Жамбыл облысының құрылғанына 14-қазанда 80 жыл толады. Қиындыққа мойымай, жақсылыққа үміт артып, қуғын-сүргінді де жеңіп шыққан жамбылдықтар бесжылдықтардың балғасын солқылдата соғып, Тәуелсіздіктің арайлы жиырма жеті жылында Әулиеата өңірі берекелі, шуақты өлкеге айналды. Осындай күнге жету үшін аянбай еңбек етті. Еңбек елдің еңсесін көтерді. Әлеуметтік тұрмысы жақсарды, мәдениеті өрледі.
Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ ұландарының, ерлігі мен азаматтығы аңызға айналды. Қолбасшы Бауыржан Момышұлы бастаған жауынгерлердің фашизмге қарсы күрестегі ерлік даңқы әлемді шарлады. Олардың майдандағы ерлігін тылда еселі еңбекпен жалғастырған жамбылдықтар жеңіс күнін жақындатуға сүбелі үлес қосты.
Ауыл шаруашылығын дамытуда жамбылдықтар биік белестерге көтерілді. Жаңа өндіріс орындары көптеп ашылды. Сондықтан да болса керек облыс совет өкіметінің ең жоғары наградасы Ленин орденіне ие болды. Омырауына Алтын Жұлдыз таққан азаматтарының саны 300-ге жақындады.
Бір сөзбен айтқанда, Жамбыл облысы өсіп, өркендеді. Жайқалған, жаңарған жерімен бірге азаматтары да өсті. Облыс құрылған жылы билік басында сауаты шамалы азаматтар болса, қазір білімділігі жағынан қазақ өрендері әлемдік қауымдастықта алдыңғы қатарда. Осыдан 80 жыл бұрын қалада мектептер саусақпен санарлық қана болды.
1939 жылы Жамбыл облысында 320 мыңдай халық тұратын болса, қазір бір ғана Тараз қаласында 400 мыңға жуық халық тәуелсіздік әкелген жемістің шырынын татуда. Орайы келгенде айта кету керек: қазақ елінің тәуелсіздігі жолында жамбылдықтар аянбай күресті. Елінің бақыты үшін тәуелсіздік жолында жанын пида еткендер даңқы мәңгілік!
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін облыс барша қазақстандықтармен бірге дамудың жаңа және мәңгілік өркендеудің сара жолына түсті. Алдымен ұлт болашағы үшін күрескендерді ұлықтап, туған жер, өскен елге тарихи атауларын қайтарды. Жамбыл қаласы тарихи атауына ие болды. Тараз қаласының 2000 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде тойланды. Тараз тарихымыздың темірқазығы екені әлемге паш етілді. Жерімізбен бірге еліміз жайнап, жасарды.
Он аудан мен бір қаланы біріктіріп отырған Жамбыл облысының экономикасы жылдан-жылға көтерілуде. Тараз қаласының дамуының Бас жоспары бойынша бой көтеретін нысандар шуақты өлкенің шырайын кіргізетіні анық. Қаланың он үш мөлтек ауданының әрқайсысы бір қалаға пара-пар. Оның қайсы бірін айтайық! Көңілге нұр құятын іс те, көрініс те аз емес! Соңғы жылы Тараз адам танымастай өзгерді.
Бірлігі жарасқан жамбылдықтар барша қазақстандықтармен бірге Тәуелсіз Қазақстанның көк туының мәңгі асқақтауына, еліміздің Мәңгілік Ел болуына өз үлестерін қосуда. Тәуелсіздік жолында күрескен азаматтарын асқақтатып, жері мен елінің тарихын аршып, ұрпаққа үлгі етуде.
80 жылда атқарылған істің, болған оқиғалардың бәрін айтып шығу мүмкін емес. Тоқетерін айтқанда, Жамбыл облысы бір миллионнан аса халықтың бақытты, шаттықты мекеніне айналды! Шуақты өлкенің болашағы бүгінгіден де жарқын!
Енді Жамбыл облысы құрылған сәттен Ұлы Отан соғысы басталғанға дейінгі кейбір мәліметтерді тілге тиек етейік.
Облысты құру туралы шешім қабылданысымен Ұйымдастыру бюросы облыс экономикасын дамытудың негізгі бағыттарын айқындауға ерекше назар аударды. Ең алдымен кезек күттірмейтін мәселелер қолға алынды. Басқаруды жетілдіру үшін, ең алдымен, байланысты нығайтуға, жол қатынасын жақсартуға, ауыл шаруашылығын көтеру үшін суландыру жүйесін жетілдіру қажет болды. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға тез ықпал жасайтын салаларды дамыту қолға алынды. Сонымен бірге, халықтың сауаты мен денсаулығын көтеруге бағытталған жұмысты сол уақыттың өлшемі бойынша қарқынды жүргізді. Орталықтың және жергілікті биліктің ұстанымдарын бұқараға жеткізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарын, радио байланысын нығайтты.
Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатының 399-қордың 1-тізімдемесіндегі 6-бумасындағы 101-істе Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Жамбыл облысы бойынша Ұйымдастыру бюросы 1939 жылдың 26-қазанында Талас өзеніне көпір салу құрылысы туралы қаулы қабылдаған. 26-қазанға дейін жеті ғана тіреу қағылды. Көпірге қажет жабдықтарды дайындау өте баяу жүргізілді. Шын мәнінде көпірдің құрылысы 25-қазанда ғана басталды.
Облыс аграрлы болғандықтан ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылды. Облыс басшылары алғашқы күннен-ақ ауыл шаруашылығын дамытуда облыс аумағында суландыру жүйесі кенжелеп қалуы кері әсерін тигізіп отырғанын түсінді.
Мұрағатта облыс аумағында бес су қоймасын, сонымен бірге Свердлов және Жамбыл аудандарының аумағында 13 мың гектар жерді суландыру үшін Александров бөгетін салуды ұсына отырып, бұл облыста қант шаруашылығын дамытуға ерекше ықпал жасайтындығын дәлелдейді. Баяндау хатта Жамбыл қант зауытын жаңғырту және Свердлов қант зауыты мен Жамбыл №2 шақпақ қант зауытын салу жыл сайын орта есеппен 6,5-7 миллион центнер қант қызылшасы шикізатын өңдеуге ықпал жасайтындығын дәлелдейді. Суландыру жүйесін жетілдіру жоғарыда аты аталған үш қант зауытын шикізатпен қамтамасыз ету үшін Жамбыл, Свердлов және Луговой аудандарында 1940 жылы қант қызылшасының көлемін 5750 гектарға, ал 1944-1945 жылдарға 16-17 мың гектарға жеткізуге болатындығын айтады.
Облыс басшылары жоғарғы органға облыс аумағында суландыру жүйесін жетілдіру жөнінде әр аудан бойынша нақты ұсыныстар жасап, оның қажеттілігі туралы дәлеледейді. Қазір мұрағатта сақтаулы осы құжатты саралап, ой елегінен өткізсе ұсыныстардың бүгінгі күні де өзекті екендігіне көз жеткізуге болады.
Алайда су қоймаларын салу жұмысы жылдан-жылға кейін шегеріле берді. Екінші дүниежүзілік соғыстың бас-талуы бұл жұмысқа толық тұсау салды десе болады. Тек қана Тасөткел су қоймасының құрылысы 1940 жылдың тамыз айында басталды. Алайда бұл құрылыстың жедел жүргізілуіне көптеген кедергілер болғаны туралы да мұрағат құжаттарында сақтаулы. Құрылыс бастығы мен бас инженерінің Шу аудандық партия комитетінің басшысына жолдаған хатында суландыру желілеріне өзгерістер енгізу тиімділігін дәлелдейді. Сондықтан да жобаны өзгерте отырып, канал құрылысын жеделдетуді ұсынады.
Мұрағат құжаттарындағы деректер мен дәйектерге көз жібере отырып, жаңадан құрылған облыс үшін ауыл шаруашылығының экономикасын көтеруге ең алдымен суландыру жүйесін жетілдіру аса маңызды екендігін аңғаруға болады.
1939 жылдың 11-желтоқсанында Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Жамбыл облысы бойынша Ұйымдастыру бюросы сауатсыздықты және шала сауаттылықты жою мәселесін қарады.
Облыстық мемлекеттік мұрағатының 399-қорының 1-тізімдемесінің 6-бумасының 101-ісінде сол қаулының мәтіні сақталған. Онда былай делінген: «Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Ұйымдастыру Комитеті атап көрсетеді: 1939 жылы 20-тамызда КП/б/К Орталық комитеті мен Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советінің «Сауатсыздар мен шала сауаттыларды оқытудың барысы туралы» қаулысының шешімдерін аудандық советі атқару комитеті мен аудандық білім беру бөлімдері сауатсыздық пен шала сауаттылықты жоюға саяси мән бермеді.
Облыс бойынша ересектерді оқыту жоспары орындалмау қаупі бар. Аудандық советі атқару комитеттері мен аудандық білім беру бөлімдері бұл шешімді орындауда шын мәнінде жауапсыздық танытты. Соның салдарынан, облыс бойынша оқуға тиісті 24 295 сауатсыз бен 22 502 шала сауаттылардың орнына бар болғаны тиісінше 88 827 сауатсыз, 5307 шала сауатты қамтылды. Жамбыл ауданында сауатсыздар мен шала сауаттылардың 8 пайызы ғана қамтылған. Шуда – 27, Красногорда оқуға тартылғандар 43 пайыз ғана болған. Бұл көрсеткіш Свердлов ауданында – 19 пайыз.
