Таяуда Түркістан облысы Полиция департаментінің басшылық құрамы өзгерді. Оңтүстік өңірдің тарихында алғаш рет облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымына әйел кісі тағайындалды. Ал Қазақстан бойынша мұндай жоғары дәрежеге жеткен екінші ару атанды. Меруерт Әбдіқадырқызы – ішкі істер органдарында 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп, адал еңбегімен ұжымға сыйлы болып, өзін білікті басшы ретінде таныта білген маман. Stan.kz тілшісі мансап қууды мақсат етпейтін, жұмысын шын жүректен жақсы көретін полиция майорымен сұхбат құрды.
– Меруерт Әбдіқадырқызы, ең алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз.
– Оңтүстік өңірдің тумасымын. 1980 жылы Созақ ауданындағы Шолаққорған ауылында дүниеге келдім. Қарапайым, әрі көп балалы отбасында тәрбиелендім. Әкем – көлік жүргізушісі, анам – аспазшы болды. Адал еңбектерімен 6 қызы мен 2 ұлын аяққа тұрғызды.
Кішкентай кезімнен оқуға, тануға, үйренуге құштар болдым. Бала кезімде: “Оқуға түсемін, әйтпесе өлемін” дейді екенмін. Сөйтіп арман қуып жүріп, Шымкент қаласындағы М. Өтебаев атындағы экономика және құқық колледжіне оқуға түстім. Ол жерде «Қаржы» мамандығын үздік дипломмен бітірдім. Колледждің 2-курсында оқып жүріп ішкі істер департаментінің Қаржы бөліміне практика өтуге бардым. Формаға ең алғашқы қызығушылығым сол жерде оянды. Ол кезде қазақ қыздар аз, орыс апайлар көп еді. Алғаш барған күннен бастап жұмысқа махаббатым ашылды. Жауапкершілігімнің нәтижесі шығар, “Оқу бітірген соң жұмысқа кел” деген шақырту алдым. Сөйтіп оқуымды бітіріп-бітірмес бастығыма келіп, жұмыс керек дедім. Бастығым түрік кісі еді, келісті. Диплом алғанша тағы 2 ай жүрдім. Ақша деген қызық емес, жұмысыма мәз болып жүре бердім. Қолыма диплом алғаннан кейін келісімшарт бойынша қайнаған қазанның ішіне кіріп кеттім.
– Ешқандай қорқыныш болмады ма? Қанша дегенмен, оңай жолды таңдамадыңыз…
– Жоқ, ешқандай қорқыныш болмады. Өмірде не жағдай болса да, тайсалмай қарсы тұруға, шешімін табуға тырысамын. Мүмкін, осы қасиетім көмектескен шығар.
– Отбасы мүшелеріңіз қарсы болған жоқ па? 2000-шы жылдары ішкі істер органдарында жұмыс істейтін әйелдер қауымының саны тіптен аз болды ғой.
– Ата-анам қарсы болған жоқ. Маған дейін әпкем мен әкемнің қарындасы да ішкі істер органдарында осы қаржы саласында жұмыс істеді. Содан да болар ата-анам таңдауыма құрметпен қарады.
20 жасқа қараған шағымда тұрмысқа шықтым. Күйеуім де осы салада жұмыс істеген. Тіпті, ата-енем де ішкі істер органдарында қаншама жыл еңбек етіп, зейнетке шықты. Бастапқыда күйеуім жұмыс істеуіме қарсылығын білдірді. Түннің бір уағына дейін жұмыста отыра беретін едім. Ол кезде бастығым Мейірбекова Айша Ізбасарқызы деген әйел еді, ол ер мінезді, іскер әрі өз ісінің нағыз маманы болатын. Ол кісіден үйренгенім өте көп, алғашқы ұстазым десем де болады. Сол кісі “Мен сағат кешкі 9-да шықсам, Меруерт жұмыс істеп отырады, таңертең ерте келсем де Меруерттің есігі ашық тұрады. Бұл өзі үйіне бара ма?” деп айтатын. Жасыратын несі бар, күйеуіме бұл ұнамайтын. Ұрыс-жанжал да болмады емес, болды.
Әйтеуір, жағдайды түсіндіріп, ашуын басып алатын едім. Ата-енем де қолдау көрсетті. “Үйде отырғанда не істейді, барсын, жұмыс істесін” деді. Баламды босанғанан кейін 6 айдай уақыт өткен соң қызметіме қайта кірісіп кеттім. Балаға ата-енем қарады. 2 қайын сіңілім үйді жинап, тамақ істеп қоятын. Келін істеу керек деп күтіп отырмайтын. Тіпті, жұмысыма үлгермей жатсам, қайын сіңлімді алып баратын едім. Жалпы, келін боп түскен шаңырағымда тек қолдау мен көмек көрдім. Соның арқасында университетте оқуымды жалғастырдым. Бірінші әскери шенімді де келін болып жүрген кезде алдым.
– Қызық екен, әскери шен алу үшін арнайы дайындық керек, нормативтерді тапсыру керек дегендей…
– Иә, спорттық нормативтер бар. Таңертең ерте тұрып, жүгіретін едім. Өзге де нормативтерге дайындалдым. Сол кезде ұйқы дегенді ойламайды екенмін. Есімде, жүгіруден норматив тапсыруға шақырған кезде, таңертең ертемен ұлдардан да бұрын барып алғаным. Сонда қабылдаған ағай: “Бойың қысқа болса да, тез жүгіреді екенсің” деп таңғалған. Басқаларынан да сәтті өтіп, сержант шеніне ие болдым.
– Естуімізше, сержант шенімен 10 жыл жүріпсіз…
– Сержант шенін 2002 жылы алдым. Негізі, кейінгі жоғары шенді алу үшін қызметің де қатар өсуі қажет. Ал менде мансап қуу деген ниет болмапты. Жұмысымды тиянақты істесем болды деп ойлайтынмын. Лейтенант шенін 2012 жылы алдым. Онда да бастығым қояр да қоймай айтып жүріп, ұсыныс берді. Одан кейін капитан, майор болдық, жақында подполковник шенін алайын деп отырмын.
– Жұмысыңызда қандай қиындықтарға кезіктіңіз?
– Еш жерде оңай жұмыс жоқ. Әр саланың өзіне тән ауыртпалықтары болады. Бұл жерде мәселе қандай қиындық болғанында емес, оны қалай шеше білгеніңде. Жұмысымның ең бір қиын сәті, 2018 жылы Түркістанға ауысқан кезімізде болды. Ол кезде қазіргідей инфрақұрылым жоқ, енді облыс орталығы болып жатты. Департаментіміздің ғимараты бітпеген, кадрлық ауыс-түйістер, штат жетіспеушілігі. Дегенмен сол кездегі басшылықтың, жалпы ұжымның қажыр-қайратының нәтижесінде бәрі қалпына келді.
Қазір де қиындықтар болып тұрады. Мысалы, кадр жетіспейді. Учаскелік полицейлер үлгермей жатады. Осы ретте Түркістанның жігіттерінің жанкештілігін мойындау керек. Жұмыс жүктемесі көп болса да, өзге өңірлерден артық болмаса, кем нәтиже көрсетіп жатқан жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, қиындықтан қорықпау керек, керісінше оны жеңе білу қажет.
– Меруерт Әбдіқадырқызы, жақында ғана басшылық лауазымға тағайындалдыңыз. Алғаш естігенде қандай сезімде болдыңыз?
