерекелік жиында бас қосқан тараздықтар да айтулы күннің осынау айрықша сипатын айтып, қиналғандарға қамқорлығын аямайтын, жасаған жақсылығын жария етпейтін кеңпейіл қазақ халқына ақжарма алғыстарын жаудырды. Бұл күні ауа райының құбылғанына қарамастан, мерекені тойлауға ағылған құмшағалдықтардың қарасы қалың болды. Тұрғындарға арнайы жайылған ақ дастарқан басында бас қосқан аудан ақсақалдары мен кейуаналар ақ баталарын беріп, татулығымызды тұғырлы етудің маңызы жайлы сөз етті. Балдырғандар түрлі спорттық ойындарда бақ сынап, өзара шын мықтыны анықтады. Сондай-ақ өзге ұлт өкілдерінің ұлттық киімдері мен тағамдары, қолөнер туындыларынан көрме ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды. Жиын барысында сөз алған «Құмшағал» шағынауданы орналасқан №11 округтің бас инспекторы Мұрат Аққұлиев тұрғындар мен жалпы тараздықтарды мейірім мен ынтымақ мерекесімен құттықтады.
– Көктемнің алғашқы күнімен келетін Алғыс айту күні – ең әуелі тыныштық пен үндестіктің, өзара сенімділік пен құрметтің мерекесі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда қоныс аударылған ұлттардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Бұл – күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күні, – деді округ инспекторы өз құттықтауында.
Мерекелік шара тараздық өнерпаздардың қатысуымен өткен концертке ұласты. Онда тәуелсіздік, бірлік пен ынтымақ жайлы әндер шырқалып, ұлтаралық татулыққа үндейтін қойылымдар көрсетілді. Сонымен қатар облыс орталығындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері халық әндерін тамылжыта шырқап, ұлттық билерін мың бұрала биледі.
Бұдан бөлек, жиын аясында құмшағалдықтарға арналып бос орындар және ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Онда шағынаудан тұрғындары жұмысқа орналасу жайлы кеңес сұрап, көкейдегі сауалдарын жолдаса, енді бірі қажетті азық-түлігін арзан бағада алып жатты.
Сондай-ақ мұндай шара «Төрткөл» керуен сарайында да жалғасын тапты. Жиылған көпшілікке мерекелік концерт пен театрландырылған көрініс ұсынылды. Сонымен қатар қолөнер шеберлерінің туындылары мен кітап көрмесі қойылды. Ал қала әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен өткен жәрмеңкеде тұрғындар керегінің бәрін тапты.
– Жалпы мереке құтты болсын. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Бүгінгі мерекеге орай ұйымдастырылып жатқан ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде төмен бағада үйімізге қажетті азық-түліктің бірсыпырасын алдық. Базар бағасынан 10-15 пайызға төмен. Алғыс айту күні құтты болсын! – деді қала тұрғыны Зоя Петрова.
Мұндай мерекелік шаралар бүгін де жалғасын табады.

Аружан ТЫНЫШБАЙ,
Айнұр Жұмабай,
Тараз өңірлік университеті  «журналистика» мамандығының 4-курс студенттері

Comments (0)
Add Comment