Болмысынан дарынды Ахмет Байтұрсынұлы талантының, күрескерлік рухының, ұланғайыр әр қырлы еңбегінің ортақ түйіні – туған халқына, оның жарқын келешегіне қызмет жасау. ХХ ғасыр басында ішкі Ресейде патшалық өктемдікке қарсы революциялық қозғалыс күшейгенде, замана дүмпуінен от алып, қазақ топырағында азаттық ойларын көтергендердің алғашқы легінде Ахаң болды. Үлкен дарын уақыт үніне орай қолына қалам алып, ақын атанды. Тәуелсіздікпен ұштасқан өршіл ой, жалынды арман қуатты өлең жолдарына айналды.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ, филология ғылымдарының докторы, профессор
Бірде ол іргесі сөгілмей бұйығы жатқан «Қазақ салтын», «Қазақ қалпын» ашына сынаса, келесі сәтте ұлы жазушы М.Әуезов жазғандай, «ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заманы ерік бермеген соң, «Маса болып ызыңдады», «ұзақ міндетті бейнет қылып алды». Сөйтіп, ол қазақ поэзиясының ағартушылық, халықтық бағытын ілгерілете отырып, күрескерлік, азаттық сипаттарын дамытты. Өлең жалынды күрес құралына, өршіл ойдың белсенді насихатшысына айналды. Бұл жөнінде ақын «Жауап хаттан» атты өлеңінде ашық айтады.
Мен жазған кеңес,
Мақтаныш емес,
Ат шығармақ ақындық.
Ер батқанда – жорғалық,
Молда жоқта – молдалық.
Сан қырлы дарын иесінің төл ақындық мұрасы «Маса» өлеңдер жинағымен (1911) шектеледі. Дегенмен оның ақындық қызметі М.Дулатовтың «Оян, қазақ» жинағымен бірге ХХ ғасыр басындағы қазақ өлеңіндегі тың үлгі революциялық-демократтық поэзияның басы болды.
Ақын шығармашылығының ерекшелігі туралы ой қозғаған қанаттас інісі, күрескер ақын М.Дулатов: «…Өз өлеңдерінде А.Б. ғашықтық туралы, әйел туралы, табиғат туралы жырламайды, онда қанатты, көпірме сөздерге құрылған өлең үлгісі де жоқ. Ол қарапайым, нағыз қазақ тілінде бостандық туралы, ұлт туралы қазақ халқының қанауда, артта қалғаны жайлы жырлап, оны оқуға, еңбекке және ұйқыдан оянуға шақырады, әрбір қазақтың бойындағы азаматтық сезімді оятуға ұмтылады», – деді.
А.Байтұрсынұлы өлеңдерінің басты көркемдік белгісі – қарапайымдылығы жақсы айтылған. Бұл ерекшелік суреткерлік мақсаттан туындады. Ең алдымен ол оқырман-тыңдаушысының қабылдау дәрежесін қатаң ескерген. Қаламгерді поэтикалық әр алуан оралым-бейнелілік, ұшқырлықтан бұрын, толғантқан ойын көпшілікке ұғынықты, «тілге жеңіл», «жүрекке қонымды» жеткізу жайлары ойлантқан. Сондықтан да болса керек, оның көптеген өлеңдері дәстүрлі 11 буынды қара өлең үлгісімен барынша айқын, қарапайым жазылады. Ұлы Абай жаңашылдығы кеңінен қолданылады.
Әйтсе де, ақын өлеңдеріндегі қарапайымдылық – қарадүрсіндік емес. Оның өлең жолдарында да қазақ поэзиясына тән көптеген көркем өрнектер молынан ұшырасады.
А.Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» мақаласында Абайдың дарындық ерекшелігін ғылыми тұрғыда терең пайымдаса, өз туындыларында оның үлгісін кеңінен пайдаланады. Ұлы ойшылдың қоғамның өзекті мәселелерінен туындап жататын толғаныстарын жаңа заман ыңғайына орай дамыта жалғастырады.
