Адам саудасы ауыздықтауға келмей ме?

Жер бетінде құқықтық мемлекеттер саны басым, дегенмен адам саудасы, құлдық тәрізді келеңсіз құбылыстар тоқтаған емес. Адамды еркінен тыс құлдыққа жегу, жез­өкшелікке салу, «тірі тауар» ретінде және бөлек ағзасын сату ең дамыған елдердің өзінде әлі күнге жойылмады,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Өкініштісі сол, Қазақстан да адамды жан құрлы көрмейтін тірі тауар дәлізіне айналды. Таяуда 6 қазақстандықты шетел асырып, адам саудасымен айналысқан өзбек азаматы елордада ұсталды. Ал бұл қылмысты ауыздықтауға амал жоқ па?

Пенде өмірі кәсіп көзіне айналды

Өткен жылы ақпанда Қазақстанның Сауд Арабиядағы елшілігінің көмегімен Бахрейн полициясы сол елдегі 21 қазақ­стан­дықты сексуалдық құлдықтан босат­қан. Жас қыздар жоғары жалақы туралы жалған уәдеге сеніп барған. Артынша Ішкі істер министрлігі қыздарды саудалаған қыл­­мыстық топтың 9 мүшесін ұстады. Төрт­еуі – Қазақстан азаматы, төртеуі Бахрейн және біреуі Үндістан елінің тумасы екен. Бахрейнге барған қыздардың көбі оңтүстік өңірлерден, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан. Әрқайсысын 5-15 мың доллар аралығында саудалапты. Жалпы, соңғы жылдары қазақстандық азаматтарды оңтүстік-шығыс елдеріне сатқан жайлар көп кездесіп жатыр. Сарапшылар жағдайы төмен отбасыдан шыққан­дар мен мол қаржы тапқысы келетіндердің адам саудасының құрбаны болып жататынын жиі айтады. Заңсыз бизнестен табыс табу жағынан адам саудасы қару-жарақ және есірткі сатудан кейінгі үшінші орында тұр. Оның өзі әлем бойынша шамамен 40 миллионнан астам адамды құрбан ететін трансұлттық қылмыстық ұйымдарды ба­йы­тады. Ақшаны жылыстатуға қарсы күрес бойынша қаржылық шараларды әзірлейтін халықаралық FATF тобының мәліметінше, жыл сайын адам сатудан 150 миллиард дол­лар пайда түседі. Осыдан-ақ жағдайды болжай беріңіз. Қазақстан Консти­туциясының 1-бабында «мемле­кет­тің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі» екені көрсетілген, ал адам саудасымен айналысқандарға көзделген жаза жеңіл ме? 2020 жылдың 1 қаңтарында Қылмыстық заңнамаға бірнеше өзгеріс енгізілді. Солар­дың арасында адам саудасы, кәмелеттік жасқа толмағандарды сатуға байланысты баптар да болды. «Кәмелеттік жасқа тол­маған балаларды сату» деп аталатын 135-бап бұрынғыдан да қатаң жаза қолдануды қарастырды. Егер біреуге сатқан немесе сатып алған бала қайтыс болса, оның өліміне кінәлі адам 18 жылға қатаң тәр­тіптегі колонияға қамалады. Бұрын осы бап­тың 4-тармағы бойынша қылмысы дәлелденген тұлға 15 жылға түрмеге қама­латын. «Адам сату» деп аталатын 128-бапқа қатысты жаза күшейтілді. Бұдан былай мұн­дай қылмыс жасаған адам 3-тен 4 жыл­ға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал ең ауыр жаза бұрынғы қалпында қалды – 15 жыл қатаң тәртіптегі колонияға қамау. Адам саудасының жазасына байланысты тартыстар көп. Кей елдер өлім жазасын, енді бірі ұзақ жылға түрмеге қамауды сұра­са, басқа сарапшылар ауыр жаза ештеңе шеш­пейтінін баяндайды.

«Қылмыскерге жаза түзету үшін қол­данылады. Оны қинау мақсатында емес. Түзелуге ниеті бар адамға 3-4 жыл да жеткілікті. Ал түрмеде неғұрлым көп отырса, соғұрлым «жазасын тартады» деп ойлау жөн емес. Мысалы, қамауда 10 жыл отырған адамға мерзімнің ұзақтығы кері әсер етіп, қоғам өмірін жатсынып, қыл­мыс­тан алыстамауы мүмкін. Сондықтан қазіргі Қылмыстық кодекстегі адам саудасына байланысты баптар жеткілікті мерзімді көздейді. Мемлекет жазалаушы емес – түзетуші», – дейді заңгер Талант Рамазанов.