Осы мәліметтерден-ақ облыс аумағында сол кезде хат танитындар шамалы болғаны белгілі. Бұл жұмысты жүргізушілердің өздері бүгінгі деңгеймен салыстырғанда білімі айтарлықтай жоғары емес еді. Дегенмен де алдыға қойған мақсат, міндет қалайда болса сауатсыздардың санын азайтуға үлесін қосқаны анық. Сауатсыздар мен шала сауаттыларды оқыту көп жағдайда кешкілік өмірі бітпейтін колхоздың жұмысынан кейін жүргізілді. Осы орайда сол кезде қоғамдық жұмыстарды жүргізу орталығы – мешіттер болғанын да жоққа шығаруға болмайды.
Телефон байланысы, жол қатынасы облыс басшыларының басын ауыртты. Жамбыл қаласында 200 нөмірлік қана телефон станциясы жұмыс істеді. Денсаулық зор байлық екенін билік түсінді. Алайда қалыптасқан жағдай облыс басшыларын тығырыққа тіреді. Мәселен, 427-қордың 1-тізімдемесінің 7-ісінің 1-парағында облыста балалар дәрігерлерінің жетіспейтіндігі айтылған. 1939 жылдың 30-қазанындағы мәлімет бойынша облыста 12 ғана балалар дәрігері жұмыс істеген. Мұрағатта сақтаулы құжатта қай ауданда, қай ауруханада жұмыс істейтін дәрігерлердің аты-жөніне дейін жазылған. Жылдың аяғында балалардың арасында қызылша ауруы кеңінен тарады. Осыған күрес бір сәт те тоқтатылмағаны айтылған. Балалар бақшаларында, балалар асханасындағы жұмыс күнбе-күн бақылауға алынған. Денсаулық сақтаудың басқа да салаларының көрсеткіштері өте төмен болды. Акушерлік пункттер аз екендігі әрқашанда еске салынды. Облыста төсектік орны жоқ 19 акушерлік пункттер ұйымдастырылды. Тәжірибеге колхоздық перзентханалар деген енгізілді. Олардың саны 1939 жылы 22 болды. Бүкіл облыс бойынша 46 төсектік 4 перзентхана жұмыс істеді.
Совет үкіметінің орнағанына 20 жылдан асса да, түйіні шешілмеген мәселелер көп екендігі анық болды. Сондықтан да сол жылдары басшыларға қойылатын талап күшейтіліп, олардың жауапкершілігі тұрақты түрде назарда болды. Талаптың күшейтілуі кадрлардың жиі-жиі ауысуына да ықпал жасағандығын жоққа шығаруға болмайды.
Бұқаралық ақпараттың ықпалдылығын арттыру бағытында сол кездегі облыс басшылары алғашқы күннен жұмыс жүргізді. 1939 жылы облыс құрылғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары туралы екі құжат ерекше назар аударады. Біріншісі – жоғарғы органға жолданған анықтама болса, екіншісі – орыс тілінде облыстық газет жоқ екендігі туралы хабар. «Жамбыл қаласында (Қазақ ССР-і) Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Жамбыл облысы бойынша Ұйымдастыру Комитетінің органы облыстық қазақ тіліндегі «Колхоз Жолы» газеті 1940 жылға дейін 3300 данамен шығарылып келді» (282- қор, 1- тізімдеме, 1-бума, 20- іс, 1-бет). Алайда орыс тіліндегі газет шығару қиыншылығы болған. Бұған 1939 жылдың 22-желтоқсанында КП /б/ К Орталық Комитетінің Жамбыл облысы бойынша Ұйымдастыру комитетінің хатшысы М.Ткаченконың Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне жолдаған хаты дәлел. «Жамбылда орыс тіліндегі газетті ұйымдастыру созылып барады. Біздің облысымызда белгілісі бірде-бір орыс газеті шығарылмайды. Сондықтан да газетте қызмет ететін қызметкерлерді жергілікті жерлерден іріктеу мүмкіншілігі жоқ. Газетті шығару үшін кем дегенде 5-6 қызметкер (редактордың орынбасары, партия, насихат, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, совет құрылысы бөлімдерінің меңгерушілері) қажет. Әзірше бізде тек редактор ғана бар. Осыған орай КП /б/К ОК бюросының 21-қазандағы шешімінде жаңа газеттерді ұйымдастыру туралы былай деп жазылған: «КП/б/К ОК кадрлар бөліміне үш күннің ішінде номенклатуралық редакция қызметкерлерін КП /б/К ОК-ң бюросына бекіту үшін және оларды жұмыс істейтін жерлеріне жіберу тапсырылсын». Алайда шешімнің бұл тармағы бүгінге дейін орындалған жоқ. Баспахана базасы өте ауыр жағдайда. Жамбылдағы шағын баспахана күн сайын шығатын екі облыстық газетті басып шығаруға қауқарсыз».
