Қайсарлық – қос фильмнің өзегі

Шаһарымыздағы киноиндустрия саласы күн сайын жаңа белестерді бағындырып келеді. Оған күні кеше ғана көрерменге жол тартқан «No limits», «Қайсар» аталатын «Taraz Film School» киномектебінің өнімдері дәлел.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
Суреттерді түсірген Ю.КИМ

Қос бірдей қысқа метражды фильмнің тұсаукесер рәсімі облыс орталығындағы «Astana Park» кинотеатрында өтті. Шаһардағы көрермендер мен өнерсүйер қауымды, БАҚ өкілдері мен қала басшылығының басын қосқан шарада аталмыш киномектептің тәлім алушылары марапатталып, өздері сомдап шыққан рөлдерді экран арқылы тамашалауға мүмкіндік алды.
«Taraz Film School» киномектебі өз жұмысын 2017 жылы бастаған-ды. Жас режиссер Дәурен Қамшыбаев пен Тараз қаласы әкімдігінің жастар ресурстық орталығының директоры Нұрлан Қанатов бірлесе ұйымдастырған жоба аясында бүгінде таланты мен талабы зор жас кино мамандары осы өнердің қыр-сырына қанығып, елімізді әлемдік кино саласының биігіне көтеруді мақсат тұтқан. Мектептің тәлім алушыларының барлығы – 19-20-дағы өрімдей жастар. Бірақ бойларында болашаққа деген үміті зор, идеяға бай. Оны біз тұсаукесер барысында аңғардық.
Көрермен назарына ұсынылған туындылар «No limits» және «Қайсар» деп аталады. Алғашқы туынды бар ғұмыры үлкен күрестен тұратын, тағдырдың асау толқынына төтеп беріп, өз салаларында жетістікке жеткен қайсар балалар хақында. Фильмнің үш кейіпкері де балалардың церебралды сал ауруы дертіне шалдыққан. Алайда бұл олар үшін кедергі емес. Қол күрестен ҚР чемпионы Адам Хабиев деректі фильм барысында спортқа ден қойып, жаттығу залына келген кездегі бастан өткерген қиындықтарымен бөліседі. Ал жастайынан қалам мен қағазды жанына серік етіп, бірнеше кітабын жарыққа шығарып үлгерген Умидахонның тағдыры тараздықтарға етене таныс. Фильмде кейіпкер өзінің алға жылжуына мұрындық болып, биікке самғауға қанат бітірген анасына алғыс айтады. Камера арқылы ішкі толғанысын паш еткен келесі кейіпкердің есімі – Исаак Мустопуло. Дәуірдің дара астрофизигі, құпияға толы аспан әлемінің мың сан сырларын зерттеуге зор үлес қосқан Стивен Хокингпен кездесу бағы бұйырған кейіпкер арман адамды әрдайым алға жылжытатын қуат екенін баршаға ұран етіп тастайды. Көрермен 3 кейіпкердің де өмірге деген зор талпынысынан тағылым алып, жас өрендерге тілекші болды. Сипаты қысқа метражды болғанымен, фильмнің көтерген мәселесі, салмағы расында ой саларлық. Бес күн жалғанның қадірін біліп, тіршілік қылудың бағасын байыптауды үйрететін туынды кімді де болсын қалың ойдың жетегінде қалдырады. Кейіпкерлерді түрлі қырынан көрсетіп, кадрларды өзгеше ракурстан алып, дыбыстық деңгейге де ерекше мән берілген фильм эстетикалық жағынан да көпшіліктің көңілінен шықты.
Ал «Қайсар» фильмі шынайы өмірде болған оқиғаның желісімен түсірілген. Сонысымен де мәнді, сонысымен де шынайы. Бір байқағанымыз, туындыда голливудтық шытырман оқиғалы фильмдердің соны тәсілдері көрініс тапқан. Көрермен фильмді «Taraz Film School» киномектебінің «Youtube» желісіндегі каналынан тамашалай алады. Туынды Мадияр Құрманбаев есімді жас актердің жұлдызын жақты. Басты рөлді сомдаған ол бүгінде ТарМПУ студенті. «Мәдени тынығу» мамандығы бойынша тәлім алып жатқан студент аталмыш рөлді сомдау барысында кездескен қиындықтарымен бөлісті.
– TFS мектебіне 2017 жылы кастинг арқылы келдім. Ол кезде оқушы едім. Үш ай актерлік шеберлік бойынша тәлім алған соң түсірілімдерге кірісіп кеттік. «Қайсар» фильмінің түсірілім барысы 5 күнге созылды. Әр күн өзінің ерекше сәттерімен есте қалды. Шыны керек, мен үшін әр жұмыс процесі ғажайып сәтпен тең. Әр кадрдан жаңа тәжірибе жинақтайсың. Бұл фильмде мен басты рөлді сомдағандықтан, үлкен жауапкершілікті сезіндім. Кейіпкеріммен бірге өмір сүрдім десем де болады. Келешекте өз мамандығымды толықтай игеріп, әрі қарай жетілдіру мақсатында білім алудан жалықпай, өзімді түрлі рөлдерде сынағым келеді, – деді жас актер.
