Жаңа оқу жылына санаулы күндер қалды. Үйдегі сауданы базардағы баға билеп тұрған заманда балаларды мектепке дайындау әрбір ата-ана үшін қиынның қиыны. Осы ретте көпке көмегін тигізіп, балаларға аялы алақанның жылуын сездіріп жүрген «Мектепке жол» акциясының тигізер шарапаты мол.
Әлемдік пандемияға байланысты биыл араға екі жыл салып Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясына қайта жан бітірді. Балалар жылында бұл акция «Мектепке жол – Шекарасыз жақсылық» ұранымен өтіп жатыр.
Акцияның мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін әлеуметтік көмек көрсету. Жалпы акцияның 10 жылында 2 миллионнан астам балаға материалдық көмек көрсетілген.
– Балаларды жаңа оқу жылына дайындауға кез келген адам көмектесе алады. Осылайша әлеуметтік себептермен балалардың мектепке бармауының алдын аламыз. Әрбір мектепте әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың атаулы, жеке тізімдері жасалған. Білім беру ұйымдарында «жедел желі» үздіксіз жұмысы ұйымдастырылған. Қиын өмірлік жағдайға тап болған барлық бала мен ата-ана көмек сұрай алады. Өз кезегінде бейжай қарамайтын азаматтар, кәсіпкерлер, меценаттар акцияға қосылып, мұқтаж жандарға қол ұшын соза алады, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.
Осыған орай өнегелі істің басы-қасында жүрген «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының қызметкерлері жаңа оқу жылы қарсаңында оқушыларға көмектесіп, көпке үлгі көрсетті. Айтулы акцияға «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Алтай Аралбайұлы, «Қазсушар» РМК қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Қалыбек Құдайбергенұлы және ұжым қызметкерлері қатысты. Алтай Аралбайұлы ата-аналарға қаржылай көмек көрсетіп, мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің болашағына сәт сапар тіледі. Сондай-ақ балғындар келешекте қоғамның гүлденуіне, еліміздің дамуына өз үлестерін қосатындықтарына сенім білдірді.
Су шаруашылығы саласы қызметкерлері тек «Мектепке жол» акциясы аясында ғана емес, әрдайым балаларға қолдаушы болып келеді. Айталық жергілікті кәсіподақ ұйымы мекеме қызметкерлеріне емдеу-сауықтыру орындарына жолдама беру, мекеме қызметкерлерінің балаларын лагерьлерге демалысқа жіберу, ұжымдағы жалғызбасты аналарға, көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету шараларын тұрақты ұйымдастырып тұрады.
Өз кезегінде атымтай жомарт азаматтарға ата-аналар алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді.
Сауапты шара жоспарына сәйкес атқарылатын жұмыстар ағымдағы жылдың 1 тамыз – 30 қыркүйек аралығында ұйымдастырылатын болады. Науқанға кез келген адам қатыса алады. Қатысушылар мұқтаж отбасылар мен балаларға қолдау көрсете алады немесе керісінше көмек сұрауға болады. «Мектепке жол» акциясына қатысу үшін Білім басқармасы мен бөлімдерге хабарласу қажет.
Жұматай Көксубайұлы