Қазіргі таңда еліміздегі қалалар қарқынды дамып, жаңа тұрғын үйлер, заманауи инфрақұрылымдар бой көтеріп келеді. Дегенмен, қала тұрғындарының күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселенің бірі – аулаларды абаттандыру. Жайлы, қауіпсіз және тартымды аула әрбір адамның тыныш өмір сүруі мен балалардың еркін ойнауына мүмкіндік береді.
Оның үстіне аулалар тек көлік тұрағы немесе өту жолы ғана емес, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне де таптырмас мүмкіндік. Сондай-ақ мемлекеттің ұстанған басты саясатының бірі – дені сау ұрпақ қалыптастыру да осындай ойын алаңшаларынан бастау алатыны белгілі. Сондықтан аулаларды абаттандыру айрықша маңызға ие. Бүгінде бұл бағытта шаһарда ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Айталық, өткен жылы балалар ойын алаңшасын салуға қалалық қазынадан қаражат бөлініп, «Аса» (10) шағынауданы, №36, Жилкооперация көшесі, 1 «А», Талас көшесі, №27, Жауғаш батыр көшесі, №8, 9, Төле би көшесі, №9 «Б», «Жансая» (11) шағынауданы, №23, Ы.Сүлейменов көшесі, №8, «Ақбұлақ» (1) шағынауданы, №1 (7 үй), Қ.Сағындықов көшесі, №38, Қ.Сәтбаев көшесі, №1, Ә.Сатыбалдиев көшесі, №40, 42, «Мыңбұлақ» (9) шағынауданы, №46, Сыпатай батыр көшесі, №2 «А», 2 «Б», «Телеорталық» аумағы, №2, Қазыбек би көшесі, №142 мекенжайларында абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Осылайша 2023 жылы шаһардағы 26 аула жаңа кейіпке енсе, былтыр 25 аула ел игілігіне берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып, сол бойынша тиісті жоба-жоспарлар әзірленуде.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