Абайдың ақын шәкірттері

Әдебиетке келгенде Абайдың танымдық қабілеті аса зор болғаны рас. Өлең сөздің қадір-қасиетіне үңілген ұлы ақынның төңірегіне жас ақындарды жинауы тегін емес еді. Білімі терең, болашаққа барлай қарап, халқының қамын ойлайтын, ұлт руханиятына мол үлес қоссам деп армандайтын ақын өмірдің бұралаң жолдарын басып өтіп, «әділетсіз, ақылсыз, арсыздарды…» табанының астына таптады. Ол құдіретті поэзияның тылсым күшін мойындап, шәкірттеріне ширатпа шумақ пен назым сөзді қадірлеу керектігін айтты.

Абай мен оның шәкірттері арасындағы поэзиялық байланыс Абайдың бірнеше өлеңінің шығуына түрткі болып қана қойған жоқ, ақын-шәкірттерінің ұстаз алдында ысылып, нағыз ақындық жолға түсуіне жол ашты…», – деп жазды («Қазақ әдебиеті», «Арман ПВ» баспасы, Астана, 2013 жыл, 284-бет).
Абайдың жолын қуып, ақындық өнерді ұстанған шәкірттерінің бірі, орыс, араб, парсы тілін жақсы білетін Көкбай ақын Жанатайұлы 1863 жылы Қарқаралы дуанына қарасты Шыңғыс тауының баурайындағы Мұқыр болысында туған. Мұқыр болысында оқу-ағарту ісімен айналысқан педагог, ақын Көкбай ұстазы Абайдың сын-сықақ өлеңдеріндей шығармалар жазып, халық арасына іріткі салып жүрген алаяқтарды, надан молдаларды, әсіресе қазақ арасына келген орыс шенеуніктерінің теріс қылықтарын әшкерелейтін сықақ өлеңдер жазып, қоғамдағы орын алған келеңсіздіктерді өткір өлең жолдарымен мінейді.
Ол Абайға арнап:
Абайдан сабақ алдым бала жастан,
Адам жоқ ойға терең одан асқан.
Алды пейіш, арты ырыс болсын,
Мен оның шәкірті едім ізін басқан, – деп өлең жазған.
Қазақ білім академиясының құрметті академигі, педагогика ғылымының докторы Серғазы Қалиұлы Абай мен Көкбай арасындағы шығармашылық һәм шәкірттік-ұстаздық байланыс туралы былай деп жазады: «Көкбайдың үшінші ақындық өнері қисса, дастан жазумен айқындалған. Оның ұстазы Абайдың тапсырмасымен жазған «Абылай», «Кенесары-Наурызбай» атты батырлықты дәріптеген тарихи дастандары, сондай-ақ «Мың бір түн» ертегісінен алынған «Ғаділ патшаның хикаясы», «Пәрун Рашид патшаның қиссасы» дастандары ел билеуші әкімдердің әділдігін дәріптеуге арналған.
Көкбайдың суырыпсалма ақындығын, сөзге шешен тапқырлығын жоғары бағалаған ұстазы Абай 1886 жылға дейін өзінің шығармаларын «Дала уәлаяты» газетінде Көкбай атымен жариялап келген. Абайдың Көкбайға арнап жазған «Сорлы Көкбай жылайды», «Бұралып тұрып», «Қиыстырып мақтайсыз» және тағы басқа өлеңдері бар. Ал Көкбайдың 1925 жылы академик Мұхтар Әуезовтің тапсырмасымен жазып қалдырған «Абай – ақындардың ұстазы» деген тарихи естелігі Абай мен Көкбай арасындағы шығармашылық-ұстаздық қарым-қатынасты көрсететін құнды еңбек» (С. Қалиұлы, «Көкбай», республикалық «Ана тілі» газеті, №51-52, 13 желтоқсан, 2018 жыл).
