Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялағаны белгілі.
«Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», – деп атап өтті Президент.
Иә, бүгінде біздің түсінікте белгілі бір дәрежеге, мансапқа, байлыққа қолы жеткен адамдарды ғана «еңбек адамы» деп қарайтын секілдіміз. Ал шын мәнісінде қызметі көзге көрінбейтін, халық арасында жүрген қаншама жан бар. Тек бір адамдарда ой еңбегі басым болса, енді біреулері керісінше физикалық тұрғыдан көп қимылдап, күннің ыстығы мен суығына қарамай еңбек етіп жүреді.
Осындай жанның бірі – Абдула Рахмешовтің «ЖамбылРемСервис» жауапкершілігі шектеулі серкітестігінде еңбек етіп жүргеніне 31 жыл болған. Аталған кәсіпорындағы еңбек жолын 1984 жылдың 1 ақпанында бастаған Абдула Орынбайұлы әуелі вагон құрастыру цехының бригадирі болып қызмет істеген.
Айте кетер жайт, 1924 жылы вагон жөндеу депосы болып құрылған бұл мекеме өткен жылы ғасырлық тойын атап өтті. 100 жылдық тарихында талай белесті бағындырған кәсіпорында еңбегі еленіп, құрметке бөленген қаншама жан қызмет еткен. Мәселен, 1986 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен темір ұстасы Александр Бутроменко «Еңбек айбыны үшін» медалімен, 6-разрядты механикалық құрастыру жұмыстарының слесары Виктор Гефель еселі еңбегі үшін III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталған. Жұмысына деген адалдығы одақ көлемінде мойындалып жатқан азаматтармен қызметтес болған А.Рахмешов тек жанкешті еңбек қана ұшпаққа шығаратынын анық аңғарған.
Осылайша 37 жылдан асқан жалпы еңбек өтілінің едәуір бөлігін вагон жөндеу ісіне арнаған Абдула Орынбайұлы кәсіпорында өзін жауапты және жоғары білікті маман ретінде көрсеткен. Нәтижесінде жұмыс барысында технологиялық процестерді жақсартуға және өндірісті дамытуға қосқан үлесі үшін басшылық тарапынан бірнеше мәрте марапатталған.
Бір мекемеде 30 жылдан астам табан аудармай қызмет етуінің арқасында өнім сапасын бақылаудың жаңа әдістерін енгізуге белсенді қатысып, жабдықтың тоқтап қалуын қысқартуға және еңбек қауіпсіздігін арттыруға ықпал еткен. Ұзақ жылдар бойы жинаған мол тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің арқасында ол әлі күнге дейін вагон жөндеу кәсіпорнының дамуына үлес қосып келеді.
Иә, қандай да болсын мамандық иесі үшін өз ісінің майталманы болу – басты мақсат. Ол ізденуді, оқуды, маңдай тер төгуді қажет етеді. Тиісінше, адал қызмет еткен жанның еңбегі еленіп, түрлі жетістікке, марапатқа, құрметке лайық болатыны сөзсіз. Бұл ретте бар ғұмырын еңбекке арнаған А.Рахмешов – әріптестерінің ортасында сыйлы. Осыдан болар, Абдулла Орынбайұлын әріптестері өз ісіне мығым және еңбекқор адам ретінде сипаттайды.
Ел Президенті: «Бірінші маңызды мәселе, біз еңбекқор болуымыз қажет. Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету», – деген болатын. Сондықтан барша еңбек адамы қоғамның бар құрметіне лайық.
Еркін САЙЫН