Ақынын ардақтаған әкім

Аймақ басшысы «Қола домбыра» иегері Інжу Жаңабайды қабылдады

Елордада өткен «Қола домбыра-2025» республикалық ақындар айтысында №3 мектеп-лицейінің оқушысы Інжу Жаңабай бас жүлде иеленді. Осыған орай Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жас айтыскер ақынмен арнайы кездесті.

Жүздесуде Ербол Шырақпайұлы Інжудің бойындағы дарынды танып, оны шыңдауға бағыт-бағдар берген ата-анасы мен ұстаздарына шынайы ризашылығын жеткізді. Сонымен бірге жалынды жасқа шығармашылық шабыт, биік белестер мен жаңа жеңістер тіледі. Өз кезегінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Мəдениет саласының үздігі, Інжудің əкесі əрі ұстазы Есет Досалы көрсетілген қолдау мен құрмет үшін облыс əкіміне алғысын білдірді.

Еске сала кетейік, дүбірлі дода Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, «El umiti» корпоративтік қоры жəне «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен екінші жыл өткізіліп отыр. Жоба жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы. Айтыста еліміздің барлық өңірінен іріктеуден өткен 10-18 жас аралығындағы 22 дарынды оқушы екі күн бойы бақтарын сынап, сөз құдіретін паш етті.

Жас ақындар қоғамдағы өзекті үш негізгі тақырып аясында айтысқа түсті. Олар «Жасанды интеллект дəуіріндегі жасампаз жастар», «Еңбек адамы – елдің тірегі», «Цифрландыру мен білім: жаңа дəуірдің талабы» тақырыптарында суырып салып, көпшілікке өз өнерлерін көрсетті.

Жас ақындардың шеберлігіне айтыскер, «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназаров, айтыскер Иран-Ғайып Күзембаев пен Өміржан Көпбосын, «Еl umiti» қорының өкілі Азамат Оңайбаев, Парламент Мəжілісінің депутаты, қазылар алқасының төрағасы Ринат Зайыт төрелік етіп, шын жүйріктердің өнеріне əділ бағасын берді.

Тартысты доданың қорытындысы бойынша жыр алыбының атын иеленіп отырған облысымыздың намысын қорғаған Інжу Жаңабай ерекше өнер көрсетіп, көпшіліктің көзайымына айналып, бас жүлдені олжалады.

Сондай-ақ жас айтыскерді «Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршытермешілер одағы» арнайы күтіп алып,
құрмет көрсетті. Шараға орталық директоры Ахметжан Өзбеков, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров, Айтмұханбет
Исақов, «Ақберген» үйірмесінің жетекшілері қатысты. Жиында Інжу Жаңабайға айтыскер ақындар құттықтау тілегі мен жылы лебіздерін жаудырды. Ал Інжудің əкесі əрі ұстазы Есет Досалы тартысты бəсекенің оңай болмағанын айтты.

– Биылғы айтыс «Жасанды интеллект дəуіріндегі жасампаз жастар» тақырыбында өтті. Бұл айтыстың мақсаты – жастарды ұлттық өнермен сусындату, жас дарындардың жолын ашу. Сонымен қатар ұлттық өнерімізді дəріптеп, жас ақындардың шыңдалуына үлес қосу. Біз былтыр да аталмыш додаға келіп, арнайы жүлдемен қайтқан едік. Ал биыл тыңғылықты дайындалып, жеңісті қолдан бермедік. Қызымның жеңісі – біздің ғана емес, күллі облысымыздың жеңісі, – деді Есет Жаңабайұлы.

Ал өңіріміздің намысын республикалық додада қорғап, бас жүлдемен оралған Інжу қарсыластардың мықты болғанын тілге тиек етті.

– Өте қуаныштымын. Қоланы алсам деген мақсатым болды, бірақ шын мəнінде жеңемін деп ойлаған жоқпын. Қазылар алқасы əділ бағалады деп есептеймін. Екінші күн мен үшін қиын болды, қарсыластарым мықтылықтарын көрсетті. Айтыс өте шынайы өтті. Төртінші сыныптан бастап қалалық айтыстарға қатысып жүрмін, ал тоғызыншы сыныптан бері республикалық деңгейде өнер көрсетіп келемін. Менің осы жолда жетістікке жетуіме күш салған барша ұстаздарыма, отбасыма жəне қолдаушыларыма алғыс білдіремін. Төл өнеріміз қашанда асқақтай берсін, – деді «Қола домбыра-2025» иегері Інжу Есетқызы.

Сондай-ақ Астанада өткен шығармашыл оқушылар арасындағы ХІІ республикалық «Ақберен» өнер байқауында да Інжу Жаңабай «Ақындар айтысы» номинациясы бойынша I орынды иеленді. Ал командалық есепте біздің облыс бас жүлдені еншіледі.

Comments (0)
Add Comment