Қайтарымсыз қаржы қалай таратылды?

«Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен байқау мәресіне жетіп, 158 жамбылдық жас кәсіпкер 324 миллион теңгенің қайтарымсыз грантын жеңіп алды. Алайда комиссия мүшелері мен қатысушылар байқау нәтижелеріне көңілі толмай, әлеуметтік желіде наразылықтарын білдірген болатын.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Орын алған олқылықтар өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз брифингінде кеңінен талқыға салынды. Баспасөз жиынына Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшылығы және байқаудың комиссия мүшелері қатысты.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл сайын кәсібін дөңгелетіп, іс қыламын деген азаматтарға түрлі мүмкіндіктер беріліп келеді. Биылғы грант сомасы өңірде былтыр жүзеге асқан «Jas Project» жобасына бөлінген қаражаттан 3 есе артық. Сондықтан болар байқауға өтініш бергендердің санынан көз сүрінеді. Нақтырақ айтқанда, 466 жас конкурсқа қатысуға ниет білдірсе, оның 21-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Байқауға бөлінген қаражат та қомақты – 324 миллион теңге, яғни әр кәсіпкерге 3 миллионнан тиеді. Алайда миллионнан үміткердің шотында аталған соманың 10 пайызы болуы тиіс. Талап сондай.

Негізгі бағыт – инновациялық идеяларды жүзеге асыру. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 19 сәуірдегі №234 қаулысымен бекітілген қағида талаптарына сәйкес, грант алуға үміткер кәсіпкерлердің өтінімдерін іріктеу арнайы құрылған 17 адамнан тұратын конкурстық комиссия тарапынан жүргізілді. Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Қаржауов комиссия төрағасы болып бекітілген. Конкурс барысында комиссия мүшелерінің түгел қатысуымен 7 отырыс өткізілді. Әрбір отырыс барысында грантқа өтінім беруші өзінің бизнес-жоспарын ұсынып, жобаның қажетті қаржыландыру көлемі мен тиімділігін дәлелдей отырып қорғап шығуы тиіс болған. Комиссияның әрбір мүшесі ұсынылған жобаны қолдап немесе оған қарсы дауыс беріп, санау нәтижелері бойынша 158 жеңімпаз анықталған. Оларға көп ұзамай тиесілі гранттары берілмек.

Брифинг барысын бақылап, көкейдегі сұрақтарын қоюға байқау грантына үміткер болған бірнеше кәсіпкер, олардың туыстары, тіпті кейбір комиссия мүшелері де арнайы келді.

– Байқауға өңір кәсіпкерлері үлкен қызығушылық танытты. Алайда биыл өтінімдердің саны жылдағыдан көп. Белсенділіктің себебі грантқа бөлінген қаражаттың молдығынан деп ойлаймын. Дегенмен біз ұсынылған әрбір жобаны мұқият зерттеп, ең үздіктерін іріктеп алдық, – деді Дамир Егізбаев.

Комиссия мүшесінің бұл мәлімдемесі жиынға қатысушылардың наразылығын тудырды. Олардың пайымдауынша, байқаудың ұйымдастыру жұмыстарында, жеңімпаздарды анықтау барысында олқылық пен кемшілік көп. Себебі кейбір комиссия мүшелерінің өзі жеңімпаздар тізіміне қол жеткізе алмай жүр. Ал баяндамашыларға ең бірінші болып сауал қойған жас кәсіпкер, мүгедек жастар қоғамдық бірлестігінің өкілі Севара Нұрматова аталмыш байқау туралы мүлде хабарсыз болғанына қынжылады. Ұйымдастырушы тарап бұл тұста жас кәсіпкердің бұл сауалына басқарма мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік желідегі парақшаларын, мерзімді басылымдарды назарда ұстау керектігін айтты.

