Ақжүрек ТАҢАТАРОВ, еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері: «Ел абыройы үшін атағымнан айырса да әзірмін!»

Еркін күрестен Олимпиада ойындарының алтын жүлдесі қазақ спортшыларына қашан бұйырады? «Белдескеннің белін үзетін» деген теңеу құнын жоғалтты ма? Спортта біз білмейтін қандай сыр бар? Бұл туралы Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаровпен ашық әңгімелескен едік.

– 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына тас түйін дайын болдыңыз. Бірақ бапкерлердің таңдауы легионер Леонид Спиридоновқа түсті. Неге?

– «Жассың» деді. Ел намысын тек ардагерлер қорғай ма? Додаға менің салмағымда белдескен якут Леонид Спиридонов мен топшылағандай, олжа салмады. Себебі оның дайындығын білемін ғой. Өзге елдің балуаны Қазақстанға келіп, өзінің дегенін қалай жүргізеді? Оны өзіміздің қазақтар әкеліп отыр. Рас, сол кезде ширақ болдым әрі күшім де толысып тұрды. Таңдау маған түскенде, салмақ қуып та шаршамайтын едім. Сәйкестік шығар, бірақ сол Бейжіңде топ жарған түрік спортшысы Рамазан Шахин Лондон Олимпиадасында менен жеңілді. 2008 жылы Олимпиадаға барғанымда, бәрі басқаша болар ма еді деп те ойлаймын.

– Спиридоновты сол Олимпиададан кейін ешкім сүйремеген шығар?

– «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» деген бар ғой. Менің өкіл әкем де алмаз зауытын басқарса, қарап қалмас едім. Жалпы якуттер жағдайы келсе, баласын спортқа баулиды. Барлық жағдайын жасайды. Олар үшін үлкен мәртебе – сол. Спиридоновты 2003 жылы алдыртып, содан бері мені одан алалап жүрді. Сол спортшыны жеңетінімді бәрі іштей білетін. 2012 жылы да екеумізді белдестірмей, Спиридоновқа жол ашып берудің қам-қарекетін жасап бақты. «Жеңілген күреске тоймайды» дегендей, үш рет күрестірді. Үшеуінде де жеңдім. Одан әрі екеумізді бозкілемге қайта шығарудың пайдасы жоқ екенін түсінді. Мен бұл жерде ұлтқа бөлінейін дегенім емес, бірақ сол белдесуге дейін бапкерлер «якут мықты, қазақ бос қап» деп жүретін.

– Спиридоновпен 2012 жылға дейін белдестірмеді. Бірақ бозкілемнің сыртында кездесіпсіз?

– Мәскеудегі әлем чемпионатының алдында Қырғызстанда өткен іріктеуде Спиридоновты бозкілем сыртында ұрдым. Қазақтың балаларына сөйлеп тұр екен. «Байдың баласы болмасам да, мұндай спортшыны ұруға шамам бар» дедім. Төбелескен екеуміз, спорттан шеттетілген – мен. Сонда қазақ балуандары «сен қазақсың ғой, басқа ұлттың баласы болғанда шеттетпейтін еді» деп арқамнан қаққаны бар. «Қазақстанда қазақпын деп емес, якутпын немесе дағыстандықпын деп айту керек екен ғой» дедім. Бапкерлер жанжалдың ортасында жүрді, бәрін көрді. Сөйте тұра, мені спорттан уақытша алыстатты. Қазір ол кісілер сыйлы. Бірақ бабы келіскен бірнеше жастың жолын кескен де солар еді. Бұл жайында ешкім «ақты ақ, қараны қара» деп ашып айтқан емес. Біз өзімізді-өзіміз қой мінездіміз деп жұбатқандай боламыз. Бірақ біз адам болып жаратылдық емес пе?!

– Оның басымдығы неде?

– Жалпы якут спортшыларына табиғат аясында шынығу қиын. Ауа райы мүмкіндік бермейді. Сол үшін де олар техникалық жағынан епті болғанымен, физикалық әлеуеті әлсіз болып келеді. Ауыр салмақта белдесетін балуандарға тіпті қиын. Ал Спиридоновтың күші өз салмағына жеткілікті еді.

– Қырғызстан мен Украинадан ұсыныс түскен екен…

– Олимпиададан қалғанымда, қазақты көтеретін де, белден басатын да қазақ екен деп тұжырымдадым. Қырғызстан мен Украинадан ұсыныс түсті. Ашу үстінде небір ой келеді. Бірақ өзге елдің туының астында күресу сұмдық қой.

– Олимпиадаға барарда кімдер қолдау көрсетті?

