Қадірсіздің ұстаз болуға құқы жоқ

Әбітаевтар әулеті ұстаздар династиясына айналғанына ғасыр куә. Бүгінде ұл-қыздары Тараз төрінде білім саласында еңбек етіп жүрген бұл отбасының тамыры тереңде. Атадан әке мен балаға мұра болып жалғасын тапқан ұстаздықтың өзіндік жолын ұстанады. Осы жолдың абыройлы ізімен жүруді әр перзенті парыз санайды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Сәкен Абжапаров

40 жыл бойы ұстаздық еткен ардақты ақсақал Балтабай Әбітаев пен отанасы Еркенің өмірінің жалғасы болған балалары да күні бүгінге дейін әкеге қарап ой сауып, анаға қарап бой түзеп келеді.

Балтабай ақсақалмен тілдесудің сәті түсті. Сексеннің сеңгіріне шығып, ардагер ұстаз атанған қарт өз ұлағатын ұмытқан емес. Ең жиі айтатын сөзі: «Ұстаз сөзі әр әрпіне жауапты. «Ұлағатты, Салмақты, Тиянақты, Ардақты, Зиялы» деген мағынаны білдіреді. Тек осы сөздерге лайық адам ғана ұстаз», – дейді ұстаз.

Әке – асқар тау. Балтабай ақсақалдың ең ұлы ұстазы – өз әкесі Әбітай Қыдырбайұлы. 1896 жылы бұрынғы Сырдария округі, Әулиеата уезі, төменгі Талас ауданы, Ойық ауылына қарасты бірінші ауылда дүниеге келген. Жеті жасынан анасы қайтыс болып, әке тәрбиесінде өседі. «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, Қазақ ССР Президиумы Жоғарғы кеңесінің грамотасымен марапатталған Әбітай Қыдырбаев – ауылдан шыққан тұңғыш ұстаз. Шаяндағы Аппақ қожаның медресесін бітіргеннен кейін Әбітай біраз жыл бала оқытып, кейінірек жергілікті үкімет орнының жолдамасымен 1921-1922 жылдары Ташкентте ашылған Халық ағарту институтының мұғалімдер даярлайтын бөлімінде оқыған. 1949 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 1947 жылы Қазақ ССР Жоғары кеңесінің Құрмет грамотасымен, бірнеше мәрте облыстық атқару комитетінің, облыстық партия комитетінің мақтау қағаздарымен марапатталған. Педагогика ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Е.Аққошқаров ардагер ұстаз Балтабай қарияны «Ауылдың Макаренкосы атанды» деген екен.
Тамабек ауылында еңбек етіп жүргенде, ол білікті ұстаз ретінде мектептің материалдық базасын нығайтып, жаңа үлгідегі мектеп ғимаратын салуға бар күш-жігерін жұмсап, бай тәжірибесін ауыл мектебін жақсартуға жұмсаған. Балалары, қыздары мен келіндерінің жоғары білім алуына жағдай туғызып, 98 жасқа келіп өмірден озғанға дейін немерелерінің тәрбиесін өзі қадағалаған екен.

– Әкем жетім өскен. Қолы отқа күйіп, алақаны икемсіздеу болып қалған екен. Атасы «мына балам ертең қалай күн көреді» деген уайыммен Шымкент облысы, Шаян ауданына 13 жасында апарып, білім алуға берген. Әкем Аппақ ишаннан білім алып, ауылға келіп, қатар отырған екі байдың балаларына ескіше сауат ашу ілімін жүргізген. Кейін Кеңес үкіметі орнаған тұста сау-дагерлерге ілесіп, әкем оқу іздеп кетіпті. Сөйтіп, бір жылдық курстан кейін-ақ Ойық мектебіне келіп, шаруа ересектер мектебін ашып, білім беріп, әріп танытқан. Кейін Ташкент қаласына барып, 2-3 жылдық оқуды тағы бітіріп, ең алғаш Жуалы ауданына барып, 3 кластық бастауыш мектебін ашқан. Талас ауданындағы Қызыл мақташы, Бірлік, Ынтымақ деген ауылдарда да әкем бастауыш мектептерін ашқан. Әрине, сый-құрметтен кем болмаған. Ел игілігі үшін, қара халықтың сауатын арттыру үшін еңбек еткен әкем өте абыройлы кісі еді, – деп еске алды Балтабай ақсақал өз әкесін.
Балтабай ұстаз мұғалім атану екінің бірінің қолынан келе бермейтінін, оған лайықты салмақ пен сабыр, білім мен сауаттың ғана емес, сабыр мен мінездің де керектігін ұғады. Көзін тырнап ашқаннан еңбек пен білімнің жетегінде жүрді.

7-сыныпты бітірген жылдары колхоздың арбасын айдады. Орылған бидайды түннің жарымына дейін тасып еңбек еткені әлі есінде. Трактор күндіз жүрсе суы қайнап кететін болғандықтан, түнде іске кірісетін. Сол алғашқы бастаған еңбек жолынан-ақ еңбегі еленіпті.

