АЭС ғылыми зерттеулер мен елдің интеллектуалды потенциалын көтереді

Атом электр станциясы (АЭС) — қарапайым тілмен айтқанда жылу энергиясын электр энергиясына айналдыратын, энергия шығыны аз, экология жағынан басқа энергия көздерімен салыстырғанда қоршаған ортаға зияндылығы төмен электр көзі. Электр энергиясын пайдалануға сұраныстар артуына байланысты қазіргі таңда елімізде электр тапшылығы байқалып жатыр. Осы бір мәселені шешудің, әрі өскелең ұрпақ үшін таптырмайтын, тиімді әрі ұтымды шешім атом электр станцияларының құрылысы. Әлемнің дамыған елдері белсенді түрде атом электр станцияларын қолданады, мәселен АҚШ-та 94, Францияда 56, Қытайда 50, Жапонияда 34, көрші Ресей Федерациясында 38 және т.б. елдерде атом электр станциялары бар, аталмыш елдердің барлығы электр станцияларын ұтымды пайдалануда.

Ядролық технологиялардың дамуы мен реакторларды жаңғыртудың арқасында атом электр станцияларының қауіпсіздігі жоғарғы деңгейде. Статистикаға сүйенсек газ бен көмір жаққаннан бөлінетін улы газдар жылына бірнеше миллион тоннаны құрайды екен. Ал олардың қоршаған ортаға зияны орасан зор, тек атмосфераны ғана емес, топырақ пен мұхиттардың қышқылдығын арттырып, үлкен көлемде шығын келтіруде. Осы орайда атом электр станцияларынан мұндай улы газдардың бөлінбейтіндігін, экологиялық ең таза жолмен электр энергиясын өндіретін жалғыз көз болып табылады. Жер планетасының ауқымды мәселесінің бірі жаһандық жылынудың, мұхит, теңіз деңгейлерінің көтерілунен сақтайтын шешімнің бірі жаппай экологиялық таза электр көзіне көшу, газ бен көмір жағу сұранысын төмендету болып табылады. Сонымен қатар салыстырмалы түрде келтірсек: 1 кг уранды жағу 100 тонна көмірді немесе 60 тонна мұнайды жаққанға тең.

Елімізде уран қоры жеткілікті. Соның арқасында электр станцияларын тұрғызу ұзақ мерзімді қамтитын, энергетикалық жетіспеушіліктерді жоятын бірден-бір жолы болып табылады. Жалпы атом электр станциялары үздіксіз, тәулік бойы, ауа райының күрт өзгерістеріне тәуелсіз электр энергиясын өндіретін, құрылысы үлкен аумақтарды, кең жерлерді талап етпейтін орындар болмақ. Атом электр станциялары ғылыми зерттеулер мен елдің интеллектуалды потенциалын көтеруге себепші бола алады.

Оразалы ҚАЛИҚҰЛОВ,
ҚР Энергетика министрлігі
Ядролық физика институтының
ғарыштық сәулелер физикасы
зертханасының меңгерушісі

Comments (0)
Add Comment