– Бұған дейін Түркістан облысы ПД Қаржымен қамтамасыз ету басқармасының бастығы қызметін атқардым. Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымында 2 жыл резервте тұрдым. Алайда көп ұзамай-ақ, жаңа қызметке тағайындалдым. Бәрі бір күннің ішінде болып, өзім де түсінбей қалдым. Жұма күні болатын, күндізгі уақытта министрмен сұхбаттасудан өттім. Сонымен жұмысымды істеп жүре бердім. Бұйрық демалыс күндерінен кейін шығатын шығар деп ойладым. Түстен кейінгі уақытта әріптестерім хабарласып, кешкі сағат 17:00-де тағайындау болатынын айтты. Күтпеген жағдай болды. Дереу формамды киім, жиналысқа кіріп кеттім, ол онлайн режимде өтті. Асығып жүріп қандай реакция болғанын да байқамадым, бәрі біткен соң ғана басшылық қызметке тағайындалғанымды және жүктелген міндеттің жүгі бұрынғыдан да ауыр болатынын түсіне бастадым.
Әрине, бойымды қуаныш кернеп, риза болдым. Ең бастысы, еңбегімнің ақталғанына, елеусіз қалмағаныма қуандым. Себебі мен біреудің алдына шығып, көзге түссем екен деген адамдардан емеспін. Керісінше басшылықтың өзі еңбегімді бағалағанын қалаймын. Алла осы ниетіме қарай берген шығар деп ойлаймын. Байқап қарасам, ішкі істер органындағы қызметім барысында ең кіші баспалдақтан бастап ретімен көтеріліп келе жатыр екенмін.
Оңтүстік өңірде тарихта маған дейін осындай лауазымды иеленген әйел болмапты. Ал Қазақстанда 2-ші әйел кісі болып тағайындалыппын. Бұл да бір қуаныш.
– Әйел кісілер ерлермен салыстырғанда бәрібір жұмсақ, мейірімді болып келеді. Қызметіңізге бұл сезімдер кедергі болмай ма?
– Шыны керек, балам мен бауырларым менен “Қалай бастық болып жүрсіз?” деп таңғалып жатады. Болмысым – жұмсақ адаммын. Алдыма жағдайын айтып, көмек сұрап келген адамның бетін қайтара алмаймын. Өмір болған соң, әртүрлі жағдайлар болады. Біреуге аванс қажет, біреуге еңбек демалысының қаржысын ерте беру керек деген сияқты. Заң аясында, мүмкіндігінше көмек беруге тырысамын. “Жоқ” дей алмағаным үшін кейде қызметкерлерім ренжіп жатады (күліп).
Бірақ жұмыс болған соң, бастық болған соң қаталдық керек, тапсырманы талап ете білу қажет. Сондықтан қатты сезімге беріліп кетемін деп те айта алмаймын.
– “Тәрбие – тал бесіктен” дейді ғой…
– Мені ата-анам адал, жанашыр және еңбекқор бол деп өсірді. Олар өмірдің тауқыметін көп көрсе де, бізге тек адал еңбегімен тапқан нанын ғана жегізді. Ата-анамыздың еңбекқорлығын, жанашырлығын, адамгершілігі мен адалдығын көріп өстік. Әкем жұмысына кешігіп бара жатып, жолда біреу жеткізіп салуды өтінсе, жоқ деп айта алмаған. Машинасы бұзылып, қажетті затын сатып алып, оны басқа біреу сұраса, бере салатын.
Анамның да қолы ашық болған. Өзі жұмыс істейтін дәмханада отын жағып, жылытуға жауап беретін орыс ағай болыпты. Үйсіз-күйсіз, әйтеуір жан бағып жүрген пенде. Анам күнде сол кісіге бір кесе тамақ қалдырып қояды екен. Оны кейін орыс ағайдың өзі айтыпты. Анам жұмыстан кеткен соң оған ешкім ондай жанашырлық танытпаған екен.
Әкем қиыншылықты көп көрген ғой, сонда: “Қыздарымды есепші қыламын, ақша санап отырады” деп айтады екен. Арманы орындалып, 4 қызы осы қаржы саласында істейді, 2 қызы жеке бизнеспен айналысады. Қазір әкемнің жасы 90-ға таяды. Бізге берген ақылын немелерін жанына жинап алып, айтып отырады.
