Тараз шаһары жыл өткен сайын көркейіп, жаңарып келеді. Бұған мысал ретінде соңғы бес жылда бой көтерген тарихи-мәдени нысандарды айтуға болады. Қалада туризмді дамыту мақсатында қолға алынған жоспарлы жұмыстар баршылық. Соның бір тармағы ретінде аулаларды абаттандыруға бағытталған соны бастаманы айтсақ болады.
Сәндібек Піренов
Былтыр «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында қала аумағындағы 163 аула алаңшасы абаттандырылып, тозығы жеткен асфальттар сүрілді, бордюрлер ауыстырылып, балаларға арналған ойын алаңшалары жаңартылған еді. Ал биыл облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Таразға тарту» жобасы жүзеге аспақ. Сонымен, аталмыш жоба бойынша облыс әкімі мен қала әкімінің қала аумағын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарының жоспары бекітілді. Соған сәйкес аудан әкімдіктері, облыс басқармалары және демеушілер арнайы жоспар бойынша белгіленген аулаларды абаттандыру жұмыстарын қолға алды. Бөлінген әр учаскенің эскизін облыс басқармалары, аудан әкімдері өз тарапынан әзірлеп, «Архбюро» мекемесіне келісім алу үшін ұсынды. Жалпы жұмыс барысы нақтыланған соң, келісіп-пішіп, ұсынылған эскиздер бойынша құрылыс жұмыстарын бірқатар аудандар бастап та кетті.
Бұл бастаманы бірден қостап, жұмысқа кіріскен – Қордай, Т.Рысқұлов, Байзақ, Мойынқұм, Талас аудандары. Қала әкімі абаттандыруға бөлінген әрбір аймақ бойынша жауапты мамандарды бекіткен. Енді осы жұмыстардың сызбаға (эскиз) сай орындалуын қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі де бақылап, пысықтап отырады.
Біздің қолымызға тиген жұмыс жоспары бойынша аулаларға жаяу жүргіншілер жолы, «street workout» алаңы салынады екен. Жарық шамдары, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылады. Кейбір аумағы кең алаңдарда ойын алаңшаларын жасау да жоспарда бар. Көгалдандыру жұмыстары да шетте қалмайды. Әрине, ең әуелі жаңартылатын аулалардың орналасқан аумағына көңіл бөлінеді. Мәселен, белгіленген учаскеде арық жүйелері ескірген болса, осы басты шаруа іске аспай, басқа жұмыстар басталмайды. Біз алдымен жұмыс жоспары бойынша қала әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алмасбек Бөбеевпен әңгімелескен едік.
– Бөлімдегі күнделікті тірліктен бірер сағат бөліп, абаттандыруға бөлінген аумақтарға барып, жауапты тұлғалармен кездесіп жүрміз. Қандай да бір қайшылықтар туындап жатса, мәселені шешудің жолдарын қарастырамыз. Бұл жұмыстар анау айтарлықтай үлкен шығынға әкеп тіремейді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл болатынын қаперге алсақ, аудандар мен басқармалар және демеушілердің облыс орталығының шырайын ашатын бастамаға белсене араласуы құптарлық іс болып отыр. Себебі Тараз – облыстың айнасы. Бюджеттен тыс жұмыстар қаланы абаттандыру, көгалдандыруға үлкен серпін береді деп ойлаймын. Бөлінген аулалар бойынша жұмыстар шілде-тамыз айларында толығымен аяқталады деп күтілуде. Бағасын халық бере жатар, – дейді Алмасбек Бөбеев.