– Қамабай деген бригадир кісі соңымнан қалмай, «жас баласың, қорқып қалма» деп қамқор болып жүретін. Міне, бұл жас күнімізден еңбекке араласқанымызды білдіреді. Ерназар ауылында, Жұма деген станцияда механизатор даярлайтын арнаулы оқу орнында білім алып, ауылда трактор айдадым. Бұл 1959-1962 жылға дейін. Сол жылдары ауыл басшылары еңбегімді жоғары бағалап, сыйлықтар беріп тұрды. Кейін мал шаруашылығына алып кетіп, сол саланы үйретті. Астыма ат берді. Отар-отар қойды аралап, тынбай еткен еңбегімнің арқасында тағы да көзге түстім. Көп мақтау естідім. Басшылар әкеме еңбегімді ақтап, қой да беріп кететін. 1964 жылы мен мектепке аға вожатый болып қабылдандым. Сол уақытта әкем мен анамның жолын қуып, ұстаздық етуге бел будым. Қызылорда педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті пәніне оқуға тапсырдым. Бірақ отбасылық жағдайға байланысты бұл оқу орнын аяқтай алмадым. Сөйтіп, Шымкент педагогикалық институтының тарих-педагогика факультетіне түстім. Ол жерде мектепте 7 жыл еткен еңбегім ескеріліп, оқуға 10 балмен түсіп, жоғары дәрежеде білім алдым, – деді ол.

Желкілдеген жасөспірім шақ, уақыттың алтын ортасына түскен мезет, енді міне сексеннің сеңгіріне аяқ басты. Ел-жұрты құрмет тұтып, ақыл-кеңес сұрап, кейде жай ғана аман-саулығына тілектес екенін білдіріп, шаңырағына жиі бас сұғады. Ондайда ойы мен бойы түзу шәкірттеріне қарап, уақытының бос кетпегенін, адал еңбегімен қадір арттырып, ұстамды ұстаз болғанына, асқар тауының рухын кірлетпей, әке жолын қуғанына іштей риза кейіпте қалады. Ұл-қыздары мен келіндері де ұстаздық жолында жүр. Мерекелерде бас қоса қалса, ұстанымы мол, ұлағатты ұстаздар қауымынан тұратын әулет білім мен тәрбие аясында әңгіме өрбітеді. Ондайда Балтабай ақсақал көкжиектен шыққан күнге күлімдей қарап шаттанса, батқан күннен балаларының тілеуін тілеп, ұстаздар династиясының жалғасып, көш түзеп, керуенінің көшелі болғанына ризашылық білдіріп отырады.

Қарт ұстаздың ішкі уайымы да жоқ емес. Бала күнінен бір өзі бір қауым елге ұстаз бола білген әке тәрбиесін алып, ұстазға тән барлық қадір-қасиетті бойына сіңіргендіктен, бүгінгі ұстаз қауымы төңірегінде көп толғанады. Налитын тұстары да бар екен. Ол ұстаздық ету өмірдегі ең қиын соқпақ екенін біледі. Бұрынғы мен бүгінгі ұстаздарды салыстырып, көңілі түседі. Оған себеп көп. Бүгінгі таңда мұғалім болу ең оңай мамандыққа айналып бара жатқанына қынжылады. «Ұстаз» деген ардақты атты көтеріп жүру оңай еместігін білетіндіктен, бұл салаға көзқарасы ерекше екенін жасырмады.

– Қазір кім болса сол ұмтылып жатқан соң, ұстаз сөзінің дәрежесін төмендетіп жібердік. «Білім инемен құдық қазғандай» деген нақылдың тереңдігін осыдан аңғаруға болады. Ал ұлы Абай «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деп айтпақшы, бұл осал мамандық емес. Әрине, психологиялық тұрғыдан кешегі бала мен бүгінгі баланы салыстырса, өте күрделі мәселе белең алады. Себебі қазіргі бала барлық жағынан ақылды, барлық саланы там-тұмдап меңгеріп өсіп келеді. Сондықтан олардың білім аясы кең. Дегенмен психологиялық ахуалы, яғни үлкенді құрметтеу, ізет көрсету, ілтипат білдіру жағынан ақсап жатады. Бірақ білім деңгейі жоғары. Себебі оны өмірдің өзі көрсетіп отыр. Мәселен, кешегі мұғалімдерді кім болмасын жоғары бағалап, құрмет тұтты. Ал бүгінде мұғалімдер өздерінің пенде болмысымен көзге көрініп қалады. Оған мысал келтірер болсақ, оқушылардың ортасында жүріп темекі шегу, ішкілік ішіп, қызара бөртіп жүруі – мұның барлығы балаға әсер етеді. Өйткені бала мұны өте тез қабылдап алады. Сондықтан ұстаз еңбегі күрделі, ауыр. Дегенмен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаз еңбегін бағалап отыр. Соның арқасында бұл қадірлі мамандық иесін енді әлдекім балағаттаса, оқушының көзінше оған артық сөйлесе, жауапкершілікке тартылатын болды. Әрине, бұл мәселе де өз орнымен қадағаланса. Ұстаз кінәлі болып жатса, бұл бөлек сөз. Өз қадір-қасиетін жоғалтқан адамның ұстаз болуға құқы жоқ. Зиялылығының арқасында ұстаз баланың екінші ата-анасындай дәрежеде құрметті болса, әрине, оқушы да сыйлайтыны анық. Сондай-ақ баланы баурап алатын қасиет те болу керек. Ұстаз келбеті деген – осы. Кеңес дәуірінде ұстаздың басым көпшілігі ер адам болған екен. Ер азаматтың рухы балаға өте жоғары әсер етеді. Ал әйелдер жұмсақ болғандықтан, бұл мәселе басқаша белең алып кетеді. Бүгінгі таңда осы мамандықты игерген – көбіне әйелдер қауымы. Міне, сондықтан тәрбие де басқаша болып бара жатыр. Балаға ер ұстаздың сөзі де, өзі де оң әсерін тигізері сөзсіз, – деді ардагер ұстаз.

Comments (0)
Add Comment