Cпорттық бағдарламалау – Қазақстанда танымалдылығы артып келе жатқан сала. Еліміздегі ҚБТУ, ХАТУ, СДУ, Astana IT University және Nazarbayev University сияқты алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында спорттық бағдарламалау бойынша жарыстар мен үйірмелер өткізіледі. Бұдан былай аталған іргелі оқу орындарының қатарына М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті де қосылып отыр.
Бұл үшін Спорттық бағдарламалау федерациясының өкілдері көне шаһарға арнайы келіп, аталған оқу орнының базасында Жамбыл облысындағы өкілдігінің ашылуына қатысқан болатын. Бұл қадам аймақтағы спорттық бағдарламалауды дамытуға жаңа мүмкіндіктер беріп, саланың кәсіби мамандарымен белсенді өзара әрекеттесу алаңын қалыптастырмақ.
Ал күні кеше Тараз қала-сында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы және Дулати университетімен бірлесіп, бағдарламалау бойынша «CPFED Zhambyl Olymp» облыстық олимпиадасы өтті. Білімділер бәсекесінің негізгі мақсаты – Жамбыл облысының мамандандырылған емес орта мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына бағдарламалаудан өз дағдыларын көрсетуге мүмкіндік беру.
– Жарысты өткізер алдында Спорттық бағдарламалау федерациясы Жамбыл облысының ауылдық жерлеріндегі және шағын қалаларындағы жалпы орта білім беретін мектептердің 9-11 сынып оқушыларын информатика және бағдарламалау бойынша олимпиадаларға қатысуға тегін оқыту және даярлау жобасын сәтті іске қосты. Бұл жоба бүкіл аймақ оқушыларына олимпиадаға қатысуға мүмкіндік берді. Оқу аяқталғаннан кейін федерация Жамбыл облысының білім басқармасымен және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетімен бірлесіп информатика және бағдарламалау бойынша «CPFED Zhambyl Olymp» облыстық олимпиадасын ұйымдастырды, – дейді Спорттық бағдарламалау федерациясының жоба менеджері Әлия Қалиаждарова.
Олимпиада 24 наурызда онлайн форматтағы іріктеу кезеңін және 30 наурызда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткен қорытынды кезеңді қамтыды.
Онда іріктеу кезеңінен өткен 25 қатысушы өзара мықтыны анықтады. Тартысты сайыстың қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен 4 қатысушыға М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде оқуға гранттар мен жеңілдіктер берілді. Атап айтқанда, Тараз қаласы №53 мектептің 10-сынып оқушысы Ернұр Серікбай қатарластарынан оқ бойы озып шығып, оқу ордасының білім грантын жеңіп алды. Ал ІІ орынға ие болған Тараз қаласы №40 мектептің 10-сынып оқушысы Эльдар Разметов университетте оқуға 50% жеңілдік алды. Ал жүлделі ІІІ орынға табан тіреген Тараз қаласы №40 мектептің 9-сынып оқушысы Айдар Қоңырат университет жанындағы колледжде білім алуға 100 пайыздық жеңілдік алса, осы мектептің оқушысы Давид Веденичев 50 пайыздық жеңілдікке ие болды.
– Олимпиаданың ақпараттық серіктесі ретінде «Jambyl-Taraz» газетіне аталған шараны белсенді түрде ақпараттандырғаны үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Ақпараттық қолдау көптеген адамдарға біздің олимпиада туралы білуге мүмкіндік берді. Бұл өңірлерде білім беру саласының одан әрі дамуына ықпал етеді, – дейді Әлия Қалиаждарова.
Мамандардың айтуы бойынша, спорттық бағдарламалау – қызықты жаттығулардан бөлек, студенттер мен мектеп оқушылары үшін өздерінің зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған бірегей мүмкіндік. Спорттық бағдарламалаудың арқасында олар код жазуды ғана емес, сондай-ақ математикалық және алгоритмдік тұжырымдамалардың терең түсінуін талап ететін күрделі есептерді шығаруды үйрене алады.
Сонымен қатар спорттық бағдарламалау бойынша жарыстарға қатысу коммуникативтік және топта жұмыс істей білу дағдыларын дамытады. Себебі ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін қатысушылар бір-бірін тыңдап, топтағы әр мүшенің пікірін ескеріп, бір келісімге келулері керек.
Спорттық бағдарламалау алгоритмдер саласында жақсы негіздің қалануын қамтамасыз етеді, есептерді шешу жылдамдығын арттырады және орындау уақыты мен тұтынылатын жадының көлемін анықтауға мүмкіндік береді. Компаниялар бағдарламалаудың нақты тілдері мен құралдарын жақсы білетін адамдарды ғана емес, сондай-ақ мәселелердің талдауын жасап, олардың шешімін таба алатын адамдарды іздейді.
Спорттық бағдарламалауға қатысу кодтарды қатесіз жазу, сонымен қатар төтенше жағдайлар мен өнімділікті ескеру дағдыларын дамытуға көмектеседі. Сондай-ақ мәселелерді конструктивті түрде талқылау және шешімдерін бірігіп табу маңыздылығын талап ететін топта жұмыс істеу мүмкіндігін береді. Ұжымда және өздігінен жұмыс істей алу – екінің бірінде бола бермейтін дағды. Спорттық бағдарламалау бұл дағдыларды дамытуға және басқа қатысушыларды тыңдауға, олардың мықты және осал жақтарын, жеке ерекшеліктерін ескеруге үйретеді.
Жалпы айтқанда, «Спорттық бағдарламалау федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен, Digital Nomads Kazakhstan IT-қоғамдастығының өкілдерімен және еліміздің спорттық бағдарламалау саласындағы жетекші мамандарымен бірлесіп құрылған.
Федерацияның негізгі мақсаты – спорттық бағдарламалауды халық арасында насихаттау және дамыту, сонымен қатар олимпиада жарыстарына қатысушыларымыздың нәтижелерін жақсарту. Жоғарыда аталған мақсатқа жету үшін аталған ұйым Қазақстанда спорттық бағдарламалауды дамыту бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру, білім беру мекемелерінде экожүйені дамыту, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру, қазақ тілінде спорттық бағдарламалау материалдарын әзірлеу және аймақтарда спорттық бағдарламалаудың дамуына септігін тигізетін филиалдар және өкілдіктер құру секілді бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді.
– Біз сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер арасында белсенді демалыс құралы ретінде спорттық бағдарламалауды насихаттау мақсатында әртүрлі іс-шараларды жоспарлап отырмыз. Бұл өз кезегінде жастардың ақыл-ой спортына деген қызығушылығын және жылдам өзгеретін жаңа технологиялар әлемінде жас мамандардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін оларға қажет болатын ойлау жылдамдығы, шығармашылық бастама, икемділік және ұтқырлық сияқты дағдыларды дамытуға септігін тигізеді, – дейді «Спорттық бағдарламалау федерациясы» РҚБ жоба менеджері Әлия Қалиаждарова.
Аман Есен