Адам саудасы – азғындықтан

Полиция басқармасының қызметкерлері мен «Қоғамдық көзқарас» қоғамдық қоры бірлесіп 30 шілде – Адам саудасына қарсы күрестің халықаралық күніне орай акция өткізді.

Сәндібек Піренов

Елімізде адам саудасы туралы деректерді көпшілік саралап, түсініп, байыбына бара бермейді. Бірақ алдыңғы қатарлы елдердің зерттеулеріне сүйенсек, әлем бойынша адам саудасының құрбаны болғандардың саны жыл сайын өсіп жатыр. Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Ильхом Салахотдинов пен қоғамдық қордың негізін қалаушы Асия Қалиева бастаған құқық қорғау саласының қызметкерлері мен еріктілер халық көп шоғырланатын орындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Алдымен топ мүшелері теміржол вокзалына барып, ондағы дүкендер мен вокзал қызметкерлеріне және қала қонақтарына буклет, адам саудасы бойынша мәселелерді шешуге барынша атсалысып жүрген қоғамдық бірлестіктің нөмірі көрсетілген жадынамалар таратты. Осы топ қаладағы автобекетке де барып акцияны жалғады. Бұл игі шараның қала қонақтары көп шоғырланған аумақтарда ұйымдастырылуының себебі – статистика бойынша көп жағдайда адам саудасына мигранттардың ілігетіндігінен. Бұл жағдайда бізге көрші Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан келетін жұмысшылардың үлесі басым екенін ескерсек, солардың ішінде құжаттан қағылып, кейін бірнеше жыл жұмысқа жегілген азаматтар да жоқ емес. Жалпы түсіндіру жұмыстарының да басты бағыты сол – адам саудасының құрбаны болғандардың мәселесі барынша оңынан шешілетінін түсіндіру еді.

Comments (0)
Add Comment