– «Жаман ұлт жоқ, жаман адам болады» деп күресті қойып кеткен кездерім болды. Сол уақытта Бауыржан Нұрмаханов деген ақтөбелік жаттықтырушы ағалық ақылын айтып, спортқа қайта келуіме себепші болды. Ізінше ел чемпионатында топ жарып, Даниядағы әлем чемпионатына автоматты түрде баруға мүмкіндік алдым. Демімді ішіме бүгіп жүрдім. Додаға 4-5 күн қалғанда тағы жолымды кесіп, Спиридоновты тосыннан сапқа қосты. Күресті қойдым деп, тағы жаттығуға барғаным жоқ. Әрине, мұның барлығы «жоғарыда» шешіліп қойған ғой. Мені спорттан уақытша шеттеткен тұста да бір кісілер Спиридоновтың жағына шығып, азын-аулақ ақша жиюды көздеген. Сонымен, 2011 жылы Алтай Танабаев Қазақстан құрамасының бас бапкері болып келді. Ол: «Ақжүрек, тыныш жүр. Мен сені Олимпиадаға апарамын», – деп сенім артты. Алматыда Бауыржан Нұрмахановтың үйінде жатамын. Қарапайым отбасынан шыққанмын. Үлкен қалада күн көру оңай емес. Алтай Танабаев та кез келген ортада мен үшін сөйлеп жүретін. Айтқанындай-ақ Олимпиадаға дейін сол алып барды. «Ақжүрек, қой, тоқта, төбелеспе» деп жүргенде, Лондон Олимпиадасының алдында Қырғызстанның атынан күресіп жүрген якутпен бір төбелесіп алғанмын. Қазақ спортшысын ұрғаны үшін сабадым. Қазақ спортшылары сол баяғы, «ұрып қойсам, спорттан шеттетілем бе» деп сескенді, білем. Бес ай шеттетілсе, 50 мың теңгеден есептегенде 250 мың теңге жалақыдан ешкім құр қалғысы келмеді.

– Лондон Олимпиадасындағы әділетсіздікті қалың жұрт көрді ғой…

– Көз шұқыды, құлақ тістеді, әдіс жасады, жеңді. Көпшілік «қайталауға жүгінбедіңдер ме?» деп кейін сұрап жүрді. Егер мен жаттықтырушы болғанда, сол мүмкіндікті пайдаланатын едім. Бірақ мен күрестім. Сұрағанға «осы сұрақты бапкерлерге қойыңдаршы» деймін. Қалай жауап береді екен? «Бірақ олардың орнына мен жауап берейін, «көрмей қалдым» деп айта салады» деп ақиқатын айтамын. Бүкіл әлем көрсе де, жаттықтырушы көрмейді. Бірақ Олимпиададан кейін сол спортшының басы даудан арылмай-ақ қойды. 2016 жылы өз елінің чемпионатында қарсыласының асына допинг салыпты. Кейін спорттан уақытша шеттетілген. Олимпиададан екі ай бұрын Нұр-Сұлтанда лицензиялық жарыста Сушил Кумармен кездесіп, ойсырата жеңген едім. Басқа-басқа, содан жеңілемін деп ойламадым. Бәлкім, сол жерде бапкерлер дұрыс шешім қабылдағанда, Олимпиада чемпионы болар ма едім, кім білсін?! Себебі финалдық бәсекеге жапондық балуан шықты. Ол менің оң жамбасыма келетін спортшы еді.

– Сұхбатыңыздан Шоқан Надырбеков жайында жиі естідік. Күресте «бапкерге қарап баласын тануға» бола ма?

– Иә, әрине. 1996 жылы күреске келгенімде, марқұм Шоқан Надырбеков ағамызда жаттықтым. Оның спортшы дайындаудағы әдісі жаттығуды күніне бір мезгіл өткізетіндігінде еді. 2003 жылдан бастап ел чемпионатында топ жара бастадым. Үлкен спорттан алыстағанға дейін бір мезгіл жаттығумен-ақ жетістікке жеттім. Тек іріктеу кезінде ғана жаттығу залына екі рет барып жүрдім. Әйтпесе, Алматы, Қарағанды, Шымкент және басқа қалаларда спорт интернатындағы балалар күніне үш мезгіл шынығады. Бірақ біреуі де мені жеңбеді. Шындығы, бәрі бапкердің арқасы ғой. Кейін өсе келе ақшаны абыройдан биік қойғандарды да көрдік. Олардың легионерлерді қалай әкеліп, онымен қалай келісетінінен өзім жаттықтырушы болмаған соң хабарым жоқ. Мүмкін ақы алмаған шығар, сыртынан жаман әңгіме айту да артық. Егер спортта ақша жүрмесе, қазақ жігіттерін бауырына басатын адамдар болар ма еді?!

– Ұлт мәселесі жайында айттыңыз, рушылдық ше?

