Қадағалаусыз жүрген жасөспірімдер жазаға тартылуда

Бүгінде облыстағы полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтың алдын алу және жолын кесу мақсатында жүйелі түрде рейдтік іс-шаралар кешенін өткізуде.

Осы міндеттерді жүзеге асыру және іс-шараларды үйлестіру үшін облыс орталығының полиция бөлімдерінде ювеналдық полиция инспекторлары, білім бөлімінің өкілдері, еріктілер және басқа да мүдделі органдар өкілдері тартылған жұмыс топтары құрылды.

Мәселен, облыстағы 5 ойын-сауық орындарында полицейлер сағат 22:00-ден кейін осында ересектердің қарауынсыз жүрген 12 жасөспірімді анықтаған. Олардың ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 1-бөлігі «Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болуы» бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған. Сондай-ақ дәмхана иелері ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы «Кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуға жіберу» бойынша 10 АЕК көлемінде айыппұл төлеп, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұл ретте 21 жасқа толмаған адамға алкогольдік ішімдік сату дерегі анықталған. Айталық, төрт дүкен иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 1-бөлігінің 200-бабы «Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімдерін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалып, 40 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.

– Небәрі 2 күннің ішінде облыс бойынша 39 рейд жүргізіліп, оның барысында ішкі істер бөлімдеріне 158 кәмелетке толмаған жеткіншек жеткізілді. 184 ата-ана мен басқа да ересек адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 10 жасөспірім және 6 қолайсыз отбасы есепке алынды. 3 жасөспірім қаңғыбастығы үшін бейімдеу орталығына орналастырыл-ды, – дейді облыстық полиция департаментінің ЖПҚБ ювеналдық полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция полковнигі Қуанышбек Қалжанов.

Лаура Абайқызы

Comments (0)
Add Comment