Сербияда өткен бокстан әлем чемпионатының алтын медаль жүлдегері Сәкен Бибосынов сұхбат барысында жарыста орын алған қызықты жағдай туралы айтып берді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
«Бірінші раундтан кейін жаттықтырушы ұпай бойынша алда келе жатқанымды айтты. Екінші раундта тағы да жеңдім. Шешуші раундта дұрыс жұдырықтаспағанымды білдім. Алайда жеңетініме сенімді болдым. Төрешілер нәтижені жариялаған соң құттықтаулар қабылдауға дайын болдым», – дейді әлем чемпионы.
Қорытындыны жариялау кезінде төреші жеңімпазды шатастырып, америкалық боксшының қолын көтерген.
«Біраз абдырап қалдым. Бірақ қателікті бірден түзетті. Тіпті АҚШ боксшысы мені көрсетіп, жеңімпазды нұсқағандай болды. Қызық, жекпе-жекті өзі де бақылап отырды, кімнің жеңгенін аңғаруына болатын еді. Жеңісті басқа біреуге беруге бола ма? Білемін, қарапайым қателік», – деп аяқтады Сәкен Бибосынов.
Айта кетейік, Белградта өткен әлем чемпионатында 51 келіге дейін салмақта өнер көрсеткен Сәкен Бибосынов алтын медаль жеңген еді. Ол финалдық кездесуде Джамал Харвимен жұдырықтасты.