Ай астындағы Кентавр

Таразда тұлпардың тұяғы талар өр даланың тарпаң мінезді ұлы, ақын Маралтай Райымбекұлының «Жұлдыз аттас жалғыз шаһар жердегі…» атты шығармашылық кеші дүркіреп өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ақынның туған елге тағзым етіп, киелі өлкенің тарихына тәу ету мақсатында өткізген жыр кеші өзінің 50 жасқа толған мерейлі мерейтойының құрметіне ұйымдастырылды. Осыған дейін шайырлар шаһарына айналған Алматының бірнеше сахнасында өткен шаралардың легі Әулиеатада жалғасын тауып отыр. Сарысудың сары топырағын уысына қысып, қаламның құдіретін танып, өлеңи ғұмыр кешіп жүрген ақынның туған жердегі тойына қазақтың қабырғалы қаламгерлері Мереке Құлкенов, Несіпбек Дәутаев, Серік Ақсұңқар, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Есенғали Раушанов, Светқали Нұржан арнайы келді. Тараздық жұртшылық жырларымен, шығармаларымен ғана сусындап жүрген алаш әдебиетінің азулы қаламгерлерімен қауышып, сырласып, сұқбат құруға мүмкіндік алды.

Сұлу сырға, жұмыр жырға толы жыр кешінің шымылдығын облыс әкімі Асқар Мырзахметов ашты.

– Ата-бабамыздан мұра болған сөз өнері бүгінде заңды жалғасын табуда. Соның бір дәлелі – бүгінгі мерейтой иесі Маралтай Райымбекұлы. Алматыда өткен шығармашылық кеште Жамбыл жерінен арнайы барып, ыстық лебізімізді жаудырған болатынбыз. Облыста белгіленген үлкен марапаттардың бірі – «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстадық. Бүгін өзінің азаматтығын көрсетіп, Алматыдағы кешпен шектелмей, туған жер топырағына тағзым етіп, өзі құрметтейтін қауыммен қауышып отырған жайы бар. Әдебиет саласының маңдай алды тұлғалары Таразда бас қосып жатыр. Бұл үрдіс расында қуантады. Шын мәнінде, Маралтай Райымбекұлының қазақ әдебиетіне қосқан үлесі – өз алдына үлкен әңгіме. Ақынның қаламының қуаты тасып, ары қарай да өрелі жыр жаза беретініне туған елдің азаматтары кәміл сенеді, – деді өңір басшысы.

Өзекті өртейтін өткір сөз өз-өзінен тумайды. Маралтай Райымбекұлының қаламдас достары, ақын ағалары тағдырлы ақын екенін жиі тілге тиек етеді. Төл әдебиетімізге ежелгі «Кентавр» ұғымын әкелген ақынның жырларында отты рух, өрелі сөз һәм асқақтық кестеленеді. Сондықтан да болар оқырман жыр жолдарына көз тастаған сәттен-ақ өзен суындай арқырап, албырт сезім кешеді.

Кестелі сөздің қадірін ұққан шайырға көңіліндегі қайнар тілектің тиегін ағыта келген қаламгерлердің бірі Мереке Құлкенов белгілі себептермен кеште төбе көрсете алмаған Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің сәлемін жеткізді. Арқаның азулы ақыны Серік Ақсұңқар мен бұрқасын өлеңмен оқырманды баураған маңғыстаулық ақын Светқали Нұржан арқырай жыр оқып, Тараздың өлеңи дүниесіне дүмпу жасаған марқұм Артығали Ыбыраевтың, Серік Томановтың, Бауыржан Үсеновтің есімдерін атап өтті. Жуырда ТМД елдерінің «Достастық жұлдыздары» сыйлығына ие болған ақын Есенғали Раушанов пен өзінің өзгеше болмысы, ғарыштық ғазалдарымен танылған Тыныштықбек Әбдікәкімұлы кеш кейіпкерінің әдебиеттегі тұлғасы, ақындық тағдыры турасында сөз қозғады. Бүгінде Әулиеатадағы жас ақындарға жол нұсқап, ағалық көрсетіп, әдебиетте қаламгерлік қуатымен танылған халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері кештің түйінді сөзін сөйледі.

– Маралтай Алматыға барды. Ол жақта жай жүрмей, еліміздің түкпір-түкпіріндегі жас ақындарды сонда жинады. Олардың ішінде Ерлан Жүніс деген қазақтың мықты ақыны бар. Ақында азаматтық болуы тиіс. Ақынның өлеңі әрқашан өзінде. Оны ешкім тартып ала алмайды. Ал азаматтық қасиет екінің бірінде бола бермейді. Бұл – Маралтайдың бойындағы ең тамаша қасиеттердің бірі. Бүгінде Маралтайдың ізінен Әулиеатада бір топ есті жастар өсіп келе жатыр. Есі жоқтары «күйем, сүйемнен» әрі аса алмай жүр. Сол есті жастар Маралтайдың мәртебесін биіктете бермек, – деді қаламгер.

Кеш соңында Маралтай Райымбекұлы сахна төріне шығып, өзінің исі қазақтың әр баласы жатқа оқитын «Көне Тараз», «Кентавр», «Мұхаммедті растау» сынды жырларын оқыды. Сонымен қатар шарада Таразға табан тіреген марғасқа ақындардың қаламынан туған жырлар ән болып көрермен көңілін құйқылжытты. Маралтай Райымбекұлы туған топырағына абыройын асқақтатып бірге келген, Тараздың топырағына тәу еткен қаламгерлерге өзінің қылқаламынан туған портреттерді тарту етті. Қауырсын қалам мен қылқаламның киесін ұғынған шайырдың бұл кісілігіне көпшілік зор құрмет көрсетті.

Comments (0)
Add Comment