Қазіргі таңда Байзақ ауданы Байзақ батыр көшесіндегі 185-ші үйдің маңын және Тараз қаласынан Байзақ ауданына қарай шығаберістегі айналма жолдың ортасын абаттандыруға кірісіп кеткен. Құнына тоқталсақ, скверді жаңартуға 17 млн және айналма жолға стела орнатып, маңайын абаттандыруға 30 млн теңге жұмсалады екен. Әрі осы игі жұмысқа бюджеттен қаржы бөлінбейді. Барлығы аудан кәсіпкерлерінің, демеушілердің көмегімен жүзеге асады. Дәл қазіргі уақытта белгіленген аумақтарды техниканың күшімен тегістеп, жұмысшылардың ықпалымен қара топырақ төгіліп жатыр екен. Атқаратын шаруаның басы ашылып, белгілі болған соң, ауданға қарасты 6 ауылдық округтен 4 тұрғыннан бөлініп, асарлатып іс тындыруға келіскен. Байзақ ауданы енді Таразға тартуын жоспар бойынша 30 мамырға дейін табыстауды көздеп отыр. Осы жұмыстардың барлығын бақылап жүрген Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаилмен де байланысып, пікірін тыңдаған едік.
– Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасы орынды болды. Тараз – еліміздегі ең тарихи қала. Сондықтан облыс орталығында туризмді дамытудың маңызы жоғары. Ол үшін бюджетке алақан жайып отырмай, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бірігіп әрекет еткен тиімді. Қаланы абаттандыру жасыл қаламыздың көркеюі жолында атқарылып жатқан игі бастама болып отыр, – дейді Қайрат Әбілханұлы.
Қала аумағындағы Сәкен Сейфуллин көшесінің бойындағы №2, №3 көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында да жұмыс қауырт. Аталған аумақты абаттандыруды Мойынқұм ауданы қолға алыпты. Тараздың көркеюіне барынша өз үлесін қосуды қолдап отырған аудан әкімдігі демеушілердің көмегіне иек артып отыр. Осы жұмыстарды басшылыққа алған аудан әкімінің орынбасары Сәбит Төлегенов жобаның экологиялық маңызы да орасан екенін атап өтті.
– Қала бойынша абаттандыру жұмыстары жүргізілетін учаскелерді облыс әкімі облыстық басқармалар мен аудан әкімдіктеріне бекітіп берді. Жобаның ерекшелігі – халық көп жүретін орындар мен қала тұрғындары көп шоғырланған тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру болып отыр. Таза ауада серуендеу денсаулыққа пайдалы екенін ескерсек, осы жобада экологиялық ахуалға үлкен жауапкершілікпен көңіл бөлінгені көрініп тұр, – дейді Сәбит Орынбетұлы.
Енді осы аулада көп ұзамай көгалдандыру жұмыстары жанданып, жаяу жүргіншілер жолы салынады. Жарық шамдары қойылып, қоқыс жәшіктері орнатылады. Сондай-ақ арық жүйесі де ретке келеді.
Қазыбек би көшесіндегі №133, №135 тұрғын үйлердің ауласында да абаттандыру жұмыстары басталды. Онда 132 метрге дейін арық жүйелері жаңартылады, көше бойына орындықтар орнатылып, қоқыс жәшіктері қойылады. Бұдан бөлек, 40 сотық жерді көгалдандыру көзделіп отыр.
Қордай ауданы Қ. Тұрысов көшесіндегі №19, 20, 16 үйлердің аулаларын, ал Т.Рысқұлов ауданы дәл осы көшенің бойындағы №23 үйдің ауласын абаттандыруды бастады. Аталған аумақта да жалпы жұмыс жоспары көгалдандыру, жарық шамдары мен қоқыс жәшіктерін орнатып, жаяу жүргіншілер жолын салуға бағытталған. Бір қызығы, екі ауданның учаскесі қатар орналасқан екен. Бірақ бұл мәселе аудандарға кедергі емес, керісінше, ұтымды болғандай. Себебі қос аудан өздеріне бөлінген аумаққа орнатылатын жарық шамдары мен қоқыс жәшіктерін біркелкі орналастырып, үйлесімді іс жүргізуді көздеп отыр.
Жалпы абаттандыруды бастаған аудандар Тараз қаласын көркейтуге ерекше араласып, өздеріне берілген ауланы сапалы әрі заман талабына сай жасауды мақсат етіп отыр. Енді санаулы күнде Шу мен Жамбыл ауданы абаттандыруға кіріссе, бірер аптада бұл бағыттағы жұмыстарға барлық аудандар араласады.