Абай облысы әкімінің алғашқы жұмыс сапары Абай ауданынан басталды

Өңір басшысы «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешеніне, Ұлы Абайдың мұражай үйіне барды деп хабарлады turkystan.kz.
Қарауыл ауылында Нұрлан Ұранхаев «Абай» саябағын, «Шыңғыстау» спорт кешенін аралап, тұрғын үйлер құрылысының барысымен танысты.
Сондай-ақ жұмыс сапардың негізгі нүктелерінің бірі Бөрілідегі М. Әуезовтің мұражай-үйінде болды. Мұражай үйінің экспозициясы ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертеді. 2015 және 2020 жылдары мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда мұражайға мемлекеттік маңызы бар ескерткіш мәртебесі берілді. Өңір басшысы биыл Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойын мерекелеудің маңыздылығын атап өтті.


Сапар аясында Нұрлан Ұранхаев жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді.
«Осында келердің алдында, жолда Бөріліге соқтым. Ол жерде негізгі жолға қосылатын 4 шақырым жолды көтеру қажет. Сол сияқты, осыдан 62 жыл бұрын салынған «Еңлік-Кебек» ескерткіші де уақыт талабына сай жөндеуден өтуі қажет деп ойлаймын. Ақшоқыға баратын 21 шақырым жолдың жағдайын білесіздер», — деді Нұрлан Ұранхаев.

Облыс әкімі жол мәселесіне де тоқталып өтті.
“Қонақтарымызды қасиетті қорымға қара жолмен апарған дұрыс емес. Ол жерге де асфальт төселуі керек. Жалпы, менің ойымша, келешекте Семей мен Қарауылдың арасында үлкен төрт жолақты даңғыл жол болуы керек. Бұл жергілікті халыққа да, туристерге де, жалпы, барыс-келіске өте ыңғайлы болады деп есептеймін”, — деп атап өтті.

Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, Қызылорда облысы жаңа облыстың құрылуын қолдау мақсатында Абай өңіріне сыйлық жасауға дайын екенін айтты. Аймақ басшысы осы мақсатта бірден Абай ауданын ұсынды. Жергілікті тұрғындармен болған перспективаларды талқылағаннан кейін, қызылордалықтардан бұрын қараусыз қалған балалар лагерінің қалпына келтіру жұмыстары сыйлық болуы мүмкін екенін атап өтті.

Облыс әкімі Абай ауданын ұзақ жылдар басқарған және ауданның дамуы мен гүлденуіне елеулі үлес қосқан Хафиз Матаевтың құрметіне арналған мемориалдық тақтаның ашылу рәсіміне қатысты.

Comments (0)
Add Comment