КП /б/ К ОК шешіміне сәйкес баспасөз істері жөніндегі басқарма жаңа облыстық газеттерді баспахана базасымен және қағазбен қамтамасыз етулері керек еді. Баспасөз істері жөніндегі басқарма Жамбыл баспаханасына қазір Алматы қаласында жөндеуде тұрған ескі басу машинасын және газет шрифттерінің жиынтығын бөлді. Сонымен бірге, терімшілер жетіспейді. Баспаханада 10 жоғары кәсіби қызметкер бар, ал қажеті – 30.Тап қазір облыстық газеттер сайлау науқаны кезінде қыруар міндеттерді шешуге негіз қалайтыны сөзсіз» деп хат жолдаған (282- қор, 1- тізімдеме, 1-бума, 20- іс, 2-бет)
Жамбыл облысын құру туралы СССР Жоғарғы Советінің қаулысы қабылданғаннан бес айдан соң 1940 жылдың 3-7-наурыз аралығында Жамбыл облыстық партия конференциясы өтті. 7-наурызында Жамбыл облыстық партия комитетінің пленумында ұйымдық мәселелер қаралды. КП/б/К облыстық комитетінің бірінші хатшысы болып Ткаченко, екінші хатшысы болып Борашев, насихат жөніндегі хатшысы болып А.Джакишев, кадр жөніндегі хатшы болып Акентьев сайланды. Облыстық партия комитетінің бюро мүшелері болып, бірауыздан М.Ткаченко, У.Джумагулов, С.Борашев, И.Иванов, А.Джакишев, М.Филиппов, А.Акентьев сайланды. Облыстық партия комитетінің бюро мүшелігіне кандидат болып И.Есин және П.Калюта сайланды.
Деректер бойынша 1940 жылы 1939 жылмен салыстырғанда жалпы ішкі өнім мемлекеттік өнеркәсіп орындары бойынша 18,7 пайызға және өнеркәсіп кооперациялары бойынша 24,8 пайызға өсіру белгіленген. 1940 жылы өнеркәсіп орындарында еңбек ететіндердің саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,4 пайызға, еңбек өнімділігі 9 пайызға өседі. Сонымен бірге мемлекеттік кәсіпорындарда жалақы қорын 13,7 пайызға, өнеркәсіп кооперациясында 9 пайызға өсіру белгіленді.
Өнеркәсіп кәсіпорындарында күрделі құрылыстың көлемі 3361,4 мың сомға жетіп, халық шаруашылығының негізгі салаларында көптеген құрылыс жұмыстары атқарылады. Бұл саладағы ең күрделі құрылыс Жамбыл қаласындағы спирт зауытында жобалық құны 450 мың сом болатын ликер цехын салу болып табылады. 1940 жылы саланың барлық буындарында өсім болуы белгіленген. 1939 жылмен салыстырғанда егіс көлемі 10,4 пайызға өсетіндігі айтылды.
Байланыс облыста өте нашар болды. Жамбыл қаласында төрт және ауылдарда екі телефон станциясы іске қосылады. Осыған байланысты қалада – 129, ауылдарда – 258 километр телефон желілері тартылады. Жергілікті бюджеттерден ішкі телефон байланысын жақсартуға 180 мың сом бөлінсе, радио желілері үшін де осыншама қаржы қарастырылды. 1940 жылы Көктерек және Луговой аудандарында радио хабарлары іске қосылады.
1939-1940 жылдарға қатысты құжаттарды СССР соғысқа дайындық жұмыстарын осы жылдары да қарқынды жүргізгенін көрсетеді. Сонымен бірге құжаттарда, оның ішінде құпия құжаттарда машина-трактор станцияларында (МТС) еңбек ететін механизаторларға бронь беру, яғни соғыс бола қалған жағдайда майданға шақырмау туралы нақты деректер бар. Мәселен, 201-қордың 1-бумасының 9 ісі сақтаулы құжаттарда соғысқа алынбайтын, қолына бронь берілген механизаторлардың есімдері толық жазылған. Бір ғана Жамбыл машина-трактор станциясында еңбек ететін елу төрт механизаторға осындай бронь берілген. Олар өздерінің соғысқа алынбауы жөніндегі броньдары бар екенін тек Ұлы Отан соғысы басталғанда ғана білді.
Мақұлбек Рысдәулет,
Қазақстанның Құрметті журналисі