Айта кету керек, фильмде белгілі актер, бірнеше отандық туындыларда басты рөлдерді сомдаған Елжас Рахимбеков те төбе көрсетті. Нью-Йорктың кино академиясын тәмамдаған жас талант бүгінде өзін сценарист, режиссер ретінде де сынап жүр. 2018 жылы қазақстандықтарға Америкадағы өмір туралы «Эль Фриман» атты туындысын ұсынған актердің TFS өніміне түсуі жас тәлімгерлер үшін зор мақтаныш екені айтпаса да түсінікті.
Фильмнің тұсаукесеріне арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова тараздық таланттарға тәнті болғанын жеткізсе, қала әкімі Қайрат Досаев ұжымға мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге уәде берді. Өз кезегінде көпшілікпен бірге фильмді тамашалаған ТарМПУ ректоры Ержан Әмірбеков киномектепте білім алатын мектеп оқушыларына 100 пайыздық жеңілдікпен білім грантын ұсынатынын хабарлап қуантты.
«Taraz Film School» киномектебінің негізін қалаушы Дәурен Қамшыбаев өз тәлімгерлеріне қандай талап қоятынын айтып, тәжірибесімен бөлісті. Көрерменге жол тартқан туынды көптің көңілінен шығып жатқанына ризашылығын да білдірді.
– Биыл киномектептің екінші кезеңіне тәлімгерлерді қабылдадық. Өкінішке орай, тәлімгерлердің санының аз болуына байланысты жобаны белгілі бір уақытқа тоқтата тұруға тура келді. Бірақ бұл деректі фильм мен қысқа метражды туындының түсіріліміне кедергі келтірген жоқ. Алдағы уақытта екінші кезеңде кино өндірушілерді, яғни сценарист, режиссер, операторларды тәрбиелейміз деген жоспарымыз бар. «Қайсар» фильмінің түсіріліміне Ішкі саясат басқармасы қолдау көрсетті. Өмірде болған оқиғаның желісімен түсірілген туындыны көрерменге барынша жақсы сапада көрсете алдық деген ойдамын. Фильмнің негізгі өзегі – жастарға мотивация беру, көрерменді өз ісінің шебері атануға талпындыру, қиындықтардан қашпау, – дейді режиссер. Сондай-ақ жас режиссердің тәлімгерлеріне айтқан «Адам жанының қараңғы әлемін өнерлеріңмен нұрландырыңдар!» деген сөзі көпшіліктің жүрегін тебірентті.
Кез келген нәтиже ерен еңбекпен келетінін дәлелдеген ұжымның бүгінде дәріс өткізетін арнайы орындары жоқ. Алайда алдағы уақытта мемлекет тарапынан қолдау болса, тау қопаруға дайын тұрған жас кино мамандарының жоспарлары нық. Жарық көрген кинокартиналардың продюсері, қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрлан Қанатов бұл жобаның ауқымын кеңейтуге барынша күш салып жатқанын айтады.
– Киномектеп жұмысын бастау жас әрі талантты режиссер Дәурен екеуміздің идеямыз болатын. Бірге бірнеше қысқа метражды фильмдер мен роликтер түсірдік. Идея ойымызда дамып жетілген соң бізбен пікірлес, рухтас жастарды бір арнаға тоғыстыру мақсатында мектеп ашу идеясы дүниеге келді. Мектепте негізінен кеңестік және голливудтық кино түсіру технологияларын сабақтастыра үйретеміз. Демеушілердің арқасында бүгінде түсірілім жасауға арналған жабдықтарымыздың қатары толықтырылды. Мүмкіндігіміз мол. Дайын сценарийлер де баршылық. Жобаның ауқымын кеңейтіп, мемлекет тарапынан қолдауға ие болсақ, Тараз қаласы қазақстандық киноиндустрияға түрлі таланттардың легін қосатыны анық. Мен бұған сенімдімін, – деді Нұрлан Сатыбалдыұлы.
Қос кинокартина көрермен көңілін толқытты. Бүгінде «Youtube» видео хостингінде жарияланып, көпшіліктің оң пікірлеріне де ие болып үлгерді. Қағаз бетіне түсіп, өміршең туынды атануға мүмкіндік алған әрбір өнімнің өзіндік моральдық миссиясы болады. «Taraz Film Shcool» түлектері кино әлемінің тетігін тауып, кірпіш болып қаланып жатқаны кеудеде мақтаныш сезімін ұялатады. Шығармашылықтың түрлі қызықтарға әрі қиындықтарға толы даңғыл жолын таңдаған жас кино мамандарынан құралған ұжымға голливудтық белес, «Оскарға» лайықты өнімдер тілейміз.

Comments (0)
Add Comment