Ата-анамның тәлімінен кейін мені Құран тәрбиеледі. Жас кезімізде басымыздан сөз асырғымыз келмейтін еді ғой. Құранды оқығаннан кейін көп нәрсені түсіне бастадым. Қазір маған қарасты департаменттегі қыздар мен жігіттерге адал, сыпайы, еңбекқор, төзімді болыңдар деп ақыл айтып отырамын.
– Қазір бүкіл әлемде гендерлік саясатты орнату үшін үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Патриархал қоғамда бұл тіптен қиын жұмыс. Бүгінде Қазақстанда да осы үдеріс жүруде. Сіз қызмет ететін органның 80%-ы ерлер қауымы десек те болады. Әріптестеріңіз сізді мойындамаған кезі болды ма?
– Оқыған, істің жөнін білетін әріптестерімнен ешқашан ондай көзқарас байқаған емеспін. Бірақ бес саусақ бірдей емес қой. Мүмкін, арасында бар да шығар.
– Жұмыс істеген уақыт аралығында полиция департаментінде қызмет ететін ерлер мен әйелдердің қандай айырмашылығын байқадыңыз?
– Жұмыс уақыты біткен бойда әйелдер үйіне асығады. Оны отбасы, балалары, үйдің тірлігі, қазан-ошағы күтіп тұрады. Ал жігіттер асықпайды, түнге дейін жұмыста отыра береді.
Қауіпсіздікке, елдегі тәртіп пен тыныштыққа жауап беретін орган болғандықтан, әрине, жігіттерімізге артылатын жауапкершілік көп. Тиісінше, ерлер бір саты жоғары тұрады. Бірақ әйел кісілер де әлсіз емес. Ерлермен қатар жұмыс істейді. Жігіттер сыртқы жұмыстарға жауап берсе, біз ішкі істерді реттеп отырамыз.
– Сіздің ойыңызша, ІІМ-де қызмет ететін әйелдердің портреті қандай?
– Бірінші, жауапкершілігі жоғары болуы қажет. Одан кейін әділ және адал. Ішкі істер органдарында істеген соң ұстамды, жинақы, кішкене қатаң мінез де керек. Жанашырлық пен мейірімді де ұмытпауы тиіс.
– Осы ретте үйдегі Меруерттің кейіпіне тоқталайықшы…
– Барлығы сияқты, мен де анамын, әйелмін, аяулы жармын. Ыдысты да жуамыз, еденді де сүртеміз. 19 жастағы ұлым бар. Сол баламның тәрбиесіне қатты мән беруге тырысамын. Шүкір, балам үмітімді ақтап жатыр. Ағайын-туыспен, бауырларыммен уақыт өткізген ұнайды.
– Отбасылық өмір мен қызметті қатар алып жүру міндетін қаншалықты орындап жатырмын деп ойлайсыз?
– Үйің мен отбасың тыныш болмаса, жұмысың қайдан тыныш болсын? Сондықтан екеуін де қатар алып жүрмін деп сеніммен айта аламын.
– Мансабыңызға қатысты, өміріңізге қатысты арманыңыз бар ма?
– Арманым – отбасымның амандығы, халықтың тыныштығы. Шын көңілмен осыны қалаймын. Жоғарыда айтқандай, мансап қуатын адам емеспін. Бәрі өз ағысымен болады.
– Әйелдер қауымына айтарыңыз…
– Ең алдымен, әйел деген рөлімізді ұмытпайық. Ана, жар екенімізді де. Жұмыста жауапкершілік, сауаттылық, төзімділік керек. Қатаңдық пен сыпайылық та қажет. Бірақ бұл екеуінің шекарасын білуі тиіс. Ал еңбекқорлықты жанына серік етсе, өмірде ешнәрседен ұтылмайтыны анық.
– Мәнді сұхбатыңыз үшін алғыс айтамыз!
Сұхбаттасқан: Гүлдана Қазтай