Абай мектебінде ақынға бюст ашылды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Абай атындағы №26 орта мектебінде Абай бюстінің ашылу салтанаты өтті.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінен бөлінген және мектептің үнемделген қаржысына жасалған бюсттің ашылу салтанатына шаһар басшысы мен ұстаздар қатысты. Іс-шараны Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев сөз сөйлеп ашып, тәуелсіздік тағылымына терең тоқталып, хакімнің рухына құрмет көрсеткен Абай орта мектебінің ұжымына алғысын білдірді. Мұнан соң Айтқазы Дәулетқұлұлы мен облыстық «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүкенбай Ермеков Абай бюстін салтанатты түрде ашты. Мектеп оқушылары Темірлан Батырбек пен Инабат Әбдіхалық Абайдың өлеңдерін жатқа оқыды.

Келесі сәтте Тараз қаласының әкімі бастаған қонақтар аталған мектепте жаңадан ашылған «Абайтану» орталығының жұмысымен танысты. Орталықтың ашылуына байланысты іс-шарада мектептің жас домбырашылары «Май түні» күйін тартса, жас ақын Аян Шораев хакімге деген арнау өлеңін оқыды. Іс-шара барысында белсенді оқушылар Ақүміт Жексенбай, Алуа Ақылбек, Ұлдана Әбдірашит Абай өлеңдерін толғана оқуымен ерекшеленді.

Қала басшысы Айтқазы Қарабалаев орталық жұмысына ризашылығын білдіріп, белсенді мұғалімдер мен оқушыларға алғыс айтты. Ал аталған Абай атындағы №26 орта мектебінің директоры Гүлзат Данаева жиналғандарға осында 85 мұғалім еңбек етіп, 935 оқушы сапалы білім алатынын, Абайға құрмет қашанда биік тұратынын айта келіп, мектептің іс-шарасына арнайы көңіл бөліп келген Тараз қаласының әкіміне, ата-аналарға, БАҚ өкілдеріне ризашылығын білдірді. Салтанатты ашылудан кейін балалардың өз қолдарымен жасаған сурет көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Comments (0)
Add Comment