Профессор Нұрғали Сарыбековтің әзіл-сықақтарынан
Өткен ғасырдың сонау бір жылдары Наурыз мейрамына дайындалып, киіз үй тігіп жатқанбыз.Бір топ ағалар – ішінде Қапаш Тасболатов, Ерімбет Қонақбаев, Нұрғали Сарыбеков бар бізге жақындап келе бергенде, алдын кес-кестей берген бір дап-дардай қызметкер әйел қолындағысын нұсқап:
– Нұрғали аға, мына қуықты қай жерге тығамыз? дегені.
Нұрекең алдымен рахаттанып күліп алды да:
– Шырағым-ау, мұны қуық емес, уық дейді. Мұны тықпайды, шаңыраққа бір-бірлеп қадайды, – деді де теріс айнала бере, – ал қуық басқа жақта ғой, – деді әлі де күлкісін тыя алмай.
Бір жолы доцент Рымбек Мылтықбаев Нұрағаның артында келе жатып аяғының ұшы өкшесіне тиіп кете беріпті.
– Оу, Рымбек мырза, мұның не? – десе,
анау:
– Нұраға, өзіңіз айтушы едіңіз ғой «өкшемді басып келе жатқан інімсің» деп. Соны орындап келе жатқаным ғой, – депті.
– Ой, саған дауа жоқ екен, – дейді ағасы.
Тағы бірде сол Рымбек екі көзі жерді тінткілеп, жан-жағына қарамай, жақындап келген Нұрекеңді байқамай өте береді.
– Оу, Рымбек шырағым, не жоғалттың сонша жерге қадалып? – дейді.
Сонда анау:
– Шашылып қалған авторитетімді іздеп, түгендеп келе жатырмын, – депті.
– Ой, сөзің бар болсын, – дейді көңілі толмаған ағасы.
Бір жолы кездесіп қалған Рымбекке Нұрахаң:
– Уәй, қайдан келесің? – дейді.
– Мына технологический жақтан.
– Е, онда не бар?
– Қайдан білейін, сол жақтан ауысып келген жігіттер шетінен бірі проректор, бірі декан, завкафедра болып, мансабы жоғарылап келіп жатыр. Сөйтсем маған да бірдеңе тиер ме екен? – деп едім.
Осыған екеуі біраз жадырап күліп алған соң Нұрахаң:
– Ол жақта не әңгіме боп жатыр екен өзі? – дейді.
– Қызық бопты. Техта екі Сейтов бар ғой өзі. Бірі – ректор Хамза Сейтов, екіншісі – проректор Әбіс Сейтов. Ауылдан сыйға тартқалы қой артып келген бір шаруа кісі адасып жүріп Хамзаға емес, Әбістің үйіне келіп қалады ғой.
– Әу, Сейтовтің үйі осы ма? – дейді дауыстап.
– Иә, осы, – дейді Әбіс.
– Мына бір сәлемдеме малды алып келіп едім, не істейін?
Әңгіменің мән-жайын ұға қойған Әбіс:
– Әкел, түсіріп кет. Сейтовтен Сейтовтің жорғасы жоқ, – деп алып қалған екен дейді.
Екеуі осы әңгімеге біраз жадырап күліп алады.
Бір жолы институттың есігінің алдында бір топ әріптес жігіттер әңгімелесіп тұрғанбыз. Шылым тартып тұрған Рымбек біреуін маған ұстата қойды.Сөйткенше болған жоқ, іштен шыға келген Нұрекең:
– Ей, Рахым, сен шылым тартпаушы едің ғой! – дегені. Мен сасып қап:
– Е, мынау Рымбек қой, – деппін.
Сонда ол кісі:
– Е-е, бұл Рымбек сені әлі талай нәрсеге үйретеді, – деп ілгері оза берді.
Нұрекеңмен екеуміз бір кафедрада істеуші едік. Ол педагогикалық психологиядан, мен жалпы психологиядан дәріс оқитынбыз. Бір жолы институттың тар коридорында қарсы ұшырасып қап:
– Әй, Рахым, ана Сәдібек екеумізді оңдырмапты, расписаниеге қарашы өзің, – деп тұр ішек-сілесі қатып.
«Псих. Садықбеков, псих. Сарыбеков» деп тор көзге сыйғызғаны екен. Құлажанов Сәдібек оқу ісі бөлімінің меңгерушісі, математик болатын. Кабинетіне кіре бере:
– Әй, Сәдібек, мен сені «мат. Құлажанов» деп жазсам, оңасың ба? – деп едім, анау шарасыздан:
– Қайтейін енді, басқа амалым болмаған соң, тор көзге сыйғызғаным ғой, – деп қарап тұр.