Абайдың сөз өнерін қуған, ізіне аса мол әдеби шығармалар қалдырған шәкірттерінің бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлы. Құдайберді –                                                                         Абайдың ағасы. Шәкәрім кейбір өлеңдерін Абайға еліктеп жазды. «Жастық туралы», «Кәрілік туралы» деп аталатын өлеңдерінің құрылысы Абайдың «Сегіз аяқ» атты өлеңінің құрылысына ұқсайды. «Жастарға» атты өлеңінде Абайды үлгі етіп, Абайдың өсиеттеріне құлақ асайық, Абайдан үйренейік деген мақсатпен:
 Ал енді, олай болса, кімді алалық?
 Қазақта қай жақсы бар көз саларлық?
 Шын іздесек, табармыз шыны ғалым,
 Күнде күйлей бермелік бозбалалық.
Сақ болалық, бір шоқып, бір қаралық!
Қарауылдар мезгіл ғой, тұр, қаралық!
Жүз айтқанмен өзгенің бәрі надан,
Жалыналық Абайға, жүр, баралық! – дейді.
Шәкәрім жас кезінен бастап Абайдың тәлім-тәрбиесін алып өседі. Абай ағасына еліктеп өлеңдер жазады, Абайды ұстаз санап, оның тапсырмаларын бұлжытпай орындап жүреді. Көкірегі ояу Шәкәрімнің ақын, жазушы, тарихшы, философ, терең ойшыл болып өсуіне Абай әсер етеді. Шәкәрім атақты «Еңлік-Кебек» дастанын Абайдың өсиеті бойынша жазады, мұның өзі Шәкірімнің Абайды ұстаз тұтқанын дәлелдейді.
Абайдың қанатының астында өскен шәкірттерінің бірі – Әріп Тәңірбергенов. Ол 1856 жылы Семей облысы, Жарма ауданында дүниеге келген. Семей қаласындағы миссионерлік мектепті, сонан соң діни медресені бітірген Әріптің Абайдың ықпал етуімен әдебиетке келуі табиғи құбылыс еді. Біржағынан оның оқыған оқу орындарының өзі әдебиетпен айналысуына әсер еткені сөзсіз. Бірнеше шет тілді, атап айтқанда орыс, қытай, араб, парсы тілдерін үйренген.
Әріп ұстазы Абайдың ықпал етуімен шығыс әдебиетіне ден қояды, орыс классиктерінің шығармаларын оқиды, өлеңдер жазады, қисса жанрын дамытуға ұмтылыс жасайды.
Әріптің «Тәуірбек болысқа» атты өлеңінің айтар ойы – халыққа жағымсыз болысты сынау. Халық арасында келеңсіз жайттардың тууына себепші болысты: «Бәрі де қойдан қоңыр жуас болып // Араға сенше бүлік салмас еді…» деп сынайды. Болысты сынау желісі Абайдың өлеңдерінде де бар: «Мәз болады болысың», «Күлембайға» («Күлембай болысқа»), «Болыс болдым, мінеки».
Әріптің «Ғұзыр қып қалыбыңды тұт назарға», «Өлім туралы», «Замандасқа», «Ғылым туралы», «Шұғбанға» атты өлеңдері Абайдың өмір туралы, ғылым туралы, ақыл туралы өлеңдеріне жақын болып келеді.
Абайдың шәкірттері өз шығармаларын заман талабына сай жазды, ел арасында іріткі салатын арсыздар мен алаяқтарды сынады. Жастарға өсиет айта отырып, ғылымның адамзат өміріндегі орны туралы, кәрілік жайлы өлеңдер жазды. Абайға еліктеп Пушкин мен Лермонтовқа арнап «Орыстың мусаннифі – Пушкин дана», «Лермонтов көкіректі, көзді туған» атты өлеңдер жазды.
Абайдың шәкірттері қазақ әдебиетіне мол мұра қалдырып ғана қоймай, осы арқылы Абайды биіктетті.
Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ,
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі
Comments (0)
Add Comment