Аймағанова, Сәрсенбай, Оразалина: Қоғам назарына іліккен прокурорлар

Айжан Аймағанова, Дана Сәрсенбай және Мәдина Оразалина Қазақстан прокуратурасындағы жаңа есімдер. Олар соңғы уақытта ел назарын аударған атышулы сот процестерінен кейін кеңінен таныла бастады. Арулар мемлекеттік айыптаушы бейнесіне жаңа мазмұн мен серпін берді. Бұрын көбіне көлеңкеде қалып келген прокурорлар бүгінгі күні қоғам алдында ашық, батыл, нақты сөз сөйлеп, әділет дауысы ретінде танылды. Сот процесі тек заң шеңберіндегі рәсім емес, ол қоғамның әділетке деген сенімін қалыптастыратын маңызды алаң. Ал Аймағанова, Сәрсенбай мен Оразалина сынды жаңа буын прокурорлары осы сенімді ақтап, халықпен тікелей сөйлесуге, әділдікке деген қоғамдық сұранысқа жауап беруге дайын екенін көрсетті. Олардың сөзі әлеуметтік желіде миллиондаған қаралым жинап, желі жұлдызына айналды. Қоғам оларды тек заң өкілі емес, әділет үшін күресуші тұлғалар ретінде қабылдай бастады.

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты қоғамдық тыңдаулар тек сот процесі емес, сонымен қатар қоғамдық оқиғаға айналды. Ел назары тек экс-министр Қуандық Бишімбаевқа ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік айыптаушы Аймағановаға да ауысты.

Аймағанованың соттағы сөзі қазақстандықтардың қолдауына ие болып, ал кейбір сөздері әлеуметтік желіде кеңінен тарады.

Сот отырыстары ашық түрде өтті. Елдегі жетекші медиалар тікелей эфир жүргізді. Мыңдаған қазақстандықтар әр күнгі процесті бақылап отырды. Тек қорғау тарапының уәжіне ғана емес, прокурордың әрекетіне де мән берді. Көпшілік үшін Аймағанова айыптау тарапының моральдық тірегіне, әділеттің дауысын жеткізушіге айналды.

«Сіз жымиып тұрған жоқсыз – сіз күліп отырсыз.»

Сот отырыстарының бірінде Аймағанова айыпталушының тергеу кезіндегі жымиып отырғанына қатаң реакция білдіріп, Бишімбаеавты қатаң сынағандай болды.

Бұл сот. Сіз жымиып отырған жоқсыз, күліп отырсыз. Ол сотта отырғанын түсіне ме өзі? – деген еді.

Бұл сөздер әлеуметтік желілерде ең көп талқыланған үзінділердің біріне айналды. Қолданушылар прокурорға қаталдығы үшін алғыс айтты.

Кәсіби дәлдікпен қатар, Аймағанова Салтанат Нүкеноваға қатысты қайғылы жағдайға бейжай қарамайтынын көрсетіп, Бишімбаевқа моральдық тұрғыдан тікелей сұрақтар қойды:

Сіз оны жақсы көрдіңіз бе? Оған соққы жасағаннан кейін және өлімге дейін 6-8 сағат өтті. Неге жедел жәрдем шақырмадыңыз? Сіз балгерге қоңырау шалғаныңызды айттыңыз. Ол соққыға жығылған. Сіз өзіңіз айтып отырсыз, орнынан тұрмаған. Неге бірден жедел жәрдем шақырмадыңыз?

Бұл жай сұрақ емес, сот рәсімі шеңберінде айтылған қоғамдық ашудың үні болды.

Айта кетсек, процесс аяқталып, Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылғаннан кейін Аймағанова Астана қаласы прокуратурасының мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық инстанцияға қатысу басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Шерзат ісі: Желі жұлдызына айналға прокурор Дана Сәрсенбай

16 жастағы Шерзат Болаттың қаза табуына қатысты істе Талдықорғанның аға прокуроры Дана Сәрсенбай тек принципшілдігімен ғана емес, істің әр бөлшегіне мұқияттығымен, сондай-ақ ресми ақпаратты фейктен қорғауға дайын болуымен де танылды. Оның сөзі мен соттағы әрекеті қоғам тарапынан жылы қабылданып, мемлекеттік айыптаудың жаңа бағытын ашықтықты көрсетті.

Қазақстан Республикасының әрбір азаматының өмірі қасиетті. Бұл жай ғана қылмыстық іс емес бұл бір отбасының күйреуіне әкелген трагедия. Біз мемлекет атынан әділдікті қалпына келтіруге міндеттіміз, – деді прокурор жарыссөз барысында.

Процесс кезінде айыпталушылардың адвокаттары Сәрсенбайға «шамадан тыс эмоция көрсетеді» деп наразылық білдірді. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмай, прокурордың заң аясында әрекет еткенін атап өтті. Сынға қарамастан, Сәрсенбай айыптау ұстанымын берік қорғады.

Жаза әділетті болуы тиіс және қылмыстың ауырлығына сай келуі қажет. Айыпталушылар қоғамның зорлық-зомбылыққа көз жұмбайтынын түсінуі тиіс, – деді ол.

Прокурор басты айыпталушы Абзал Шынасылға 23 жыл түрме жазасын қоса алғанда, қылмысқа қатысқандарға нақты жаза сұрады.

Мәдина Оразалина – 2024 жылдың үздік мемлекеттік айыптаушысы

Жақында Астана қаласы прокуратурасының прокуроры Мәдина Оразалина да атышулы істердің жаңа тұлғасына айналды. Перизат Қайрат ісі бойынша жарыссөзде ол «Жақсылықтың жалған кейпі» деп сөз сөйледі. Ол халыққа сенім білдіріп, жасалған қылмыстың моральдық салмағын атап өтті.

Егер біреу қазақ халқының кеңпейілділігі мен жанашырлығын пайдаланып, тағы да жақсылықтың жалған кейпіне еніп, пайда тапқысы келсе, оны қошемет емес, сот залы күтіп тұр. Бұл процесс сабақ болсын. Бұл – бәріне белгі болсын. Садақа – мансаптың құралы емес. Халықтың сенімі әмиян да, бренд те емес. Бұл – аманат. Ал аманатқа опасыздық жасаған адам мәңгілікке елдің есінде қалады. Біздің тарихта шын меценаттар болған. Олар камерасыз, үндемей көмектесетін, – деген еді.

Арман Қызыкенмен бірге Оразалина Перизат Қайратқа 10 жыл, ал оның анасына 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Бұл істе тек ұрлық емес, қоғам сеніміне жасалған моральдық соққы барын атап өтті.

Жұмыс өтілі небәрі 2 жыл 7 ай болғанына қарамастан, Мәдина Оразалина жаңа буын прокурорларының өкілі ретінде танылды. 2024 жылы ол еліміздің үздік мемлекеттік айыптаушысы деп танылды. Қайрат ісі бойынша сөзі оның кәсіби беделін одан әрі нығайтты.

Оразалинаның сөзі қазақстандық желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырып, «мықты», «нақты», «көптен бері естілмей жүрген шындық» деп бағалады.

baq.kz

Comments (0)
Add Comment