Айбыны асқақ Шәкен Ниязбеков ауылы

Тәуелсіздігіміздің тірегі, бостандығымыздың белгісі саналатын рәміздеріміз әрбір қазақ баласы үшін ыстық әрі бағалы. Әсіресе көк Туымыз биікте желбірегенде жүрегі толқып, көңілі тебіренбейтін жан жоқ. Оның әрбір бөлігі елдігімізді, тереземіздің өзге жұртпен теңдігін күллі әлемге әйгілеп тұр. Осы Тудың авторы Шәкен Ниязбеков Жамбыл облысының тумасы, жерлесіміз екенін көпшілік біле бермейді.

Ол 1938 жылы Жамбыл ауданының Бесжылдық ауылында өмірге келген. Былтыр осы ауылға Шәкен Ниязбековтің есімі беріліп, ауылдың ажары ашыла түсті.
– Жамбыл ауылдық округіне қарасты бұл ауылда 260 аула, 1551 адам тұрады. Жер көлемі 455,5 гектарды құрайды. Мұнда тұрмыс кешіп жатқан 4 ұлттың өкілдері бір-бірімен тату-тәтті, бірліктері бекем ғұмыр кешуде. Сондай-ақ ауылда 1 орта мектеп, 1 пошта, 1 мешіт және 1 фельдшерлік пункт халыққа қызмет көрсетуде. 7 көшенің барлығына асфальт төселіп, тұрғын үйлер таза ауыз су мен электр желісіне қосылған. Сонымен қатар жоғарыда айтылғандай, барлық көшелер ағымды жөндеуден өткізіліп, кіреберістегі көпір жаңартылды. Бұдан бөлек, ауыл аумағынан шаруа қожалық иелерінің егістік жерлеріне өтетін каналдар бетондалып, лотоктар жүргізілуде. Жаңа заманауи футбол алаңшасы салынды. Ауыл тұрғындарының көптен күткен Ә.Ысмайылұлы орта мектебінің апатты жағдайдағы А2, А3 блоктары, акт залы, асханасы және спорт залы күрделі жөндеуден өтті. Аталған жұмыстарды «Тараз-Строй – 2004» ЖШС-і 139 миллион теңгеге жүргізіп, бүгінгі күнге толық аяқтап, пайдалануға берді. Тағы бір айта кетерлігі, жер кезегінде тұрған азаматтар үшін 97 дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелері үлестірілді. Оның жалпы құны 354 миллион 929 мың теңгені құрады. Енді алдағы уақытта Б.Досымбекұлы көшесінің бойында орналасқан футбол алаңшасының жанынан балалар ойын алаңы мен мерекелік іс-шара өткізетін сахна салу жоспарлануда, – дейді округ әкімі Бақыт Садырбаев.
Ауылдың жомарт түлектері өздері өмірге келген өлкеге үнемі қолдау көрсетіп, жәрдемдесіп тұрады. Айталық, 1984 жылы туған түлектер мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай ауылдың кіреберісіне құны 1 миллион 600 теңгені құрайтын жаңа заманауи арка орнатып берсе, «Туған жерге туыңды тік!» жобасы аясында осы ауылдың тумасы, жеке кәсіпкер Бекберген Телеубаев та өз қаражатына «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағытынан ауылдың кіреберісіне арка тарту еткен. Сонымен ауылдың екі бетіне де қақпа орнатылып, ауылдың ажарын одан әрі аша түскен. Сонымен қоса ұзындығы 66, ені 44 метрді құрайтын шағын футбол алаңына Талғат Тұрлыбай мен Инаят Қырықбаев есімді азаматтар түнгі уақытта да халықтың спортпен тұрақты шұғылдануы үшін құны 2 миллион тұратын, 6 темір бағанаға қуаттылығы 300 к-Вольттық 12 дана жарық шамдарын орнатуға демеушілік жасаған.
Бүгінде ауылдың шырайын кіргізіп, көркіне сән қосқан нысанның бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің ауылға кіреберісінде ашылған аллея. Онда биіктігі 24 метрді құрайтын «Ту-тұғыр» ескерткіші алыстан менмұндалайды. 0,14 гектар жерді алып жатқан кешеннің құрылысын «MadG» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Жоба авторы – Жомарт Қонысбаев.
