Шаһардағы №13 орта мектепте «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарымен кездесу өтті. Шара барысында оқушылар аталмыш жобада үздік деп танылған тұлғалармен тілдесіп, емін-еркін сұқбат құрды.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Оқушылардың шақыруын қабыл алып, арнайы келген жеңімпаздар қатарында Паралимпиада ойындарының алтын медаль иегері Зульфия Габидуллина жастарға өз жетістіктері туралы баяндап берді. Ол – Қазақстанға Жазғы паралимпиада ойындарынан тұңғыш рет алтын алып берген спортшы. Оның әлемнің 12 мәрте рекордсмені әрі ғаламшардың ең мықты 8 жүзгішінің бірі екендігін біреу білсе, біреу біле бермейді. Әулиеаталық тұрғын – еліміздің атын дүние жүзіне танытып жүрген жігерлі тұлға. Оның осы бір жігері жастардың бойына қуат беріп, көпке үлгі болып келеді.
– «100 жаңа есімге» кіретін адам бірінші кезекте елге, туған жерге сіңірген еңбегімен ерекшеленуі керек деп ойлаймын. Мен үшін бұл өте жақсы әрі ерекше жоба болды. Кейде сайттарда жарияланған ақпараттарды оқып отырып, «арамызда осындай азаматтар бар екен-ау» деген ойда қаласың. Мені біздің дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы ұсынған екен. Менен де лайықты азаматтар көп деп санаймын. Дегенмен өзгелерден бөліп-жармай, байқауға қатыстырғандарына қуаныштымын. Жеңімпаз атанып, өз жерлестерімнің бойына үміт ұялата алғаныма дән ризамын, – деді спортшы.
Сондай-ақ жиынға он жеті жастағы тараздық физик Исаак Мустопуло да қонақ болды. Жас ғалым ғарышқа ұшу үшін балама энергия көздерін алу жолын зерттеп, өзіндік теориясын жасап шыққан болатын. Мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан, он жеті жасар ғалым ғылым жолында бұдан да басқа ізденістерге барып жүр. Оның Лондон қаласында әлемге әйгілі физик Стивен Хокингпен кездескені де талайдың қызығушылығын тудырды. Жас ғалым осы уақытқа дейін мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған STEM инновациялары ұлттық конкурсының лауреаты атанып үлгерді. Исаак Британ Кеңесі мен National Agency for Technological Development ұйымдастырған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған STEM ұлттық инновация конкурсында «Үйлесім теориясы» атты видеоролигі үшін арнайы жүлдеге ие болған. Өз видеосында ол ғарыш аппараттары үшін электр қуатын өндіру жолын сипаттап берген. Сондай-ақ өткен жылдың қараша айында Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен «Global IT Challenge 2019» халықаралық конкурсының жеңімпазы атанған. «LG» компаниясының айрықша мұқтаждығы бар балаларға арналған ақпараттық технологиялар саласындағы бұл байқауға 23 елден 300 үміткер қатысты. Жерлесіміз ақпараттық технология саласындағы ең үздік IT-мамандар ішінен «eLifeMap» аталымында топ жарып, «Best Award» бас жүлдесін жеңіп алды. Қоржыны осындай жүлделерге бай жас ғалым өз жетістігінің сыры туралы баяндап берді.
– Адамды алға жетелейтін – арманы. Шындығында, біздің санамыздағы пайда болған ой ұшқындарының тиісті әрекет ету күші арқылы орындалу мүмкіндігі өте жоғары. Тек көбіміз соны аңғара бермейміз. Мысалы, мен бала кезімде теледидардан Стивен Хокингті көріп, жай ғана армандадым. Кейін арманым ақиқатқа айналды. Сондықтан армандаудан және сол арман жетегінде әрекет етуден жалықпаңыздар, – деді жас физик.
Оқушылардың шақыруын қабыл алып, мәнді де мазмұнды өмір тәжірибелерімен бөліскен меймандар мектеп ұжымы әзірлеген концерттік бағдарламаны зор ынтамен тамашалады. Шара барысында Абайдың әндері шырқалып, мектептің ұлт-аспаптар тобы бірнеше күйден попурри орындады. Мектеп директоры Жанат Әмірова да әдемі кештің әуезді өтуіне ықпал еткен «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарына алғысын жеткізді.
– «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған бұл жоба елімізде көпшілік танымай келген көптеген тұлғалардың, елі үшін ерен еңбек етіп жүрген тасадағы азаматтардың жұлдызын жақты. Өздеріңізге қарап, біздің шәкірттеріміздің бойында Отанға деген адалдық, қайрат пен жігер сынды қасиеттер қалыптасса дейміз. Мектеп – ізгілік пен тәрбие ошағы. Сіздердің біздің білім ұясына табан тіреулеріңіз – осының анық дәлелі, – деді Жанат Қабылбекқызы.