Адам өміріне қауіпті кесел

Жыл сайын 14 қарашада Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні аталып өтеді. Бұл күнді Халықаралық диабет федерациясы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірге 1991 жылы қант диабеті жағдайларының көбеюіне байланысты құрған болатын.

Бүгінгі таңда бүкіл әлемде осы патологиямен ауыратын науқастардың саны 463 мил­лионнан асады. Бұл мәсе­ленің өзектілігі мен меди­циналық-әлеуметтік маңыз- дылығын ескере отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қант диабетін ХХІ ғасырдың эпидеті деп жариялады.

Бұл Қазақстан үшін де өзек­ті мәселе болып отыр. ҚР Денсаулық сақтау министр­лігінің деректері бойынша соңғы 15 жылда елімізде қант диабетімен ауыратын науқастардың саны 3,5 есе өскен. 2021 жылдың басында елімізде диспансерлік есепте 382 мың адам болған. 2022 жылдың 1-тоқсанындағы жағдай бойынша қант диа­бетімен ауыратын науқастар­дың саны 431 871 адамды құраған, бұл өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіштің айтарлықтай өскенін аңғар­тады.

Облысымызда 20 мыңға жуық адам есепте тұр. Қант диабеті жағдайларының 4,3 пайызы 1-типті қант диабеті­не жатады. Қалған жағдайлар II-типке сәйкес келеді.

Қант диабеті – ұйқы безі ин­сулинді жеткіліксіз өндірген­де немесе дене өзі өндірген инсулинді тиімді пайдалана алмаған кезде дамитын со­зылмалы ауру. Бұл көмірсулар алмасуының бұзылуымен, қандағы және зәрдегі глюко­заның жоғарылауымен, сон­дай-ақ басқа метаболикалық бұзылулармен сипатталады.

Қант диабетімен ауыратын адамдардың көпшілігінде бастапқы уақытта ешқандай белгілер байқалмайды. Сон­дықтан медицина мамандары қант диабеті белгілерінің жалпы көріністеріне мұқият болуға шақырады:

– айқын шөлдеу;

– зәр шығарудың жоғары­лауы;

– жиі аштық сезімі;

– бұлыңғыр көру;

– дене салмағының төмен­деуі;

– тез шаршау және әлсіздік;

– терінің қабынып, зақымда­нуынан кейін емдеудің қиын жүргізілуі.

Предиабет пен қант диа­бетінің белгілері қандағы қант деңгейінің жоғарылауымен көрінеді. Қант диабетіне дей­інгі және қант диабетінің даму қаупін анықтау үшін глюкоза деңгейіне қан анализі қажет. Әдетте бұл процедура 8 сағаттық тамақтану үзілісі­нен кейін (ұйқыдан кейін, аш қарынға) жүзеге асырылады.

1-11 қараша аралығында облыстық аурухана қызмет­керлері – дәрігерлер, орта, кіші және басқа да қызмет­керлер үшін акция өткізілді. Екі жүз медицина қызметкері қандағы гликемияны өлшеп, 16 қызметкерде көмірсу­лар алмасуының бұзылуын анықтады. Тіпті осындай кіш­кентай акция арқылы қанша адам көмірсулар алмасуының бұзылуымен жүргенін білуге болады, өйткені ешқандай белгілері байқалмайды.

Облыстық көпсалалы ауруханасының 2 консуль­тативтік-диагностикалық бөлімшесінің корпусында да Дүниежүзілік қант диабеті­не қарсы күрес күніне орай қала және облыс тұрғындары үшін «Қант диабетіне өзіңді тексер!» атты ашық есік күні өтті. Шараға келген тұрғын­дар қандағы глюкоза деңгейін өлшетіп, эндокринологтан кеңес алды.

Қант диабетінің пайда бо­луына адамның дұрыс та­мақтанбауы мен дене қи­мылының азаюы және күй­зеліс себеп болады екен. Мұн­дай жағдайда адам күйзеліске түспеуі мүмкін емес. Бұл да диабеттің асқынуына алып келеді. Сондықтан психолог мамандармен кеңесіп тұруды жөн санайды дәрігерлер. Қант диабеті – адам өміріне өте қауіпті дерт. Оған бейжай қа­рамағанымыз жөн, әсіресе ке­лешек ұрпақ қамын ойласақ, бүгіннен әрекет еткен абзал.

Лаура АБАЙҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment