Имандылық адам баласын тек қана игілікке жетелейді. Егер иман тамыры терең ағаш болса, ізгі амал оның саялы жапырағы мен тәтті жемісі іспетті. Байқасаңыздар, қасиетті Құранда Алла Тағала қай жерде «Иман келтіргендер…» деп тіл қатса, артынша дереу «…және ізгі амал жасағандар» деп, бұл екеуін егіздің сыңарындай қатар атаған. Бұл бізге нені аңғартады? Бұл мұсылманның дәрежесі тек жақсылығымен, қоғамға тигізген пайдасымен өлшенетінін білдіреді.
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Сондай-ақ иман келтіріп, игі іс істейтіндерге келсек, Біз игі істер істейтіндердің сауабын әсте зая етпейміз», – деген («Кәһф» сүресі, 30-аят).
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде: «Мәйіттің соңынан үш нәрсе ереді. (Соның) екеуі кері қайтады да, біреуі онымен бірге қалады. Оған еретіндер: отбасы, мал-мүлкі және амалы. Оның отбасы мен мал-мүлкі кері қайтады, ал амалы онымен бірге (қабірде) қалады», – деген (имам Бұхари).
Қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде Алла Тағалаға ұнамды деп танылған ізгі амалдың түрлері жөнінде айтылған. Олардың негізгілері мынадай:
Исламның бес шартының әуелгісі иман болса, екіншісі – намаз. Алла Тағала қасиетті Құранның 87 жерінде намаз оқуды бұйырып, оның адам баласы үшін маңыздылығына ерекше назар аударған. Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Мен Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Амалдардың қайсы бірі Алла Тағалаға ұнамдырақ», – деп сұрадым. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уақытында оқылған намаз», – деп жауап берді…» – деген (имам Бұхари, Муслим).
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Сондай ер жігіттер бар, олардың күнкөріс көзіне айналған саудалары да, (күнделікті) алу-сату істері де оларға Алланы еске алуына, намазды (кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытында) оқуына және зекетті (толық) беруге бөгет болмайды…» – деген («Нұр» сүресі, 37-аят).
Дін мен дәстүрін ұштастыра білген бабаларымыз да қилы да қиын замандардың өзінде бес уақыт намазына берік болған. Сол себепті де ақын-жырауларымыздың насихаттарында бес уақыт намаз жайында көбірек тілге тиек етілген.
Хакім Абай атамыз:
«Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс», – деп, исламның бес тірегі саналатын ғибадат-құлшылықтарды түгелімен орындауды өсиет еткен.
Бірде ардақты сахаба Абдулла ибн Масғұд (Алла оған разы болсын) базар аралап жүреді. Қайнаған тіршілік, қызған сауда… Кенет азан дауысы естіліп, намазға шақырған үн қалаға жайылады.
Сол сәтте Ибн Масғұд (Алла оған разы болсын) ерекше бір көрініске куә болады. Жаңа ғана саудамен айналысып, алу мен сатудың қызығына батып жатқан саудагерлер азанды естіген бойда қолдарындағы дүниелерін тастай салып, жаппай орындарынан атылып тұрады. Олардың ешқайсысы саудасын аяқтауды күтпестен, барлығы бір кісідей мешітке, намазға қарай асығады.
Олардың мына ғибратты әрекетіне сүйсіне қараған Абдулла ибн Масғұд (Алла оған разы болсын): «Міне, дәл осылар – Алла Тағаланың Өз Кітабында арнайы мақтап, еске алған адамдары!» – деп, «Нұр» сүресінің 37 аятын меңзеп, олардың шынайы тақуалығына куәлік берген екен.
Кез келген адам үшін дүниеде ең қымбат жандар – оның ата-анасы. Сондықтан да асыл дініміз адам баласына ата-анасын құрметтеп, сыйлауға, қолынан келер жақсылықты жасауға, оларды риза етіп, ақ батасын алуға бұйырған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында», – деген (имам Тирмизи).
Сахабалардың ата-анаға деген құрметі қандай еді? Ізгілердің ата-анаға жақсылығы қандай болған? Расында, бұл өте ұлы нәрсе еді. Мысалы, әйгілі табиғин Уруа ибн әз-Зубәйр сәждеде жатқан сәтінде ата-анасы үшін: «Уа, Алла! Әз-Зубәйр ибн әл-Аууам мен Әсмә бинт Әбу Бәкірді жарылқай көр (кешіре гөр)!» – деп дұға жасайтын.
Аз да болса үзілмей, әрдайым жасалып тұратын ізгі амалдар – Алла Тағалаға ең ұнамды амалдар қатарына жатады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағалаға ең ұнамды амалдар – аз болса да үздіксіз (тұрақты түрде) жалғасатыны», – деген (имам Бұхари, имам Мүслим).
Имам Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын) осы хадиске түсініктеме бере отырып: «Бұл хадис амалдарда тұрақты болуға шақырады, сонымен қатар бұл жерде кішігірім, бірақ тұрақты іс, үлкен, бірақ тұрақты емес істен гөрі абзал екені айтылады. Үнемі жасалынатын кішігірім амал, үлкен әрі тұрақсыз амалға қарағанда әлдеқайда көп пайда әкеледі», – деген.
Демек, күнделікті әр түні оқылған екі рәкағат нәпіл намаз, бір мәрте ғана көп оқылған нәпіл намаздан әлде қайда артық. Бір мәрте ғана берілген үлкен садақадан, аз да болса, әрдайым, үзілмей беріліп тұратын садақа артық. Ендеше, мұсылман адам қандай да бір жақсы амалды аз мөлшерінде үзбей жасауға тырысуы қажет.
Уақыт – зымырап өте шығатын керуен. Кешегі күн – тарих, ертеңгі күн – жұмбақ, ал бүгінгі күн – бізге берілген мүмкіндік. Сондықтан «Ертең істеймін» деген алдамшы үмітпен өзімізді алдамайық. Өйткені қабірстан – ертең тәубе етемін, ертең намаз бастаймын, ертең жақсылық жасаймын деген жандарға толы. Бірақ оларға сол «ертең» ешқашан келген жоқ.
Азамат АБДИКЕРИМҰЛЫ,
дінтанушы