Агроөнеркәсіп кешенінде 16 инвестициялық жоба іске асырылады

Аймақтың агроөнеркәсіп кешенінде 2024 жылы 14,6 млрд теңгеге 16 инвестициялық жоба іске асырылып, 345 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Бұл туралы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында баспасөз конференциясын өткізіп жатқан Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек мәлімдеді.

– Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату жобасы бойынша 8,5 млрд теңге қаржы қаралды. Бөлінген қаржыға 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 118 жұмыс орындары құрылады.

Осы жобалардың ішінде өңірімізге қажетті жобалар іске асырылуда. Мысалы, ауыл шаруашылығы жануарларының жүн-терісін қайта өңдеу арқылы құрама жем мен тыңайтқыштар шығару, тауықтың қиынан биогумус өндіру, алма шырынын өңдеу, картоптан фри жасау, пиязды кептіру, көкөніс сақтау қоймалары және сүт тауарлары фермалары бар.

2024 жылдың 8 айында 350 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7 есеге артты (2023 жылы 44,0 мың тонна).
Оның ішінде өсімдік шаруашылығында 324,4 мың тонна (пияз 271,5 мың тонна, қырыққабат 36,4 мың тонна, картоп 13,2 мың тонна, сәбіз 3,3 мың тонна), мал шаруашылығында 1,5 мың тонна (сиыр еті – 233 тонна, қой еті – 739,6 тонна, құс еті – 376,4 тонна және 205 тонна малдың ішкі өнімдері) және өңделген ауыл шаруашылығы өнімі 23,5 мың тоннасы экспортталды, – деді Ә. Тамабек.

Comments (0)
Add Comment