Мамандық таңдау, соның аясында білім алу үшін жоғары оқу орнын таңдау әрбір түлек пен олардың ата-аналарын қызықтыратыны сөзсіз. Әрине, олардың мамандықты, оқу орнын, жұмыс түрін таңдау жайлы түпкілікті шешім қабылдауы отбасы мүшелерінің, ұстаздарының, достарының, жеке қабілеттері мен бейімділіктері секілді факторлардың ықпалымен жүзеге асырылады.
Қоғамда өзіндік пікірі мен жеке ой-санасы дамып, қалыптасқан әрбір тұлғаның алдына қояр мақсаты – өзіне тән, ұнайтын мамандығының биігіне шығу. Сондықтан өз қалауымен таңдау жасау және сол жолда уақытын арнау, күшін жұмсау қажеттілігін түсіну маңызды. Ал заманауи қоғамда бәсекеге қабілетті әр тұлға өзінің бойындағы икемділігі мен қабілетін шыңдап отыруы керек. Сондай мамандықтардың қатарында білім беру саласында қызмет ететін педагог-психологтар бар.
Педагог-психолог балалар, ұстаздар, ата-аналармен жұмыс істейтін, нәтижеге жетуге көмектесетін маман. Осы маман иесі атану үшін психологиялық білім алуды көздейтіндер өздерінің кәсіби бастамасы қаншалықты перспективалы болатынын елестете алмайды. Ол – алға қарай ұмтылуға, дамуға жетелейтін, қиындықта құрбан болып кетуден сақтап, өз өмірінің режиссері болуға бағыт сілтейтін, қолдауды қажет ететін адамдардың өміріне жаңа тыныс, мағына әкелетін, өмірдің баға жетпес сый екенін жеткізе білетін әмбебап маман. Сондай-ақ олар ойлаудың икемділігімен, стреске төзімділігімен ерекшелене отырып, балаларға, ата-аналарға, ұстаздарға жетістікке жетуге көмектеседі. Осы мамандықта оқығандар білім беру, арнайы және түзету мекемелерінде педагог-психолог болып жұмыс істей алады. Қызмет жасау аясына тек мемлекеттік мекемелер ғана емес, сонымен қатар отбасыларға және балаларға көмектесетін қайырымдылық қорлары, дамыту және балалар шығармашылық орталықтары да кіреді. Педагогика мен психология саласында білімі бар маман балалармен тікелей жұмыста ғана емес, онлайн-оқытуда, ұстаздарға оқу үрдісін онлайн ұйымдастыруды жүзеге асыруда да қолдау көрсетеді. Сол себепті заман көшіне ілесіп, бәсекеге қабілетті жас мамандар даярлауда еңбек нарығында сұранысқа ие педагог-психолог атану әрдайым даму үрдісінде болуды қажет етеді.
Өзге тұлғаның жанына жылу, шуақ сыйлағанда бақыт гормоны бөлінеді. Бұл адам жанын түсініп, оны өмірде бақытты ететін сәттерді көбейтеді. Аталған мамандық жайлы кішігірім ой толғай отырып, оқырман кауымға өз өмірі мен мамандығына қанағат сезімінің болуы зор бақыт екендігін айтқымыз келеді. Ендеше, шынайы көңіл сарайын ашатын мамандықты қалай жақсы көрмеске?!
Гүлжан Мақашқұлова,
Бақыт Әлмұратов,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Педагогикалық психология» кафедрасының аға оқытушылары