Қазақстанда адам саудасы 2012 жылдан бастап қатты белең ала бастаған. 2019 жылы жүргізілген зерттеулер қорытынды­сында «осалдық индексі» елімізде 43% бо­лып­ты. Әрбір екінші қазақстандық осын­дай сауданың құрбаны болып кетуі мүм­кін дегенді білдірсе керек. Бірақ ескере кетер жайт – әлемде адам саудасын то­­лы­ғымен нәтижелі ауыздықтаған тәсіл­дер жоқтың қасы. Бұның себебін сарапшылар адам саудасындағы ақшаның тым көп екенімен түсіндіреді. Дегенмен жауаптылар қол қусырып отырған жоқ. 2019 жылы елімізде адам саудасына қатысты 141 қылмыстық іс қозғалған, оның 59-ы адам ағзасын сатуға қатысты болған. Бұл ретте ІІМ 2017 жылдан бері адам ағза­сының заңсыз саудасы және трансплантациясымен айналысқан тран­сұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты әшкере­леді. Олар 2 жылда Украина, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы мемле­кеттерінен донор тауып, олардың бүйрегін израильдік репициенттерге өткізіп отырған. Қылмыстық топ 57 заңсыз транс­плантациялық ота жасап, шамамен 10 миллион доллар табыс тауыпты. Олар­дың бірі Словенияда қолға түсті. ІІМ Тер­геу департаменті сол трансұлттық топтың үстінен қозғалған тергеуді тек был­­­­тыр аяқтады.

Құрбандардың нақты саны белгісіз

Халықаралық Walk Free Foundation қорының мәліметінде адам саудасымен айналысатын қылмыстық топтардың құлдық тұзағына әлемде жыл сайын 40 миллионға жуық адам ілігетіні айтылған. Ал БҰҰ дерегінше, Қазақстанда құлдық қамытын киген 75 мың адам бар. Бұл көрсеткіш Ресейде 794 мың межесінде. Мұның бәрі болжам күйінде, шындығында әлдеқайда көп болуы мүмкін. Ал елімізде соңғы 16 жылдың ішінде ресми 1,5 мың қыл­мыс тіркелген. Жыл сайын 180 қыл­мыстық іс қозғалады. Айтатын бір жайт – адам саудасынан жапа шеккендердің 71 пайызы әйелдер екен. Бірақ биыл елдегі Дағдарыс орталықтары одағы құлдық бойынша сатылатындардың басым бөлігі ер-азаматтар екенін мәлімдеді. Күдікті шақыртулар көп жағдайда Қытай, Корея, Түркия және Еуропа елдерінен түседі. Сарапшылардың айтуынша, әлемде екі жа­рым миллионға жуық адам – құл алып-сату­шылардың қолында. Жыл сайын мыңдаған ер-азамат, әйел мен балалар өз елі мен шетелдегі адам саудалаушылардың қолына түседі.

«Қазір республикалық жобаны іске асыру мақсатында біздегі 11 қалада Үкі­меттік емес ұйымдардың серіктестері жұ­мыс істейді. Олар адам саудасының құрба­ны болғандарға көмектеседі. Ста­тистикаға сүйенсек, 2019-2020 жылдар аралығында 258 адам адам саудасының құрбаны болған. Оның 80 пайызы – ер-азаматтар. Демек, адам саудасының құрбаны болатындардың дені ер адамдар болып отыр», – деді «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығының директоры Шахноза Хасанова.

1 200 адам із-түзсіз жоғалды

Былтыр ІІМ-нің Криминалдық полиция департаменті 1 200 адамның із-түзсіз жоғалып кеткенін жария етті. Оның 22-сі – бала, көбі – қызметтік іссапарға шық­қан, өзге өңірлерге маусымдық жұмыс іздеп кет­кен, автокөлік, жүк тасымалдауға ат­тан­ған ер адамдар. 2019 жылы адам саудасы бойынша баяндамасын жариялаған АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақ­стан­ды «бақылау тізіміне» енгізді. Көп ұзамай Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова адам саудасына қарсы күрес шараларына қатысты ахуалға алаңдап, Үкіметке ресми хат жолдағанын білеміз. Маманның пікі­рін­ше, елдегі адам саудасы қылмыс­тары толық ашылмай жатыр. «Қазақстан­дағы адам саудасы фактілері мен қыл­мыстық жауапкершілікке тартуға қатысты ресми статистика Қырғыз Республикасы мен Өзбекстанды қоса алып салыстырсақ, айтарлықтай төмен. Яғни, мұндай қыл­мыс­­тық істерді анықтау, тергеу және жаза­лау жұмысы тиісті деңгейде атқарыл­май жат­қанын байқатады, – деген болатын Эльвира Азимова.

Алаңдатары сол, адам саудасындағы түйткілді, құрбандардың көп екенін ІІМ де мойындап отыр. Практика көрсет­кендей, елдегі сауданың құрбандарының көбі – Орталық Азия елдерінің азаматтары. Пайызға шақсақ, 90 пайызы – қазақстан­дық­тар. Адам саудасындағы құрбанның ең басты қателігі – арбауға алдану. Internet World Stats ұйымы Қазақстанды интернет арқылы арбауға ыңғайлы елдердің қата­рына кіргізген. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздік саласындағы шектеу және ағарту жұмыс­тарын күшейткен абзал.

Comments (0)
Add Comment