Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Alina Group» ЖШС-ның жұмысымен танысты.
Аймақ басшысы Тараз қаласындағы жылына 150 мың тонна құрылыс гипс және 350 мың текше метр плита шығаратын «Alina Group» ЖШС өндіріс орнын аралап, өнімнің сапасын тексеріп, зауыттың жағдайымен танысты.
Отандық өнімді қолдау бағытында кәсіпорынмен бірлескен жұмыстар жүргізу үшін облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына бірқатар тапсырмалар берді.
– Жергілікті билік тарапынан өңірімізде отандық өнімді шығаратын зауыттарға жан-жақты қолдау көрсетілетін болады. Өз кезегінде сапасы жақсы әрі бағасы арзан өнім халықтың сұранысына ие болады деген сенім мол. Болашақта кәсіпкерлеріміз құрылыс саласына аса қажетті өнімдері осы жерден алатын болады. Басты міндет – жаңа инвестициялық жобалардың жұмысын жандандырып, іргелі кәсіпорындардың толықтай іске қосылуына тиісті көмек көрсету, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, қазіргі таңда зауытта 170 адам жұмыс істесе, алдағы уақытта қызметкерлер санын 350-ге дейін көбейту көзделуде. Сондай-ақ, болашақта мұнда жылына 400 мың тоннадан аса құрғақ және құрылыс қоспаларын шығаратын зауытты іске қосу жоспарланып отыр.