Айбынды жыр жампозы

Жыр сүлейі, халық поэзиясының алыбы атанған Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Жамбыл – айбынды жыр жампозы» атты кездесу өтті.

Құралай ІЗЕТБАЕВА

Тәлімі мен тағылымы мол кешке кеңдік пен елдікті, кемеңгерлік пен көсемдікті аз сөзге сыйғыза білген дарабоз жыршы Жамбылдың ізімен айтыс додасында топ жарып жүрген жергілікті айтыскерлер – республикалық, халықаралық айтыстың жүлдегерлері, облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Есет Досалы мен Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының Жамбыл облысы филиалының хатшысы Дидар Апбасов қатысты.

Жамбыл шығармашылығында айтыс ерекше орын алғаны мәлім. Суырыпсалма, сөзге шешен, қиыннан қиыстырар ер данасы Жамбыл мен Айкүміс айтысынан үзінді келтірді. Ақын әлемінің кейіпкерлерін 9 «А» сынып оқушысы Айтжан Жансерік пен 9 «Г» сынып оқушысы Орынбай Сәттіжан сомдады. Одан кейін 3 «В» сынып оқушысы Бақыт Нұрасыл Жамбыл бабасына арнаған өлеңін айтса, 7 «Д» сынып оқушысы Қожамқұл Назерке «Өтеген батыр» дастанынан үзінді оқып берді. Ал 5 «Б» сынып оқушысы Байбосын Балауса «Жетіген» аспабында «Балапан қаз» әнін нақышына келтіре шырқап берді.

Кештің ең маңызды сәті де таяды. Жамбыл ақынның ізін жалғаған жамбылдық қос айтыскер қолына домбыра алып, шырайлы шумақтарымен айтысқа кірісіп кетті.
Алдымен сөз алған Есет Досалы:
Жиналғанда бұл жерге жақсы кілең,
Көрінсін ізгі оймен, достығымен.
Шәкіртім болса-дағы айтысу оңай емес,
Облыстық филиалдың бастығымен.

Дидар Апбасов:
Мен сізді, Есет аға, дара көрем,
Мен сізді, Есет аға, дана көрем.
Облыстық филиалда жүрсем-дағы,
Сізге қашанда шәкірт болып қала берем
, – деп жиналғандарды риза етті.
Ал Жамбыл болса көзі тірісінде осы екі дарабоз айтыскердей жас өнерпаздарға:
Жас жүйрікті айтамын,
Шапқан сайын үдеген.
Хас сұңқарды айтамын,
Алыстан тоят тілеген,
– деп айтып кеткен екен.
Кеш соңында қорытынды сөзді мектеп директоры Салтанат Ерсағатқызы айтып, кездесу кешіне жиналған барлық көрермендерге ризалығын білдіріп, Жамбыл жыраудың жасын тіледі.

Comments (0)
Add Comment