Қадаға күшеймей, құрылыс сапалы болмайды

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы бірқатар құрылыс нысанын тексеріп, жауаптыларға нақты тапсырма жүктеді.

Өңір басшысы алдымен Төле би көшесінің бойында орналасқан 11 тұрғын үйдің құрылыс алаңына барды. Бүгінде көпқабатты баспананың қасбетін бірыңғай үлгіде жаңғырту, жаңалау жұмыстары жүргізілуде. Қаланың келбеті мен тартымдылығын арттыру мақсатында бюджет есебінен үйлердің шатыры да ауысып, түнгі жарықпен қамтылады.
Аталған үйлердің ішкі инженерлік желілері мен кіреберіс алаңдарын әрлеп, жаңғыртудан өткізу бойынша құжаттамалары әзірленуде.
Жалпы биыл облыс бойынша (Тараз, Жаңатас, Шу қалалары мен Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылы) 79 тұрғын үйді күрделі жөндеуге қаржы қаралып отыр. Бұдан бөлек, Тараз қаласындағы коммуналдық меншіктегі 6 үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Облыс әкімі қаладағы «М-1» жылу желісінің жөндеу жұмыстарының барысын бақылауға алды. Қазіргі таңда демонтаж жұмыстары 61 пайызға аяқталған.
Ербол Қарашөкеев жұмыстарды атқару барысында қауіпсіздік ережелерін сақтау, арнайы жол белгілерінің болуын қамтамасыз ету мәселелерінің маңыздылығын баса айтты.
Аралау барысында аймақ басшысы А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры ғимаратының құрылыс жұмыстарын көрді. Бүгінде мәдениет нысанының сыртқы қасбетін ағымдағы жөндеу жұмыстары іске асуда. Жауаптыларға нысанның сыртқы бөлігін толықтай жөндеуден өткізу бойынша тиісті шаралар мүмкіндігін қарастыру, барлық жұмыстардың сапалы орындалуын бақылауда ұстау тапсырылды.
Тараз қаласын аралау қорытындысы бойынша, облыс әкімі шаһар басшылығына ауқымды тазалық жұмыстарын тұрақты ұйымдастыру, оған қосымша арнайы қызметтерді жұмылдыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Көше бойындағы, аулалардағы шөптерді дер кезінде шабу, қураған ағаштарды бұтау мәселесі назардан түспеуге тиіс екенін айтты.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Comments (0)
Add Comment