Тықылдап, құр пысықсып, сөйлейтін көп,
Екпіндеп, ұшқыр атша қарқындаған,
Бос белбеу, босаң туған бозбала көп,
Киіздей шала басып, қарпылмаған.
(«Қазақ салты»)
Өлеңде осылай жалғасатын тұрлаусыз бейнелер бізге Абай өлеңдерінен жақсы таныс. Шумақтағы «ұшқыр атша», «бос белбеу», «босаң туған», «қарпылмаған киіздей» деп келетін эпитет, теңеулер өлеңнің көркемдігін арттыра түскен. «Тықылдап», «құр пысықсып», «екпіндеп» деп келетін көсемше түріндегі қимыл-сын пысықтауыштар образдылықтың мәнін ұлғайтқан.
Сасық ми, салқын жүрек, санасыздар,
Алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр.
(«Досыма хат»)
Троптың алуан түрі А.Байтұрсын туындыларында кездеседі. «Жауап хаттан», деген өлеңінде:
Айтпайтын жыр бар,
Ашпайтын сыр бар
Тымақтының көбіне, – деп поэтикалық ойын ажарлай түссе, ұлы ақынның «Сегізаяқ» өлеңінің өлшемімен жазылған белгілі «Жиған-терген» өлеңінде образдылық саяси-әлеуметтік мазмұнға ие болған.
Ұйқышыл жұртты,
Түксиген мұртты,
Обыр обып, сорып тұр.
Түн етіп күнін,
Көрсетпей мінін,
Оятқызбай қорып тұр.
Обыр болса қамқорың
Қайнағаны сол сорың.
Абай туындыларында патшалық әкімшіліктің сұрқия саясаты болыстың ел басқарудағы жағымсыз іс-әрекеттерімен суреттелсе, А.Байтұрсынұлы өлеңінде патшалық жүйенің озбырлығы «обыр» деп өз атымен беріледі. Мұншалықты өткір, дәл атау, бір сөзбен ел басқару жүйесінің шын кейпін тайсалмай ашу – әрине, уақыт тынысымен, күшейе түскен отаршылдыққа қарсылық күреспен байланысты. Ақын обырдың жексұрындық сипатын «түксиген мұртты» деп нақтылай түседі. «Күнін түн етті» деген тіркесті де өлең жолында сәтімен қиыстырған.
Бір күн тойса есектер
Ми жоқ алдын есептер.
***
Тірі көмбей бойыңды,
Жүрегінің жарасын
Көрсет жұртқа, қарасын.
***
Ой исінер сөзі жоқ…
«Жауға түскен жан сөзі» өлеңінде:
Жала деген төбеті
Балтырымнан қауып тұр, – деп тұтқындағы ашынған көңіл-күйін бейнелі түрде жеткізеді.
А.Байтұрсынұлы өлеңдерінде пернелей, астарлай айту кеңінен қолданылады. Мәселен, «Қазақ салты», «Қазақ қалпы» өлеңдерінің алғашқы шумақтары тұтастай аллегорияға құрылған.
Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара – көлге қонып салқындаған.
Бір өртке қаудан шыққан душар болып,
Не қалды тәнімізде шарпылмаған?
(«Қазақ салты»)
Болмаса:
Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ,
Теңізде жүрміз қалқып, кешпесі жоқ.
Жел соқса, құйын қуса жылжи беру,
Болғандай табан тіреу еш нәрсе жоқ.
(«Қазақ қалпы»)
Бұл шумақтарда астарлы мағынамен қоғамның күллі сипаты ұтымды берілген. Автор оқырман түсінігіне орай қарапайым бейнені қолданады. «Бас еркі», «еспесі жоқ ашық теңіздегі қалтылдақ қайық», әйтпесе «қаудан шыққан өртке душар болып, тәні шарпылған қаз» – мағынасы терең, әлеуметтік астары күшті тұспалдық образдар. Ақын заман көрінісін дәл ашады.
А.Байтұрсынұлы өлеңдерінің сатиралық сипатыүлкен қуатқа ие. Ащы тіркес, өткір мысқыл-кекесін надандыққа, әр алуан кертартпа мінезге бағытталады.
