Нұржан Әліш,
ақын
Бір күні әжем шөп орып,
Жүріпті қырда шалғымен.
Аңызы айтар көп оның,
Айдаһар жайлы әңгіме.
Шөп орып жүріп сол қырда,
Аңыздың жайын мол ұқты.
Куә боп әжем ол сырға,
Айдаһар жылан көріпті.
Көзіне сенбей өзінің,
Қорқыныш бойын билепті.
Ұйқыда жатқан кезінің,
Сәтінде оған тимепті.
Арқасын күнге қыздырып,
Айдаһар жатыр ол алып.
Тұла бойын мұз қылып,
Қарапты әжем қадалып.
Тұрған орнынан кете алмай,
Тұрыпты біраз қимылсыз.
Калимасын да айта алмай,
Тұрған жерінде тұрды үнсіз.
Қорқыныш тулап тұр қанда,
Көргені көзге анық боп.
Көздерін әжем жұмғанда,
Кетіп ол көзден ғайып боп.
Бұл аңызды әжем жиі айтып,
Отыратұғын ұл-қызға.
Тыңдаушыларға ұнайтын,
Көңілін көптің бұрғызған.
Айдаһар көрген сол жерде,
Бейіт бар екен бұрыннан.
Ашаршылықта мол көмген,
Адамдарды қырылған.
Отыз жетінші жылдардың,
Кезінде дейді – «Бұл көкем»
Аштықпен елді қырған күн,
Солардың жылан рухы екен.
Солай деп әжем айтатын,
Айдаһар жайлы аңызды.
Өлгендер рух боп қайтады,
О дүниеден жаны ізгі.
Аққыз
Өмір ана өгейсітіп тағдырын,
Қаршадайдан қайғылы етті әр күнін.
Бала болып ойнамады еркелеп,
Сезінбеді жақынынан жан нұрын.
Өтті солай бала ғұмыр бақытсыз,
Қаршадай қыз қабағында қатып мұз.
Ол бойжетті тағдырына түңілмей,
Жүрегіне салды бірақ уақыт сыз.
Тұрмыс құрды, бала сүйді ана боп,
Жүрегінде тағдыр салған жара көп.
Ол қуанса құлпырады дүние,
Ол жыласа жалған оған қара бет.
Аққыз енді жыламайды. Жылады,
Күллі дүние көз жасына күнәлі.
Күллі дүние күлкісіне қарыздар,
Жылағаны үшін оған кінәлі.
Аққыз енді күлімдейді. Күлмеді,
Күлкісіне қарыз көкте күнде енді.
Жалған дүние жылатуды білгенмен,
Қуантуды, күлдіруді білмеді.