Халық үшін мемлекеттік қызметші қашанда әділдіктің, қарапайымдылықтың имиджі екені белгілі. Өзгерістерге дайын бұл қоғамда мемлекеттік қызметшінің өз қамы үшін емес, мемлекеттің игілігі үшін қызмет етуі оның кәсібилігіне байланысты.
23 маусымда Мемлекеттік қызметкерлер күнін атап өту дәстүрге айналған. Мереке қарсаңында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Лесбек Ілебаевпен әңгімелесіп, департаменттің алдағы жоспарын білген едік.
– Лесбек Құралбайұлы, алдымен департаменттің атқарып жатқан жұмыстарына тоқталсаңыз. Бүгінде неше қызметкер осы салада қызмет етеді?
– ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті белгіленген құзыреттілік шегінде мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік бақылау салаларында реттеушілік, іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық органы болып табылады. Департаменттің негізгі бағыты – мемлекеттік қызмет саласындағы біртұтас мемлекеттік саясатты облыс аумағында іске асыру, мемлекеттік қызметті жетiлдiру және оның тиімділігін арттыруға үлес қосу, мемлекеттік қызметті кәсібилендіру, кадрларды іріктеу және мемлекеттік қызмет персоналын басқару мәселелері бойынша облыс аумағындағы мемлекеттік органдардың қызметтерін үйлестіру. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсаны жағдайына өңірде 4613 мемлекеттік қызметші қызмет атқарады. Оның ішінде саяси мемлекеттік қызметшілер саны – 16, «А» корпусы – 1, «Б» корпусы әкімшілік мемлекеттік қызметшілер саны – 4596. Жалпы мемлекеттік қызметшілер санының ішінде әйел адамдардың саны – 2145, яғни 46,4 пайызды құрайды. Департаменттің құрылымында 4 басқарма бар, оңтайландыру шараларын өткізгеннен кейін қазіргі уақытта департаментте барлығы 21 мемлекеттік әкімшілік қызметкер еңбек етуде.
– Уақыт өзгерген сайын қойылатын талаптар да жаңаруда. Бүгінде мемлекеттік қызметкер болу үшін қандай сатылардан өту қажет?
– Мемлекеттік қызметке кіру үдерісі конкурс ұғымына біріктірілген бірнеше кезеңнен өтеді. Егер мемлекеттік органда бос лауазымдар пайда болған жағдайда, онда кандидаттарды конкурстық іріктеу (ішкі немесе жалпы конкурс) өткізіледі. Мемлекеттік қызметке алғаш кіретін немесе жаңадан қабылданатын азаматтар іріктеудің келесі кезеңдерінен өтеді: мемлекеттік тілді және Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге тестілеу, жеке қасиеттерін бағалауға тестілеу, әкімшілік мемлекеттік лауазымға орналасуға конкурстың әңгімелесу кезеңі.
Жаңашылықтардың бірі ретінде мемлекеттік тілді және Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестілеуден қайта өту мерзімі қысқартылғанын атап өту қажет. Яғни бұрын тестілеудің шекті мәнінен төмен баға алған азаматтар 30 күнтізбелік күннен кейін ғана қайта тапсыруға құқылы болса, қазіргі таңда 15 күнтізбелік күннен кейін қайта тапсыра алады. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаларға заман талабына сәйкес өзгерістер енгізілуде. Оның ішінде мемлекеттік қызметке түсу барынша жеңілдетілген. Атап айтқанда, ірі квазимемлекеттік сектор субъектілерінде бірінші басшы немесе одан кейінгі лауазымда кемінде екі жыл атқарып жүрген немесе атқарған адамдар, Президенттік жастар кадрлық резервіне алынған адамдар, халықаралық, шетелдік немесе трансұлттық ұйымдарда, шетелдік мемлекеттік құрылымдарда кемінде соңғы бес жыл жұмыс өтілі бар адамдар конкурс өткізілместен мемлекеттік қызметке орналаса алады.
– Жыл өткен сайын билік пен бұқараның арасын жақындату, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында аз жұмыстар атқарылып жатқан жоқ. Бұл орайда сіздердің департамент халыққа қаншалықты ашық, қаншалықты жақын?