– Ауылға ресми түрде Шәкен ағамыздың есімі берілген күні дәл осы ескерткіш салтанатты түрде ашылып, қуаныш еселенген болатын. Бесжылдық – өздеріңіз білетіндей, кеңестік кезеңнен қалған атау. Былтыр Егемендігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ауыл атын ауыстыру туралы бастама көтеріліп, тұрғындар тарапынан қолдау тапты. Бірақ «Қандай атау лайықты?» деген сауал тұрды сол сәтте. Ойлана келе, «Шәкен Ниязбековтің есімін неге бермеске» деген байламға келдік. Себебі ол осы ауылдың тумасы, көзінің тірісінде өзі де бірнеше мәрте осында ат басын бұрған болатын. Бұған ауылдастар қарсылық көрсетпей, тек қолдау білдірді. Ту-тұғырды орнатар кезде де тұрғындар ұйымшылдықпен атсалысып, басы-қасында өздері жүрді. Төрткүл дүниенің төрт бұрышында жерұйық мекен Қазақстанның даңқының дүбірі естіліп, бабалар көзіндей көк байрағымыз көтерілер болса, онда терең ойлы суреткер Шәкен Ниязбековтің қолтаңбасы бар. Сондықтан оның жерлесіміз болғаны – біз үшін зор мақтаныш. Оның есімі тек жерлестерінің ғана емес, барша қазақстандықтардың жүрегінде сақтаулы, – дейді ауыл биі Қонысбай Жақсылықов.
Расында, Мемлекеттік Ту авторының өнегелі өмірі – өскелең ұрпаққа зор тағылым. Сондықтан да оның есімін ұлықтау шаралары аудан шеңберінде кең көлемде жүзеге асырылуда. Жамбыл аудандық білім бөлімінің мәліметінше, барлық мектептерде танымдық іс-шаралар мен ашық, тәрбие сағаттары үнемі өткізіліп тұрады екен. Мәселен, Ә.Ысмайылұлы атындағы оқу ордасында мектеп тәлімгері Ш.Аманжолованың ұйымдастыруымен Шәкен Ниязбековтің өмірі мен еңбек жолын дәріптеу мақсатында «Көк байрақтың авторы» тақырыбында дөңгелек үстел, бұдан бөлек, «Тарихтан туған рәміздер» атты бейне-викторина, «Туым – намыс, ұраным – бірлік, рәміздерім – мақтанышым» атты әдеби кеш, «Тәуелсіз Қазақстанның ең басты символы» тақырыбында оқырман қауыммен кітап көрмесі ұйымдастырылған. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Туымыздың өмірге келуінің де өзіндік тарихы бар. Бұл туралы автордың өзі былай деп еске алған: «Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссия отырысында соңғы нұсқамды көрсеттім. «Неге сегізбұрыш қолданбаймыз?» деген сұрақ қойылды. «Сегізбұрышты Әзірбайжан алып қойды, басқа ұлттық нақыштарымыз жетпей ме?», – дедім. «Неге айды салмайсың, неге шаңырақты салмайсың?» дегендер де табылды. «Мен мешітке емес, мемлекетке ту жасап жатырмын. Мен дінді сыйлаймын, бірақ дін – әркімнің жеке шаруасы, ал шаңыраққа келсек, ағайындар-ау, шаңырақты қырғыздар қызыл туларына салып қойды, неге біз біреудің істегенін қайталауымыз керек?» – деген жауап қаттым. «Қыранның күннің қақ астында ұшуы қисынға сыймайды» деген көзқарастар да болды. «Бүркіттің күннің қақ ортасында ұшуы қисынға келмейді» деген пікір кейінірек шықты. Сол талқылауда: «Тудың түсі көк. Себебі біз Тәңірінің адамдарымыз. Көк аспанда күн болуы керек. Қазақ елі тәуелсіздігін алды. Әлем елдерімен иық тірестіре алатындай жағдайға жетті. Бүркіт – ең биікке көтерілетін әрі ұзақ жасайтын құс. Былайша алсақ, Қазақ елінің рәмізі», – дегеннен кейін елдің бәрі идеямды түсінді. Қарсы келген жоқ. Қыран құс – ерлік пен азаттықтың символы. Ал қыранды алғаш рет тек біздің бабаларымыз ғана бағындырып, қолына қондыра білген. Сондықтан да қыран құстың Туымызда бейнеленуі – заңдылық!», – деген екен Шәкен Ниязбеков.

Құрбанәлі Шахабай,
Жамбыл ауданы

Comments (0)
Add Comment