***
Жұмақтың кілтін,
Алланың мүлкін,
Арендаға алып па?
Молда сатса тиынға,
Ол – Алла емес, сиынба.
(«Жиған-терген»)
***
Сатиралық қолданыс кейде ақын өлеңдерінде керісінше айтумен, сөйтіп нысанаға алған объектісін келеке етумен ұштасады.
«Әлди-әлди», –
деп тербеткен,
«Ұйықтасын» деп
көп тербеткен.
Қарның ашса
ұлықтарың,
Жілік шағып,
май бермекші.
Тоңсаң түлкі
құйрықтарын
Жіпке тағып,
Бай бермекші.
Әлди-әлди,
мен не деймін.
Сірә, әлдиге
Сенбе деймін.
(«Жұбату»)
Қазақтың бала жұбату өлеңінің үлгісімен жазылған сатиралық көрініс ақынның енді бір өлеңінде «ақыл айтумен» беріледі. Өрісі тар, шолақ ойлы пендеге кекете айтылған келте ақыл оның сатиралық образын аша түскен.
Сыйласын десең жұртың қадір тұтып,
Айтарсың момындарға ақыр, інім,
Білімді ел ішінде болам десең,
Шешенсіп, жоқты сөйлеп лапыр, інім.
Қолыңнан мұның бірі келмес болар,
Кісімсіп ең болмаса қақыр, інім.
Сөзіңді тыңдатамын десең жұртқа,
Ет асып табақ-табақ шақыр, інім.
(«Ақын ініме»)
А.Байтұрсынұлы туындыларынан байқалатын тілдік ерекшелік – кей өлеңдерінің мақал-мәтелше қысқа және нұсқа құрылуы болса, сонымен қатар мақал-мәтелдердің тікелей пайдаланылуы дер едік. Бұл ерекшелік ойын оқырманға қарапайым да бейнелі жеткізу мақсатынан туындаған.
Түсіне қарап,
Ішінен түңілме.
Күшіне қарап,
Ісінен түңілме.
(«Маса»)
Жалпы А.Байтұрсынұлы жинағындағы басты жаңалық – «маса» ұғымының жағымды мағынада қолданылуы дер едік. Тұрмыс-тіршілікте адамның ең жек көретіні осы маса болса керек. Қалың ұйқыңды бұзып, берекеңді алады. Бірақ ақынның қолданысында қалың ұйқыда жатып, өзге жұрттан қалып қойған қазақтың шырқын бұзып оятушы, ой салушы образға айналған.
Ақынның кейбір өлеңдерінде мақал-мәтелдің жалпы мазмұны, жекелеген сөздері сақталып, еркін пайдаланылса, кейде мақал-мәтел өзгертілмей, өлең жолдарында тұтас келтіріледі.
Шығармай бір жеңнен қол, бір жерден сөз,
Алалық алты бақан дертпен кірдік.
(«Қазақ қалпы»)
***
«Сақтар деп сақтар болса» артпен жүрдік,
«Ұлы той – көшпен көрген» жалғыз мен бе, –
Деп отыр, не болса да жұртпен көрдік.
(«Қазақ қалпы»)
***
«Үмітсіз шайтан болсын» деген сөз бар,
Жолдар көп жәннетке де тарам-тарам.
(«Анама хат»)
***
«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» –
Деген сөз аятпенен бірдей маған.
(«Ғалым»)
Оның өлең жолдарында айтылуында тиісті сөздердің түсіріліп айтылуы ұшырасады.
Басында – сәлде,
Ауызында – алда,
Молдаларға не ғамал?
***
Бергенге – жұмақ,
Бермесе – тозақ, –
Деп үйретер халыққа.
(«Жиған-терген»)
Жалпы ХХ ғасыр басындағы сөз өнерінің, тіл ғылымының ірі өкілі Ахмет Байтұрсынұлы өлеңдері бір қарағанда көркемдік қарапайым жазылған сияқты көрінгенімен, қазақ поэзиясына тән көркем өрнектер молынан кездеседі.