Ақ жаулықты аналар ардақталды

Бүгін Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына ат басын бұрды.
Әуелі сөз алған шаһар басшысы ақ жаулықты аналарды мерекемен құттықтап, ізгі лебізін жолдады.
– Халқымыз қашанда дария көңіл, кең кеуде қарттарымен мақтана білген. Қазақстанның өсіп-өркендеуі, еліміздің бейбіт өмір кешуі осы ардақты да аяулы аналарымыздың арқасы деп білеміз. Сіздердің өнегелі өмір жолдарыңыз бүгінгі ұрпаққа қайталанбас үлгі. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ өмір тілеймін! Езулеріңізден күлкі кетпесін, – деген Бақытжан Әмірбекұлы аналарға арнайы сый-сияпаттарын табыс етті.
Мерекелік шара одан әрі тараздық өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Бұдан кейін шаһар басшысы орталықтың маңайына тал көшеттерін отырғызды.

Comments (0)
Add Comment