Аграрлық ғылым асыраушы саланы алға бастырады

Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Аграрлық ғылымды дамыту: өзекті мәселелер мен жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында Қазақстан Республикасының Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының көшпелі сессиясы өтті.

Жиын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту және аграрлық ғылымды дамыту туралы тапсырмалары аясында ұйымдастырылды. Шара Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің болашағын айқындауға және ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуге бағытталған маңызды қадам болды.
Келелі кеңеске Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының президенті, академик Тілектес Есполов бастаған академиктер мен жетекші ғалымдар, сондай-ақ Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков және өңірлік ауыл шаруашылығы саласының мамандары қатысты.
Сессия барысында ғылым мен өндірістің интеграциясы, ғылыми-зерттеулерді тиімді коммерцияландыру және өндіріске енгізу жолдары, су үнемдеу технологияларының ауыл шаруашылығындағы маңызы, агроөнеркәсіптік кешенге цифрлық технологияларды енгізу және көміртекті егіншілік, Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар сессияның басты мәселесі ретінде Шерхан университетінің базасында өңірлік агротехнологиялық хаб құру мүмкіндігі қаралды. Бұл бастама Жамбыл облысының аграрлық әлеуетін арттыруда, ғылым мен тәжірибені біріктіруде маңызды рөл атқарады деп күтілуде.
Шара барысында қатысушылар университеттегі агробиологиялық, ветеринария және мал шаруашылығы орталықтарымен, сондай-ақ аквафермамен танысып, оқу ордасы базасының ғылыми-инновациялық инфрақұрылымын жоғары бағалады.
Басқосу соңында Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға қатысты нақты ұсыныстар жасалды. Бұл жиын аграрлық ғылымдағы жаңа бағыттарды айқындап, болашақ даму жолдарын көрсеткен маңызды алаңға айналды.

Бағлан БАТЫРБЕК,
Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті
«Маркетинг және жарнамалар» басқармасының басшысы

Comments (0)
Add Comment