Алқап тұрғындарының қуанышы

Тараздағы «Шөлдала», «Химик» алқаптарының тұрғындарын көптен бері толғандырып жүрген мәселелер шешімін табуда. Айталық, енді мұндағы тұрғындар 25 қарашадан бастап электр энергиясының 1 кВт-ына 15,05 теңгеден төлейді.

Бүгінде тұрғын үйлерді абоненттеу жұмыстары басталған. Айта кету керек, жарыққа қарызы жоқ үйлер алдымен абоненттелмек. Осы орайда халыққа тағы бір жеңілдік – бұған дейін қордаланған қарызы барларға бөліп төлеу де (рассрочка) қарастырылған. Демек, халық тұтынатын электр энергиясы желілерін қалалық әкімдік өз жауапкершілігіне алып отыр. Абоненттеу жұмыс- тары аяқталғанға дейін жарыққа төлемақыны әкімдік тарапынан бекітілген мамандар жинайтын болады. Абоненттеу 100 пайызға аяқталған соң, «АСКУЭ» есептеу құрылғысы орнатылып, азаматтар түрлі қосымшалар арқылы төлем- ақы жасауға мүмкіндік алады.
Бұған тұрғындар да дән риза. Шаһар тұрғыны Аманбай Қозыбағаровтың айтуынша, алқаптағы кейбір мәселелердің қордаланғанына біраз жылдың жүзі болған.
– Соңғы уақыттарда алқаптарға айрықша назар аударылуда. Соның нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Әсіресе электр энергиясының бағасын арзандатуы халыққа жасалған үлкен қолдау деп білемін. Қазір жан-жақтан қымбатшылық қысып барады. Сондай уақытта үйінің жарығын төлеу де кей отбасыларға едәуір салмақ түсіреді. Сонымен қатар бұрыннан жарыққа берешегі бар азаматтарға қарызын бөліп төлеуге мүмкіндік беріліп отыр. Сөзден іске көшу деген – осы. «Әкім бол, халыққа жақын бол» дейді халқымыз. Билік өкілдерінің бұқараға біртабан жақындап, тірлігінің тіктелуіне сеп болуы кімді болса да қуантады. Бұдан басшылар да ұтпаса, ұтылмасы анық, – дейді зейнеткер.
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің аталған аумақтардың тұрғындарымен кездесуінде өзге де мәселелер көтерілді. Басқосуда алқаптарды үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету, ауыз су құбырларын жүргізу, газ тарту, қоғамдық көліктің қатынауы, жол жөндеу мәселелері қозғалды.
Облыс орталығындағы 28 саяжай мен «Құмшағал», «Шөлдала», «Қызыл-Абад», «Көлтоған», «Жиделі» алқаптарын орталықтандырылған су жүйесіне қосу үшін құбырлар тартылып жатқан көрінеді. Бұл жұмыстар 2023 жылы аяқталып, тұрғындар таза ауыз суға қол жеткізбек.
Аумақтарға газ да тартылып жатыр. Дегенмен тұрғындар бұл жұмыстардың баяу жүріп жатқанын айтуда. Мердігер алдымен арнайы комиссияның оң шешімі болу қажет екендігін алға тартуда. Бірақ комиссияның барлық үйді бірден тексеруге мүмкіндігі жоқ. Сол үшін шаһар басшысы жауапты орынбасарға келесі аптадан бастап әкімдік мамандарын аталмыш жұмысқа қосып, тездетуді тапсырды.
Қоғамдық көлік қатынау мәселесі де өзекті. Тұрғындар 40 және 54-ші автобустарды алқап ішімен жүргізуді сұрайды. Бүгінде қалада автобус тапшылығы бар екендігі рас. Дегенмен тасымалдаушы мекемелермен аумақтарға автобус жүргізу бойынша келіссөздер жүргізілмек.

– Қоғамдық көліктердің мәселесі бізді көптен бері қинап келеді. Автобустар аз болғандықтан ба, олар алқапты айналып өтеді. Алқаптың аумағы кеңейіп келеді. Сондықтан таңертең жұмысқа, сабаққа қатынайтын азаматтар өте көп. Барлығының бірдей жеке көлігі болмағандықтан, автобус тосуға мәжбүр. Соның салдарынан діттеген жеріне мезгілінде жете алмайды. Әсіресе қыстыгүні қараңғы ерте түсетіндіктен, сабақтан қайтқан балаларымыз үйге аман-есен оралғанша жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Өйткені олар автобустан түсіп, үйге жеткенше біршама уақыт өтіп кетеді. Қоғамдық көліктер алқаптың ішімен жүрер болса, біз де еш алаңдамас едік. Бастысы, жанайқайымыз шаһар басшысының құлағына жетті. Алдағы уақытта тиісті шешім қабылданып, оң нәтиже шығады деп үміттенеміз, – дейді алқап тұрғыны Дүйсенкүл Керімбекова.
Сонымен қатар тұрғындардың емхана, банкомат, полиция пунктін орнату қажеттілігі туралы ұсыныстары да назарға алынды. Барлық мәселе хаттамаға енгізіліп, кезең-кезеңімен заң аясында шешімін табатын болады.

