«Абысын тату болса, ас көп»

Кәсіптің көзін тапқан келіндер

Дамыған елдерде экономиканың драйвері ретінде шағын бизнес ерекше рөл атқарады. Шағын және орта бизнес өркендесе, халық кәсіпкерлікпен шұғылдануға бейімделсе, мемлекеттің дамитынын өзгелер әлдеқашан түсінген. Сондықтан да біздің елімізде кәсіпкерлікке кең өріс ашылып, қанатын кеңге жаюда.

Облысымызда шаруасын ширатып, кәсіптен нәсібін тауып отырған жандар аз емес. Солардың бірі – Гүлбану Есмағамбетова мен Ұлжан Баяділ. Бір әулеттің қос келіні өз істерін осыдан екі жыл бұрын үйлерінде тұшпара түйіп бастаған. Бүгінде олар ашқан «Ас Көп» цехы жартылай фабрикатталған 20-дан астам таза табиғи өнім өндіруде.
– Бастапқыда абысыным екеуміз 1 келі тартылған еттен тұшпара дайындап, саттық. Кейін таза өнімге сұраныс артып, тапсырыс та көп түсе бастады. Бір жағынан, декреттік демалыста болғандықтан, осы істі әрі қарай кеңейтуді жөн көрдік. Арада жарты жылдай уақыт өткен соң «Grand Bazar» сауда орнынан арнайы нүктені жалға алып, өнім көлемін ұлғайттық. Қазақта «Абысын тату болса, ас көп» деген мақал бар. Соны негізге ала отырып, цехқа «Ас Көп» деген атау бердік, – дейді Ұлжан Ахмедиярқызы.
Гүлбану Өскенбайқызының айтуынша, кәсіптерінің дөңгелеуіне мемлекет тарапынан да көп қолдау көрсетілген екен.
– 2020 жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Бизнес мектебінен дәріс алып, мемлекет тарапынан берілетін 3 миллион теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткіздік. Сол қаржыға қамыр илейтін құрылғылар, мұздатқыштар сатып алып, өндірісімізді керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік. Мұның өзі жұмысымыздың екінші тынысын ашып, өркендеуіне зор септігін тигізді. Сондай-ақ былтыр қала басшылығының демеуімен шаһардың ішінде тағы 3 жерден дүңгіршек ашуға мүмкіндік алдық. Қазіргі таңда күніне 60-70 келі өнім әзірлейміз. Осы орайда өз ісін бастаймын дегендерге барлық жағдайды қарастырып, қолдау білдіріп отырған азаматтарға шынайы алғысымды жеткізгім келеді, – дейді Г.Есмағамбетова.
Бүгінде абысындар 13 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олар осылайша кәсіпкерліктің дамуымен қатар, жұмыссыздықтың азаюына да зор үлес қосуда. Қос келіншек шаттық ұялаған шаңырақтарының да берекесін келтіріп, түтінін түзу ұшыруда. Екеуі де отбасында ұл-қыз тәрбиелеп отырған абзал аналар. Перзенттерінің де өздері секілді ісі мығым, тірлігі тиянақты болуын қалайды.

Құрбанәлі Шахабай

Comments (0)
Add Comment