Абайдың адамгершілік философиясы

Ұлы ақын, ағартушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы, реформатор Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы Шыңғыс тауды жайлаған Тобықты руында дүниеге келді.

Болашақ ақын ел анасы атанған Зере әжесінің таусылмайтын аңыз-ертегілерін естіп, сөзге шебер Ұлжан анасының тәрбиесін көріп өсті. Абай әуелі әкесінің өз туыстарының балаларын окытамын деп, «Ескітам» деген қоныста салдыртқан медреседе сауат ашты. Одан кейін ауылдағы Ғабитхан молдадан білім алды. Ал 10 жасқа толғанда Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқыды. Сол жерде араб пен парсы тілдерін меңгеріп шыққан. Абай дін оқуымен ғана шектелмей, білімін өз бетінше жетілдіруге тырысады. Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди, Хафиз, Физули сияқты ұлы ғұламалардың шығармаларымен танысады. Орысша сауат ашады.
Абайдың айтуынша, жан жүректе орын тепкен. Ал жан адамның тыныс-тіршілігін, іс-әрекетін жүрек арқылы басқарады. Егер жан жетілмеген болса, онда адамның іс-әрекетінде де кемшілік болады. Ішкі дүниесі тазарып, жетілген адам ғана қателікке ұрынбай, өмірде жаңсақ баспай, дұрыс өмір сүре алады. Адам баласының бақыты оның жүрегінің тазалығымен тығыз байланысты деп үйретеді. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды.
Еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы баса айтты. Расында бүгінде ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз. Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады. Сондықтан ұлтымызды жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн.
Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн. Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты. Адам өмірі тұтасымен түрлі қарым-қатынастардан құралады. Онсыз адам қоғамнан бөлініп қалмақ. Ал қарым-қатынас міндетті түрде өзара жауапкершілікті туғызады. Бұл жауапкершілік қара басының қамын биік қоятын өзімшілдік араласқан кезде бұзылады. Сондықтан Абай:
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек», – деп адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек, жылы жүрек керек екенін айтады. Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарастырады. Бірақ алдыңғы екеуі жүрекке бағынуы керек деп есептейді. Бұл – қазақ халқының өмірлік философиясы. Осындай таным-түсінікпен өмір сүрген халқымыз өзі қиын жағдайда отырып, өзге ұлттарды бауырына басқан. Өзі асқа жарымай қиналса да, бір тілім нанын бөлісіп жеуді парыз санаған. Үнемі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу бола білген. Осы құндылықтарды дәріптеп, бүгінге жеткізу арқылы халқымыз өзінің ұлт ретінде сақталуы үшін барын салған.
Шынында да, дана ақын шығармалары тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзат баласының рухани өмірін жан-жақты байыта алады. Өйткені, Абай туындыларының мазмұны жалпыадамзаттық құндылықтарға толы. Оның қара сөздері – әлем халықтарының ортақ қазынасы. Әлемдік мәдениетте Абайды қаншалықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде, ақпараттық технологиялар заманында Абай сөзі баршаға ой салуы тиіс. Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы. Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді. Оның асыл сөздерін рухани байлығымыз ретінде жоғары ұстасақ, туған еліміздің әлем алдындағы абыройы арта берері сөзсіз. Ең алдымен Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы.

Нұрперзент ТУҒАНБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Конвергентті журналистика» мамандығының 4 курс студенті

Comments (0)
Add Comment