Аумақтық округтерде де мәселе аз емес

Шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков №8 аумақтық округ тұрғындарымен де жүздесті. Алдымен аумақтық инспектор округте атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Айталық, кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге республикалық бюджеттен қаладағы 50 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілуде екен. Сондай-ақ қаладағы қоқыс контейнерлерін орнатуға 10,2 миллион теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта 148 контейнер алыныпты. Осы қаражат негізінде аумақтық округ аулаларындағы коқыс контейнерлері жаңартылмақ.
Кездесу барысында тұрғындар арықпен суару, ағаштарды кесу, 6 шағынауданда қаңғыбас иттер мәселелерін көтерді. Мәселен, №6 ықшамауданда жағалау жасалған, бірақ суару жоқтығы, сондықтан мұнда демалыс аймағы керектігі айтылды. Өз кезегінде халық сауалына тиісті жауап берілді.
Қала аумағындағы арық жүйесі де ескірген. Облыс әкімінің тапсырмасымен өткен жылы қаланың арық жүйесін жаңарту бойынша жобалық құжаттар әзірленді. Қаланың ирригациялық жүйесіне қажетті қаржы көлемі шамамен 3 миллиард теңгені құрайды. 2023 жылғы жұмысқа 1 миллиард теңге қарастырылған. Алдағы ақпан айында жұмыс басталады деп жоспарлануда екен. Жұмыс 3 жылға бөлінбек. Бірінші кезекте ықшамаудандардағы магистральдық каналдар қарастырылады. Шағынаудандардағы науалар жақсы жағдайда. Сәуірдің ортасынан кейін суару маусымы басталады. Соған дейін құбыр өткелдерін тазалау қажет екені белгілі. Бүгінде Комсомол көлін абаттандыру бойынша да мердігерлермен жұмыс жүргізілуде. Көл аумағында суға түсу маусымы ашылады, онда жағажай, аквапарк болмақ. Екі аймақты біріктіретін жаяу жүргіншілер өткелі де салынбақ. Қазір жоба дайындалуда. Тағы бір айта кетерлігі, шаһар сыртында екі питомниктің құрылысы жүріп жатыр. Иттерді ұстау да үнемі бақылауда.
Қалада 1 300 контейнер болса, оның 800-і ескірген. Қазан айында 148 жаңа контейнер алынса, қарашада тағы 97 контейнер орнатылмақ. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша атқарылатын барлық жұмыс кезең-кезеңімен орындалатын болады.
Келесі кезекте Бақытжан Әмірбекұлы №9 аумақтық округ тұрғындарының құлақ түрді. Әуелі аумақтық инспектор округте атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Аумақтық округте бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтсақ, Сейфуллин көшесінің бойында Жамбыл ауданының Таразға тарту сквері салынып, онда тұрғындарға қолайлы жағдай (балалар ойын алаңы және спорттық жаттығу құралдары) жасалған. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, ойын алаңы мен кіші үстел теннисі, спорттық турниктер орнатылған. Тәуке хан даңғылы бойында «Велотрек» және серуендеуге арналған сквер құрылысы аяқталды. Велотрек бойында теннис үстелі, дене шынықтыруға арналған құрылғылар бар. «Тараз қаласы 3-бұрылыс, Менделеев, 15 үй ауласында ойын алаңы мен спорттық жаттығу құралдары пайдалануға берілген. Тәуке хан көшесінде спорт кешені де есігін айқара ашыпты. Сондай-ақ Елібаев көшесін Қонаев 1-бұрылысымен Студенческий өткелімен бірге, Клубная көшесін бұрылыстарымен бірге, Гоголь көшесінен Құмшағал өткеліне дейін орташа және күрделі жұмыстар жүргізілген. Гоголь, Гоголь көшесінің бұрылысы, Кулибин, Ақмолда батыр, Жандосова, Клара Цеткина көшелері де жарықтандырылған.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан көшелерді асфальттау, жарықтандыру, иесіз иттер мәселесі мен балалар ойын алаңшасы, қоқысты уақытылы шығару, аялдама орнату, қоғамдық көлік қатынауы бойынша мәселелер қозғалды. Шаһар басшысы тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, алда атқарылатын жұмыстардың жоспарымен бөлісті.
2023 жылы жоспарға сәйкес қала аумағында 120 көше мен бұрылыстарға асфальт жабындысын төсеу жоспарлануда. Көшені асфальттау бойынша Саңырақ батыр көшесін қайта жаңғырту жұмысы іске асырылмақ. Жаңғырту жұмысынан соң Саңырақ батыр көшесі 4 жолақты болып ел игілігіне беріледі. Сонымен қатар осы көше бойындағы аумақ абаттандырылады.
Аялдамаларды орнату бойынша келер жылы шаһарда 50-ге жуық жаңа аялдама орнату көзделген. Аталған аумақ бойынша тұрғындар сұранысына сәйкес, Тәуке хан көшесіне аялдама орнатылады.
Кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар жүктелді.

Comments (0)
Add Comment