Сағымбек Әлтайұлы – саналы ғұмырын ғылым мен білімнің дамуына арнаған көрнекті ғалым, ұстаз, мемлекет қайраткері. Оның тамақ өнеркәсібіне, агротехнологияға және оқытуға қосқан үлесі зор.
Сағымбек Әлтайұлы 1949 жылы 14 қаңтарда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Қызыларық ауылында дүниеге келген. Қазақстанның жүрегінде орналасқан бұл шағын, бірақ көркем ауыл ол үшін мінезінің, білімге деген сүйіспеншілігінің, дамуға деген құштарлығының қалыптасатын бесігі болды. Жуалы ауданы өзінің бай мәдени-тарихи мұрасымен танымал. Туған жердің ыстық атмосферасы мен ауыл тұрғындарының қажырлы еңбегі Сағымбек Әлтайұлының тұлға болып қалыптасуына маңызды іргетас болды.
Орта мектепті бітіргеннен кейін Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтына (ЖТӨӨП) оқуға түскен С. Әлтайұлы оны 1971 жылы «Тамақ өндірісінің машиналары мен аппараттары» мамандығы бойынша инженер-механик біліктілігімен ойдағыдай бітірді. 1979 жылы Воронеж технологиялық институтында аспирантураны аяқтап, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Ал 2012 жылы Воронеж мемлекеттік инженерлік технологиялар университетінде «Тамақ өндірісінің процестері мен аппараттары» мамандығы бойынша техника ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі берілді. Ол докторлық диссертациясын «Айналмалы пленкалы аппараттарда күнбағыс майларының фосфолипидті эмульсияларынан ылғалдандыру процесін ғылыми қамтамасыз ету» тақырыбында қорғады.
Сағымбек Әлтайұлы кәсіби қызметін 1971 жылы Кондратьевский өндірістік комбинатында (Солтүстік Қазақстан облысы, Мамлют ауданы, Кондратьевка ауылы) бас инженер болып бастады. Ал академиялық еңбек жолы 1971 жылы қарашада Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтына оқытушы болып орналасудан басталды. Кейіннен ол 1979-1998 жылдары Алматы технологиялық институтының «Тамақ өндірісінің машиналары мен аппараттары» кафедрасының аға оқытушысы, 1998-1999 жылдары Қазақ тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, 1999-2002 жылдары Қазақ жеміс шаруашылығы және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, 2001-2002 жылдары Қазақ инженерлік-технологиялық университеті деканының орынбасары, 2002-2003 жылдары Қазақ астық және оны өңдеу өнімдері ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі, 2004-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі «ҰЗМИ» МКҚК астық кептіру зертханасының жетекші ғылыми қызметкері қызметтерін атқарды. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Микробиология және биотехнология» кафедрасының доценті, профессоры, 2015 жылдың қаңтарынан бастап С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті «Тамақ және қайта өңдеу технологиялары» кафедрасының профессоры болып қызмет атқарып келеді.
Сағымбек Әлтайұлы ғылым мен педагогика саласында еңбек еткен 47 жылдан астам уақыт ішінде 360-тан астам ғылыми еңбек жарияласа, оның 30-ы авторлық куәліктер мен патенттерге тиесілі.
Студенттерді, магистранттарды және жас ғалымдарды дайындауға белсене араласып, дипломдық жобалардың, магистрлік диссертациялардың және студенттердің ғылыми зерттеулерінің жетекшісі қызметін атқарды.
Ғалым 2008 және 2015 жылдары «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантын екі рет иегері, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы», ғылым мен өнертабыс дамуына қосқан үлесі үшін Альфред Нобель медалімен және Сократ медалімен марапатталған. Сондай-ақ Н.A. Овчинников атындағы Ресей биотехнологтардың қоғамының мүшесі. Ресей жаратылыстану ғылымдары Академиясы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық аграрлық ғылым академиясының академигі. 2015 жылы Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының құрметті атағы – «Ғылым және білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен және ғылыми жетістіктері үшін «Ұлы Александр» орденімен марапатталды.
Кейіпкеріміз саналы ғұмырын ғылым мен білім мен өндірісті дамытуға арнады. Оның зерттеулері мен әзірлемелері әртүрлі салаларда өзекті және сұранысқа ие болып қала береді. Оның өмірі – еліне, халқына, ғылымына қызмет етудің озық үлгісі.
Маржан ӨМІРБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің
1 курс студенті