Адам өмірі – қымбат қазына

Тараз қаласы әкімдігінің мәжіліс залында қалалық кеңестің «Еңбек қауіпсіздігі және жұмыскерлердің, жалпы қала тұрғындарының денсаулығы мен өмірін сақтау туралы» кеңейтілген отырыс өтті,- деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Жиынды Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов ашып, жүргізді.Мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам болғандықтан қоғамдағы ең басты құндылық та сол адамның өмірі, болмысы, денінің саулығы болып табылады.

Қала аумағындағы кәсіпорындарда соңғы үш жылда 67 жазатайым оқиға тіркеліпті. Жалпы саны 89 адам зардап шеккен, оның ішінде 21адам қаза тапқан, 31 адам ауыр жарақат алған. Өндірістегі жарақат, мертігу, тіпті соңы өліммен аяқталатын оқиғалар саны азаяр емес. Биылғы жарты жылдықтың өзінде қаладағы қауіпті өндірістік объектілерде 19 оқиға тіркеліп, апат салдарынан 19 адам зардап шеккен, оның ішінде 6-уы өмірімен қоштасып, 8-і ауыр жарақат алыпты.

– Қоғам үшін ең күрделі мәселенің бірі- балалар мен жасөспірімдердің өмірін қорғау болып табылады. Мектеп жасындағы балалардың шылым шегуі, ішімдік ішуі, есірткі қолдануы немесе әр түрлі қылмыстық іс-әрекетке баруы да алаңдатып отыр. Соңғы кездері мектеп оқушылары тарапынан өзінен кіші сыныптардағы жасөспірімдерге күш көрсету, қорқыту арқылы сексуалдық әрекеттерге жүгіндіру дәйектерінің белең алып бара жатқандығы туралы бұқаралық ақпарат құралдары жарыса айтып, әлеуметтік желілер жиі шу көтеруде – деді Тараз қалалық Қоғамдық кеңес жанындағы мониторингтік жұмыстарды ұйымдастырушы М.Р.Жаманбалаев.

Сонымен қатар қазір қоғамда белең алып отырған маңызды мәселенің бірі өрт сөндіру мәселесі де осы отырыста талқыға түсті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment