Адам саудасы – әлемдік мәселе

Мемлекеттің тірегі – халық. Әлем елдері заңда ең әуелі адам құқығы мен бостандығына басымдық беретіні содан. Көпшілік адамды еркіндігінен айырып, құлдықта ұстайтындар туралы өзі ізденіп, артық білгісі келмейді. Ал статистика бойынша адам саудасы және өзгені еркінен тыс құлдықта ұстау есірткі, қару-жарақ саудасынан кейінгі үштікте тұр.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Шымкент қаласындағы «Сана-сезім» бірлестігінің бастамасымен өткен семинардың мақсаты – Қазақстанның барлық аймағынан келген еріктілерді қоғамда елеусіз қалып жатқан адам саудасы жөніндегі құқықтық сауаттылығын арттыру.

«Тау самалы» демалыс орнындағы семинарға әр аймақтан 2 адам, жалпы 25 ерікті қатысты. «Азаматтық қоғам ұйымдарының әлеуетін арттыру арқылы адам саудасына қарсы күш біріктіру» атты ауқымды жоба АҚШ департаментінің қаржыландыруымен жүзеге асуда. Онда бірлестіктің директоры Шахноза Хасанова бастаған психолог, заңгер мамандар апта ішінде адам саудасы туралы арнайы дайындаған сабақ кестесі бойынша дәріс өткізді. Осы орайда бірлестік басшысымен тілдесіп, сұхбаттасудың реті келді.

– Шахноза Хасанова, әңгіменің әлқиссасын орталықтың тарихы және атқарған жұмыстарынан бастасаңыз…
– Орталық әуелі 2001 жылы коммерциялық емес ұйым ретінде тіркелсе, 2004 жылы қоғамдық ұйым ретінде қайта құрылды. Міне, содан бері түрлі бастамалардың бел ортасында жүріп, ассоциациялар мен коалицияларға мүше болдық. «Сана-сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы негізі қаланған тұстан күні бүгінге дейін әйелдер мен балалар, жұмысшы-мигранттардың құқықтарын қорғау бойынша ілкімді істерді бел сыбана шешіп келеді. Атап айтсақ, орталық азаматтардың сот әділдігіне қол жеткізуіне, адам саудасын тоқтатуға, әйелдер мен балалардың зорлық-зомбылықсыз өмір сүруіне, еңбек көші-қонындағы шаруаларды реттеуге ықпал етеді. Біз алғашқыда әйел мен балалардың құқығын қорғайтын едік. Кейін адам саудасына келгенде, көбіне ер азаматтардың да опасыздықтың құрбаны болып жатқанын білдік. Ал еңбек көші-қонымен байланыс орнатқанымыздың себебі, Қазақстан экономикалық әл-ауқаты жағынан қуатты мемлекет болғандықтан, бізге жұмыс істеуге Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары көптеп келетініне көз жеткіздік. Кеңес өкіметінің «қызыл куәлігімен» жүрген азаматтарға, туу туралы куәлігін алмаған жасөспірімдерге көмек көрсетеміз. Зорлық-зомбылықтың құрбаны болғандарға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Біздің заңгерлер қажет болған жағдайда азаматтардың құқығын сотта қорғайды. Орталықта тәулік бойы жедел желі жұмыс істейді, онда операторлар кеңес беріп, тиісті маманға бағыттайды. Ұйымға түрлі сипаттағы сұрақтар келіп түседі. Мұндайда азаматтардың өтініштері орталықтың міндетіне қатысты болмаса, жедел желі телефонының операторлары тиісті ұйымға бағыттайды.

– Бірлескен жобаның мақсаты қандай?
– Біз бұл жоба аясында тікелей министрлік, құқық қорғау органдары, жергілікті әкімдіктермен бірлесе жұмыс істейміз. Мысалы, әкімдікте комиссиялар және түрлі мобильді топтарға мүше болып, заңнамаға өзгерістер енгізуге ұсыныс береміз. Бұдан бөлек, адам саудасы мен зорлық-зомбылық төңірегінде қалада қордаланған мәселелерді оңынан шешуге атсалысамыз. Аталмыш үш жылдық жоба 2019 жылдың сәуір айынан басталды. Осы ретте еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың жұмыс сапасын арттыру да қолға алынғанын атап өткеніміз абзал. Мәселен, олардың мемлекет алдында есеп беруі және азаматтарға құқықтық көмек көрсету бойынша дамытуын жүзеге асырып отырмыз. Оларға әр жылы екі тренинг өткізіледі. Мысалы, біздің бірінші тренингіміз адам саудасына байланысты халықаралық құжаттарға арналды. Еліміздегі заңнамаларға сәйкес құқығы қорғалмаған азаматтарға кейін халықаралық комитеттерге қалай жүгінуге болатынын үйреттік. Екінші тренинг адам саудасындағы ұйымдасқан қылмыста үкіметтік емес ұйым өкілдерінің өзін-өзі қорғауы туралы болды. Ал жазғы лагерьде адам саудасы бойынша білімін арттырған еріктілер өздерінің аймақтарына барғанда ақпараттандыру жұмыстарына араласады. Бұл уақыт өте жақсы нәтиже береді деп сенеміз.

– Ана мен бала жайы – тұтас бір ұлттың мәселесі. Демек, олардың құқығына көз жұмып қарауға болмайды. Орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қажыған жандарға қандай көмек көрсетіледі?
– Әйелдерге зорлық-зомбылық сипаттағы қысым көрсету ежелде де болған. Өкініштісі, біздің қоғамда да бұл кең таралған. Сондықтан кейде қатаң қағида мәңгілік және өзгермейтіндей болып көрінеді. Ол қоғамның барлық салаларында, этникалық, мәдени топтарда бар. Бүгінгі күнге дейін отбасылық проблемаларды, оның ішіндегі отбасындағы қатыгездік мәселесін, қоғамдық өмірдің объектісі немесе ғылыми-зерттеу тақырыбы ретінде көру әлі де әдетке айналған жоқ. Қазір еліміздегі көптеген отбасының «жабықтығы», отбасылық мәселелермен айналысатын мамандардың проблемаларды анықтауға мүмкіндігінің болмауы, құқық қорғау және медициналық мекемелерден берілетін ақпараттың аздығы, жәбірленушінің заң жүйесіне сенімсіздік танытуы және басқа да факторлардың себебінен бұл мәселенің қаншалықты күрделі екенін нақты айту қиындау. Дегенмен қолды бос қоймай, профилактикалық шаралар ұйымдастырамыз.

– Әлі күнге дейін құжатсыз, құқықтық тұрғыда Қазақстан Республикасының азаматы ретінде тіркелмегендер саны азайды ма? Қазақстандықтардың құқықтық сауаттылығы артты деп айта аламыз ба?
– Біздің ұйымға қайырылған азаматтардың көбі өздерін жәбірленуші деп есептемейді. Өзін пайдаланып жатқанын түсінбейді. Біздің ұйым жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ азаматтарға, яғни Кеңес өкіметі тұсындағы куәлігін уақытында әртүрлі себептермен Қазақстан Республикасының жеке куәлігіне айырбастай алмаған азаматтарға құжаттандыру жағынан тегін заңгерлік көмек көрсетеді. Қайырылған азаматтарға барынша көмектесеміз. Бірақ құжаты жоқтар көбеймесе, азаяр емес. 2019 жылдан бастап ҚР ІІМ, ҚР ӘМ және «Сана-сезім» бірлестігі адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюромен бірлесіп, жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ азаматтарға көмек көрсету туралы республикалық акция өтуде.

– Биыл жыл басынан бері неше адамға көмек көрсеттіңіздер? Адам саудасының алдын алу үшін азаматтарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Адам саудасының алдын алу бойынша «Сана-сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» ҚБ деректері бойынша 2021 жылы жедел желіге 932 адам қоңырау шалыпты (ерлер – 521, әйелдер – 411). Соның ішінде адам саудасы мен еңбек көші-қоны бойынша зардап шеккен 90 адамға көмек көрсетілді. Біздің жобамызда адам саудасына тосқауыл қою, зардап шеккендерге көмек көрсету қарастырылған. Мысалы, бірнеше жыл құлдықта болып, кейін отбасына келген адамды туыстары қабылдамай қоятын да жағдайлар кездеседі. Бір бойжеткеннің басынан мына бір жағдай өткен. Ол Ресейге жұмыс іздеп барамын деп сексуалды құлдықта болған. Кейін елге қайтқан соң, одан ата-анасы теріс айналып, «елге масқараладың» деп қабылдамай қойған. Онсыз да азапты күндерді басынан өткерген адам мұндай жағдайдан соң не істейді? Ондайлардың жеңіл жүріске салынып немесе өзі түнгі көбелектердің жеңгетайы болып кету қаупі бар. Тағы бір жағдай, ер азаматты алайық. Бірнеше жыл хабарсыз кеткен ол аман қалып, отбасымен қауышқанда «бала-шағамды баға алмадым» деп өзін-өзі психологиялық тұрғыда жеп тастауы мүмкін. Міне, көрдіңіз бе, ондайлар үшін бейімдеу орталықтары ауадай қажет. Біз ұсынған жобада әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-мәдени сынды қызмет түрлері қамтылған.
Ел азаматтарына құлаққағыс ретінде айтарым, қазір әлеуметтік желілерде шетелде жұмыс істеу туралы жарнама жылт етіп шыға келеді. Қарапайым ғана нәрсе, осы ұсынысқа келіспес бұрын ақпаратты алдымен тексеріп немесе біздің ұйымның сенім телефонына алдын ала хабарласып, шетелге шықпай тұрып, қауіпсіздік шараларын қабылдау қажет.

– Әңгімеңізге рақмет!
Адам саудасы жоғарыда атап өткендей, әлемдік мәселеге айналған. Онымен күресу үшін азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға күш салуымыз қажет. Себебі бұл жағдайға кез келген адам тап болуы мүмкін. Газетіміздің алдағы сандарында адам саудасы туралы өзекті ақпараттар жариялайтын боламыз, оқырман!
Тараз-Түркістан-Тараз

Comments (0)
Add Comment