– Департамент халыққа толықтай ашық екендігін сеніммен айтуға болады. Бүгінгі таңда департамент пен облысымыздағы белсенді үкіметтік емес ұйымдар арасында тығыз қарым-қатынас орнатылып, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бағытында бірлесіп ауқымды жұмыс атқарылуда. Департамент жанынан құрылған мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының құрамына үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері енгізілген. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру, қолжетімділігін анықтау мақсатында Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен және азаматтық белсенділермен бірлесе отырып, ағымдағы жылы қызмет көрсетуші органдарға 20 қоғамдық бақылау жұмыстары жүргізіліп, қызмет көрсету барысында анықталған кемшіліктер бойынша тиісті ұсыныстар енгізілді. Сонымен қатар департамент басшылығымен және жауапты қызметкерлермен мемлекеттік қызметтер көп көрсетілетін мекемелерде (Халыққа қызмет көрсету орталықтары, мемлекеттік кірістер басқармалары, жұмыспен қамту орталықтары және т.б.) қызмет алушыларға арналған қоғамдық қабылдау жұмыстары облыс орталығында және барлық аудандарда жүргізіліп, қызмет алушылардың ұсыныс-пікірлері назарға алынады. Департамент басшылығымен қызмет алушылармен және Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесулер тұрақты түрде жүргізіліп, ұсыныстары әрдайым назарға алынып, ескеріледі. Бұдан бөлек, агенттіктің бастамасымен 2018 жылдан бастап «Цифрлы агент» (Digital agent) мобильді қосымшасы іске қосылып, жұмыс жасауда. Аталған мобильдік қосымшаның артықшылығы – қызмет алушылар нақты сол уақытта мемлекеттік қызмет көрсету сапасына баға беруге мүмкіндіктері бар. Бүгінгі күнге дейін қызмет алушылардан қызмет көрсетудің сапасына қатысты 300-ден аса бағалау келіп түсті (2020 жылы – 128, 2021 жылы – 24). Әрбір қызмет алушының бағасы назарға алынып, болашақта қызмет көрсетудің сапасын арттыруда ескеріледі.
– Тікелей сыбайлас жемқорлықпен күресетін мекеме ретінде бүгінде қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар? Біздің облыстың жемқорлықсыз болашағы қандай деңгейде?
– Мемлекеттік қызметкерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру Әдеп жөніндегі кеңес жұмысының басым бағыты болып табылады. Атап айтқанда, өткен жылы Әдеп жөніндегі кеңеспен 8 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді, оның ішінде жетеуі мемлекеттік қызметші, сондай-ақ ағымдағы жылдың өткен кезеңінде 3 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді (қорғалды), оның ішінде екеуі мемлекеттік қызметші. Сондай-ақ департаментпен 2020-2021 жылдары жүргізілген профилактикалық бақылау жұмыстарының нәтижесінде мемлекеттік органдарда заңмен белгіленген жұмыс мерзімі бұзылған жалпы 122 факті анықталды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының бұзылғандығын білдіреді. Осыған орай мемлекеттік органдардың басшыларына жұмыс кестесін қатаң сақтауға және мемлекеттік қызметшілердін құқықтарын бұзбау мақсатында орындауға міндетті нұсқамалар енгізілді. Сонымен қатар аталған жылдары жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қарау нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартылған 7 азаматтың құқығы қалпына келтіріліп, заң аясында мемлекеттік қызмет нәтижесі берілді.
«Өңірдегі мемлекеттік қызметтің болашағы қандай деңгейде?» деген сұраққа келетін болсақ, онда ол жоғары қабілетті және кәсіби тұрғыда таңдалған мемлекеттік қызметшілер мен Мемлекет басшысының саясаты негізіндегі кәсібилендірілген мемлекеттік аппарат құрудағы оңтайланған штат бірліктеріне байланысты деп есептейміз. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2021 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында Жамбыл облысына ауылдық округтер әкімдері аппаратының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шаралары жүргізілуде. Бүгінгі күнге өңірдегі 11 мемлекеттік қызметші 100 (жүз) еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы ретінде әлеуметтік қолдау шарасын алуға, 4 мемлекеттік қызметші тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 1 500 (бір мың бес жүз) еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік кредит беру ретінде әлеуметтік қолдау шарасын алуға құжаттарын тапсырған. Бұдан бөлек, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес мемлекеттік қызметті өткеру кезінде кәсіби әлеуеттің неғұрлым тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қызметшілерді ротациялау жүзеге асырылады. Ротациялау схемасына сәйкес, деңгейаралық («орталық – өңір», «өңір – орталық»), өңіраралық («өңір – өңір»); сектораралық («орталық – орталық»), ішкі өңірлік (өңірдің шегінде) жүргізіліп, мемлекеттік қызметшілерді одан әрі дамыту үшін жағдайлар жасалуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.
– Сіздер мерейлі мерекені қалай тойлайсыздар?
– 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күнін атап өту шаралары бірнеше жылдан бері дәстүрге айналып келеді. Аталған мереке қарсаңында облыс көлеміндегі мемлекеттік қызметшілермен спартакиадалар ұйымдастырылады. Ынталандыру мақсатында қызметтерін үлгілі атқарған мемлекеттік қызметшілер грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталады. Қайырымдылық шаралары ретінде жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік себеттері жүйелі түрде беріліп отырады. Жалпы Абайша айтқанда, «нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүректі» жас буын деп жастарға жауапкершілік жүктелген заманда бәсекеге қабілетті болу, ұлтқа адал қызмет ету – баршамыздың міндетіміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Арайлым ШАБДЕНОВА