Конкурстың өткізілу тәртібіне үлкен наразылық білдіргендердің қатарында кәсіпкер Мамыржан Асатуллаев та болды. Ол былтырғы жылы өңірде «Jas Project» жобасын сәтті іске асырған еді. Бұл байқауға өзінің қатыспағанын, бірақ екі әріптесінің сенімді өкілі ретінде бизнес жобаны қорғауға атсалысқанын жеткізді.
– Біріншіден, комиссияның көптеген мүшелері жобаларды таныстыру кезінде орындарынан табылмағанын бірден атап өткім келеді. Қорғау кезінде үміткерлерге көңіл бөлінбегенін де айтпай болмас. Екіншіден, байқауға Кәсіпкерлер палатасы қызметкерлерінің қатысуы жөнсіз және әдепке сай емес деп есептеймін. Өйткені олардың басшылары конкурстық комиссия құрамында отырды және оларға деген көзқарасы объективті болған жоқ. 19 шілде күні Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының қалалық бөлімінде қызмет істейтін бір маман бізге жеңімпаздардың алғашқы тізімін ұсынды, олардың ішінде Кәсіпкерлер палатасының 10 қызметкері көрсетілген. Сол күні бізге тізім берген маман белгісіз себептермен жұмыстан босап қалды. Ал біздің қолымызға осы күнге дейін жеңімпаздардың есімдері мен жобалары бар нақты тізім ұсынылмай отыр. Бұл ретте мен ұйымдастырушыларға жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын гранттардың кімге берілетінін білуге толық құқымыз бар екенін айтқым келеді, – деді Мамыржан Асатуллаев.

Кәсіпкерлер палатасы мамандарының дәл осы байқауға қатысуы әдепке сай емес екенін Дамир Егізбаев жоққа шығарған жоқ. Ал комиссия мүшелерінің тең жартысы жобаларды қорғауға арналған отырыстарда орындарынан табылғанын кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жандаулет Кенжебек растады. Алайда көпшілік мұның өзі үлкен заң бұзушылық екенін жарыса айтып жатты. Комиссия төрағасы Олжас Қаржауов өз қарамағындағы мамандардың есімдерін тізімнен көріп, оларға байқауға қатысудан бас тартуларын өтінген. Алайда заңға сәйкес мәжбүрлей алмағанын жеткізген Қаржауов мырза өз мамандарына комиссия жұмысы кезінде дауыс беруден бас тартқанын айтып ақталды.

Баспасөз жиынында журналист Айжан Әуелбекова арнайы тікелей эфир жүргізіп, онда Айжан Хабибуллаева есімді желі қолданушысынан келген бірнеше сауалдарды жария етті. Хабибуллаева ханым гранттардың инновациялық жобаларға бөлінгеніне күмән келтірген. Айтуынша, жеңімпаздар қатарында жылыжай жабдықтау жөнінде жоба ұсынған үміткерлер бар. Сондай-ақ байқау шарттарын өрескел бұзатын тағы бір дерек, гранттарға өзге өңірлерде тұратын, алайда уақытша Жамбыл облысы аймағына тіркелген кәсіпкерлер де ие болған. Алғашқы сауалға баяндамашылар тарапынан мүлде жауап болған жоқ. Ал екінші сұрақ бойынша ұйымдастырушылар барлық жобалардың өңірде жүзеге асуына «Даму» қоры мониторинг жүргізіп, кезең-кезеңімен мәлімет беріліп отыратынын жеткізді.
Сондай-ақ брифингте дауыстарды санауда ашықтық пен адалдық қағидалары сақталмағаны туралы мәселе қойылды. Байқауға қатысушылар мен олардың өкілдері ұйымдастырушыларға конкурсты қайта өткізу жөнінде өтініш білдірді. Алайда комиссия төрағасы мен баяндамашылар талапқа сәйкес бұл ұсынысты орындау мүмкін емес екенін алға тартты. Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Олжас Қаржауов байқауды өткізу кезінде кемшіліктердің болғанын, келесі жылы бұл жағдайлар ескерілетіндігін айтты. Дегенмен брифингке қатысушылар мұндай қаржылық қоры бар байқаудың келесі жылы ұйымдастырылатынына күмән келтірді. Сондай-ақ байқаудағы заң бұзушылықтар мен өрескел қателіктерді дәлелдеп, айқындау үшін прокуратура мен жоғарғы өкілетті органдарға шағым түсіретіндерін де хабарлады.

Жастар жылында өңірде осындай олқы тірліктердің орын алып жатқаны орынсыз-ақ. Жағдайдың ақ-қарасын анықтау біздің құзырымызда емес. Өкініштісі сол, брифинг нәтижесінде ешкім көкейдегі сұрақтарына ашық әрі нақты жауап ала алған жоқ. Ұйымдастырушылардан да қайран болмады. Енді бұл мәселенің жай-жапсары қалам иелерінің жіті бақылауында болатыны анық.

Comments (0)
Add Comment