Адалдықпен абырой жина

Елімізде сыбайлас жемқорлық күрмеуі шиеленіскен мәселелер қатарында. Ал онымен күрес жұмыстарының негізгісі жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруден басталатыны анық. Осыған орай ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті мен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті бірлесе Ted-X форматында «Ozinnen BASTA» тақырыбында конференция ұйымдастырды.

Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ

Конференция алдында Дулати универсиеті «Sanaly urpaq» жобалық фронт офисінің бас маманы Асқар Қадырқұлов сөз сөйлеп, жаңа ойынның шартымен таныстырды.

– Жуырда көкшетаулық студенттер квест ойынын өткізген еді. Тың жоба ізімен тараздық студенттер де «Anti corruption Quest-Dulati» ойынын бастады. Бағыты айқын болғанымен, шарты бөлек ойынға студенттер ә дегеннен қызығушылық танытты. Жастардың парасаттылық, адалдық, әділеттік қағидаларын жіті түсінуге жол ашатын ойында тапқырлар ғана жеңіске жетеді. Үш кезеңнен тұратын ойынға 17-20 жас аралығындағы студенттер топтасып қатысады. Ойын алдында бүгінгі Ted-X форматындағы конференция жастарға тың серпін беретіні анық. Себебі қаланың қоғамдық-мәдени шараларына белсене араласып, дамуына үлес қосып жүрген аға буынның ақыл-кеңесі жастарға азық, – дейді Асқар Жақсылықұлы.

Форматы бөлек конференцияға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті жанынан құрылған «Antikor» үгіт-насихат штабының мүшелері белсене атсалысты. «Асыл-Арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ринат Нұрақбаев бүгінгі қоғам жайын өз көзқарасымен жеткізді. Ол сөзінде: «Ұлттық мәдениет, ұлттық дәстүр мен құндылықтарымыз сын тезіне түссе де, ұлттық болмысымызды жоғалтып алмауымыз керек», – деп жастарды қазақтың бойына қанмен сіңген уәдеге берік болу, сертті бұзбау сынды азаматтық асыл қасиеттерді биік қоюға шақырды. Ал адам бойындағы ізгі адалдық қасиет турасында «Jambyl-Taraz» қоғамдық-саяси газетінің директор-бас редакторы, қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали ой қозғады.
– Адам ең әуелі өзіне адал болмаса, өзін жоғалтып алуы мүмкін. Екіншіден, өмірлік серігіме адалмын. Үшіншіден, мамандығыма, төртіншіден, қоғамға адалмын. Адам өмірінің мән-мағынасына айналған осы адалдыққа атүсті қарасақ, өміріміз босқа өтпей ме?! Ата-анам «Уәде – Құдайдың серті» деп тәрбиелеген. Сол сөз менің жүрегімде сақталып қалды. Ал адалдық ұғымы қайдан шығады? Адалдық – біздің ұлттық кодымызда жатыр. Иә, қоғамда қасаң қағидалар мен жемқорлық, көреалмаушылық сында кереғар қасиеттер де бар. Бірақ бұл отарлау саясатының салдарынан бойға тараған, – деді Эльмира Мырза-Ғали.

Адалдық ұғымын жастарға мейлінше ұғыныңқы жеткізуді көздеген спикер: «Өмір қарама-қайшылықтардың арпалысынан тұрады. Халқымыз сол өмірге қадам басқан баласының тұсауын ала жіппен кесіп, «өзгенің ала жібін аттама», «адал бол» десіп тілегін жаудырады», – деп сөз соңында өзімен ала келген ала жіпті залда отырған студент қызға «ұлды әке, ұлтты ана тәрбиелейді» деп ырымдап табыстады.

Конференцияда облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Таутен адалдық мәселесін жастардың көзқарасымен ашып айтып, ой тастады. Осыдан кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Jas Otan» жастар қанаты бөлімшесінің жетекшісі Дәурен Мамыш білім саласында сыбайлас жемқорлықтың статистикасын алға тартып, замандастарын бұл кеселден аулақ болуға шақырды. Спикер еліміздің дамуына, экономикалық әл-ауқатының нығаюына кедергі болатын қауіпке қарсы күресті ерте жастан қолға алуға үндеді.

Қаланың тыныс-тіршілігіне етене араласып, түрлі салада лауазымды қызмет атқарып жүрген алдыңғы аға буын тағылымы мол конференцияда ойын ашық жеткізді. Ted-X форматындағы конференцияның ерекшелігі де – осы. Қоғамның бүгінгі белді азаматтары жастармен бір деңгейде пікірлесіп, ой бөлісіп жатса, бұл алдыңғы ағалар мен кейінгі буынның арасындағы байланысты нығайтуда сәтті қадам болып отыр.

Comments (0)
Add Comment