Байтұрсын Байтамаев ағамыз қырықтың жуан ортасына шыққанша үйлене алмай жүріп алып еді. Соған жолығып қалған Нұрекең бір жолы:
– Байтұрсын-ау, не болды, сенің төңірегіңде әңгіме көбейіп кетті ғой.Кешегі әңгіме неден шықты өзі? – деп сұрайды.
Бәкең айтқысы келмей біраз тайсақтап тұрады да, ақыры шыдамай:
– Кеше студенттерден емтихан алып едім. Бір күн бұрын ептеп сілтеп қойғам. Басым ауырып, мазам болмай отырғанмын. Студент қыздың біреуі жауабын бере алмай: «Ағай, Жасөркеннен қатынау қиын боп кетті, түсініңізші», – дегені. Осыны шала ұққан мен: «Әй, шырағым, бүгіндері Жасөркен түгілі қаладан қатын алудың өзі қиын боп кетті ғой», – деппін. Соны мынау Сейітхан, Алтынбек қулар әрі қарай құтыртып алып кетіпті ғой, – дейді.
– «Тауықтың түсіне тары енеді» деген, – деп мырс етеді Нұрағаң.
Нұрекеңе институтта, әсіресе, физиктер жақын жүруші еді. Әзіл-қалжыңдары әдемі жарасатын. Өзінің сабақтары да көбіне сол факультеттің студенттеріне оқылатын. Бір жолы жұмысы бітіп қайтып бара жатқан оған бір бұрышта сыралатып тұрған үш-төрт физик кезіге кетеді.
– Ау, Нұраға, келе қалыңыз, бізбен бірге сусындап алыңыз, – дейді ғой баяғы. Сөйтсе, ол кісі қалт тұра қалып:
– Жоқ, жігіттер, сендер өңшең физиктер жиналған екенсіңдер. Сендерден өзі жақсылық шықпайды. Себебі адам баласын жаппай қыратын атом бомбасын ойлап тапқан сендерсіңдер! – деп әзіл-шыны аралас көнбей бұрылып жүре беріпті.
Тоқтар деген мінезі шәлкестеу әріптес інісі болушы еді. Соған бір күні:
– Әй, Тоқтар, сен осы арыз жаза бергенді қойсайшы, әнеки анау Алтынбек құрдасыңның үстінен де жазыпсың, – дейді кейіп.
Сонда анау:
– Жазғаным рас. Е, неге оған семьясы шағын болса да, саңғыраған төрт бөлмелі пәтер тиеді? Сонымен бірдей маған қуықтай екі бөлме беріледі. Бірақ ол менің арызымнан соң, маған ерегісіп екі этажды үй соғып алды. Әнеки, көрдіңіз бе, – депті көзі шатынап.
– Кеше ғана сол үйінің дастарқанынан дәм жеп қайттым.
Бір жолы аз-кем шаруасымен ел ішінен бір жақыны іздеп келеді. Өзі Нұрғалидан бірер жас үлкендеу. Әңгіме арасында әлгі кісі шамасы өзі жезделік жағы бар білем:
– Нұрғали, шырағым, мына әпкеңмен он жыл отастым, тумай қойды. Қайтем енді, қу бас өтем бе? – депті.
Өзі түрі қораштау, тым тәпелек, бойы бір тұтам кісі екен. Оның түріне қарап алып Нұрекең:
– Әрине, тумайды, өзіңіз әпкемнің ышқырынан ғана келіп тұрсыз. Содан соң қайдан тусын!
Шамасы әлгі әпкесі аса бойшаң болса керек.
Белгілі ұстаз Ерімбет Қонақбаевпен Нұрғали ағаның көңілі жақын еді.Екеуінің әзілі жараса кететін.
Жас азамат Махметғали Нұрғалиұлының көзге көрініп, проректор болып, докторлық қорғауға дайындалып жүрген кезі болатын. Әдеттегідей екеуі бір кездесе қалған сәтте Ерекең досын тоқтатып алып тұрып:
– Ей, Нұрғали, мына балаң өзіңнен озды, ақылы асты сенен, байқайсың ба? – дейді.
Сонда Нұрекең кең аспанға әлдеқалай үнсіз армандап қарап тұрып:
– Ал сен, Ерімбет, мықты екеніңді білейін, осындай баланы өмірге келтіріп көрші! – деген екен.
Сол баласы бүгінде биік лауазымда, қоғам қайраткері болып жетіліп отыр.
Мінеки, жүрген жері әзіл-қалжыңға толы, төңірегіне шуағын шашып жүрген осындай бір жақсы азамат дүниеден өткен еді.
Рахым Садықбеков,
ардагер ұстаз