Абай атындағы колледжде атқарылған жұмыс ауқымды

Абай атындағы колледжде  атқарылған жұмыс ауқымды

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың негізгі басымдықтары» тақырыбында кеңейтілген кеңес отырысы өтті.

Жиын барысында ғасырдан астам тарихы бар білім ордасының басшысы Саясат Есеев жылдық есебін берді. Іс-шараға колледждің алқалы кеңес мүшелері, әлеуметтік серіктестер мен жұмыс берушілер, ардагер ұстаздар және оқу ордасының ұжымы қатысты.
Басқосудың күн тәртібіне сәйкес оқу ошағында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен ағымдағы жылы көзделген іс-шаралар жоспары таныстырылды.
Кеңес барысында Саясат Керімбекұлы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен белгіленген «Жұмысшы мамандықтардың жылына» ерекше тоқталып, осының аясында жұмысшы мамандықтарының ел дамуына қосар маңызды рөлі, кәсіби техникалық білім беру жүйесін жетілдіру, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және еңбек нарығы мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін тілге тиек етті.
Айталық, 2025 жылы колледжде «Бастауыш білім беру» және «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандықтары бойынша көп тілде оқытатын мамандарды даярлау көзделуде. Колледж түлектері шет мемлекеттердегі инвестициялық жобалармен жұмыс істеп жатқан шетел азаматтарының балаларын оқытады. Бұл бағытта көп тілде білім беру қабілетіне ие педагог мамандарын даярлау негізгі мақсат болып отыр. Оқу ордасының директоры аталған мамандықтар бойынша оқыту бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін де атап өтті.
Сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі және Сингапур мемлекетінің «Marshall Cavendish Education» компаниясы арасында ынтымақтастық меморандумы жасалған. Жоба аясында колледж педагогтері сингапурлық білім беру контенттерімен танысып, тәжірибе алмасады. Оқытудың үздік тәсілдерін енгізу үшін Тараз қаласындағы «125 International School» жекеменшік мектебі мен бірлесіп жұмыс істеу де жоспарланған. Бұдан бөлек, колледж М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетімен бірлескен оқу бағдарламалары бойынша «Бастауыш білім беру» және «Музыкалық білім беру» мамандықтары бойынша колледж түлектерін 3-курстан қабылдауды қолға алды. Бұл жүйе түлектердің жоғары білім алу мерзімін 2 жылға қысқартады. Ал, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық университетімен де осы жүйені енгізу көзделіп отыр.
Сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен жасалған ынтымақтастық меморандумы аясында педагогикалық мамандықтарды әдіснамалық және ғылыми-әдістемелік қолдау, халықаралық жобаларды жүзеге асыру көзделген. .
Колледж облыстағы дарынды балаларды оқытатын білім беру ұйымдарымен де тығыз байланыс орнатуда. Назарбаев зияткерлік мектебі, Дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейі және Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеппен келісімшарттар жасалып, студенттер өндірістік тәжірибеден өту үшін осы білім беру ұйымдарымен жұмыс істеуде.
Өнер мамандықтары бойынша да жаңа жобалар жүзеге асырылып келеді екен. Атап айтсақ, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжімен ынтымақтастық меморандумы жасалып, қазіргі уақытта Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясымен бірлескен жобалар бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Колледж жанынан қосымша білім беру мекемесі ашу жоспарлануда. Бұл жоба аясында музыка мектебі, мектепке даярлық, ағылшын тілін үйрету қызметтері ұсынылатын болады. Жоба мемлекеттік тапсырыс негізінде жүзеге асырылмақ.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment