Барыс жылы қазақстандықтардың тұрмыс-жағдайы біршама түзеледі. Пандемиядан түбегейлі құтылмасақ та, ірі локдаундар болмайды. Келер жылға экстрасенстер осындай болжам айтып отыр. Алдағы жыл жібектей жұмсақ болады әрі оның жылдам өтіп кеткенін көпшілік байқамай қалады дейді. Астролог, нумерологтар да осындай пікірде. Тек Меркурий ғаламшарының баяу жылжитын кезеңінде сақ болуды ескертеді. Бұл туралы «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме беріп хабарлайды.
Қазақстан әлеуметтік-экономикалық жағынан 2022 жылы ТМД елдерінің алдыңғы қатарынан көрінеді деген экстрасенс Роза Оғлы, тұп-тура қаңтардың 15-і күні Үкімет халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартатын жаңа бағдарлама ұсынады дейді. Барыс жылы берекелі болады деген көріпкел, келесі жылы елдің еңсесін түсіретіндей Байзақ пен Арыстағыдай жарылыстар болмайды деп отыр. Ал Байзақтағы жантүршігерлік жарылыстан кейін әлі күнге дейін табылмаған жамбылдық Бауыржан Дәуітбаев туралы хабар көктемде белгілі болатынын айтады.
“Қазақстанның экономикасы келесі жылдан бастап 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен қарқынды дамиды. Биыл жолы болмағандардың Барыс жылы жоспарлары сәтті жүзеге асады. Ал биыл аса күш жұмсамай, маңдай терін төкпей-ақ ақшаның астында қалғандар келесі жылы оның есебін береді. Билікте алдағы үш жылдың ішінде аса күрделі өзгеріс болмайды. Қаңтар айында Үкімет көп балалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін жаңа бағдарлама ұсынады. Елімізде ірі апат болмайды, тек Алматы облысында аздап жер дүмпуі болуы мүмкін”, – дейді Роза Оғлы.
Ал астролог әрі нумеролог Индира Омарова 2022 жылы Меркурий ғаламшарының өте баяу жылжитын 4 кезеңі болатынын айтты.
Мұны астрологияда Меркурий ретрограды деп атайды. Бұл аралықтар:14-ші қаңтар мен 4-ші ақпан, 10-шы мамыр мен 3-ші маусым, 10-шы қыркүйек пен 10-шы қазан, 29-шы желтоқсан мен 2023 жылдың 18 қаңтары. Дәл осы уақыт аралығы қауіпті екенін ескертеді.
“Бұл күндері адамдардың аяқ астынан қандай да бір шешім қабылдай салуы, келісім-шарттарға отыруы, ірі сауда жасамағандары жөн. Қазақстанның әлеуметтік жағдайы 2022 жылы кері кетпейді. Тек екінші жартыжылдықта «ковидты» жұқтыратындардың саны арта түсуі мүмкін”, – дейді астролог-нумеролог Индира Орманова.
Роза Оғлы Қазақ-Қытай шекарасындағы кәсіпкерлердің кептелісі наурыз айында бірақ шешілетінін де болжап айтты. Ал доллардың теңгеге шаққандағы бағамы жыл аяғына дейін 500-ге жетеді деп топшылады. Бірақ, теңге құлдыраса да, айлық көбейеді, халықтың көңіл-күйі жақсарады деді.