– Тараздағы спорт мектебінде 28 баланы дайындап жүрмін. Бірін де алалаған емеспін. Тіпті жанымда жүрген досымның да руын білмейді екенмін. Кейін баласына өкіл әке болатын кезде ғана сұрағаным бар. Еркін күресте Орта Азия ойындары ұйымдастырылып тұрады. Сол жылдары жас болсам да, жарысқа баратын болдым. Себебі ел чемпионатында ересектерді де ұтып жүрдім. Балалар арасында жүріп, ересектермен белдесу оңай емес. Бөркімді аспанға атып қуандым. Сонда бапкердің кабинетіне кіргенде: «Найманның жігіттері мықты болады, сен сияқты», – деп мақтауын асырды. «Найманның қайсысы боласың?» – деді ізінше. Ал мен: «Найман деген не?» – деп қайта сұрақ қойдым. «Руың?» – деді. «Дулат, Жаңабаймын». Бапкер лезде шығар есікті көрсетіп, менің орныма басқа баланы топқа қосты. Сол бала Ташкентте өткен бәсекеде бірінші орынмен оралды. Әттең, жасы үлкен болса да, маған жеңіліп жүрген еді. Жарысқа барып, бірінші орын алғанымда, үлкен жаңалық болатын еді. Мен кейін есейген соң: «Неге руға бөлінесіздер, қазақ емеспіз бе?», – дегенмін. Олар: «Біз баяғының адамдарымыз ғой, Кеңес үкіметінде қалып кеткенбіз», – деп сылтау айтатын.

– Шәкірт тәрбиелеп жүрмін дедіңіз. Болашақта сіз жақтан жағымды жаңалық күтеміз бе?

– Күнделікті кешкі жетіден кейін спорт интернатында жаттығудамын. Соңғы күндері өткен жарыстарды бақылап көріп, сараптама жасап, келер жылы интернатқа шақыратын балалардың да тізімін топтастырып жатырмыз. Қазір менде жаттығатын әр баланың жағдайын білемін. Аға-бауыр болып араласып кеттік. Жағдайы төмен немесе ата-анасы жоқ балалар да бар. Бірақ жақсы күресіп жүр. Барынша көңілін аулауға тырысамыз. Егемендік алғалы бері Жамбыл облысы балалар арасындағы ел чемпионатында командалық есепте бірінші орын алып көрмеген еді. 2018 жылы жамбылдық өрендер командалық есепте топ жарып, талайды таңғалдырды. Сол жылы балалар арасындағы Азия чемпионатында үш спортшы бірінші орын алса, соның екеуі тараздық еді. Нәтиже жақсы. Еш нәрсені кесіп айта алмаймыз, бірақ 2028 жылға қарай сол балалар жетілсе, жарқын күндер әлі алда деп ойлаймын.

– Соңғы жылдары еркін күрес федерациясында көп өзгеріс болды. Бірінші нөмірлі балуандарды дайындауда шетелдік мамандардан үміт күтті. Кейін рақметін айтып шығарып салды. Сіз бұған қандай баға берер едіңіз?

– Легионерлерді алып келетін – жоғарыдағылар. Бірақ ұсынысты жасайтын өзіміздің бапкерлер ғой. Сырттан келгендерге қомақты қаржы бөлінеді. Өзге елден келген спортшылар барлық жарыстарға барып, кейін күші қайтқанда еліне кетеді. Жиған-терген тәжірибесін өз ұлтына, туған жеріне барып төгеді. Ал жаттықтырушыға келетін болсақ, 2015 жылы Рио Олимпиадасының алдында еркін күрестен Ұлттық құраманың бас бапкері етіп Ресейден Сергей Белоглазовты әкелді. Оған 20 мың доллар айлық төледі. 2016 жылы Олимпиададан кейін әлем чемпионатына спортшылар барды. Бірақ бәрі құр қол қайтып жүрді. Мен сол Олимпиада алдында «сендер оның жетістігіне емес, бапкер болғандағы жұмысын көрсеңдерші» деп айтқан едім. Олар «қазақтардың көре алмайтыны жаман» деп қайырды. Кейін «Белоглазовпен келісе алмай қалдық» деп бапкерліктен алды. Шындығында, келісуін келісті, бірақ жаттықтырушы нәтиже көрсете алмады. Көзкөрген кісілер «балуандар не болдыңдар, медальдерің жоқ» деп айтып жүрді. Онымен қоймай Гацаловты әкеліп, оған да екі жылдай 10 мың доллар төлеп отырды. Бір балуан да төбе көрсетпеді, желге ұшқан ақша. Амалы таусылған соң, дағыстандық тәжірибелі бапкер Майрбек Юсуповты Ұлттық құраманың үздіктерін дайындайтын мамандардың қатарына қосуға ниеттенді. Менен «бұған не дейсің?» деп сұрады. Мен Майрбек Юсуповтың нәтижесін ешкім көрсете алмайтынын, 20-30 мың доллар берсек те ұтылмайтынымызды айттым. Осыдан кейін балуандар әлем чемпионатында ә дегеннен қоржынға төрт лицензия салды. Үш медаль берді. Бұл – ел тарихында болмаған жағдай. Бірақ, шындығында, ақшаның бәрін босқа шашып, амалы таусылған соң ғана кезек Майрбекке түсіп отыр ғой.

– Спортта жүргеніңізге аз уақыт болмады. Не түйдіңіз?

– Олимпиада, әлем чемпионаты, Азия ойындары, ел біріншілігі, басқа да ірі турнирлер бар – бәрінен өттік, көрдік. Егер әділетсіздік орын алса, спортшылар үшін барымды саламын. Шындық үшін төбелесуге де дайынбыз. Бастысы – халық алдында арымыз таза болса болғаны. Ел абыройы үшін атағымнан айырса да әзірмін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments (0)
Add Comment