Республиканың түкпір-түкпірінен және көршілес Қырғызстаннан қасиетті Әулиеата топырағына арнайы аладоп аламаны үшін айтыс ақындары жиылды. Барлығы 7 команда қатысқан бәсекеде сөз сайысында жеңіс бермейтін айтыс ақындары кіші футболдан шеберліктерін сынға салды.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суреттерді түсірген А.РЫСМАХАН
Халықаралық доп додасы өңірде биыл үшінші рет өткелі отырған «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты дәстүрлі жыр бәйгесінің қарсаңында ұйымдастырылып отыр. «Ақынға керек көп ойлау, артық та етпес доп ойнау» деген атаумен өткен ақындардың аяқдоп сайысы әуелі таяуда ғана өңірдің 80 жылдық мерейтойы аясында есігін айқара ашқан «Руханият және тарихтану» орталығын таныстырумен басталды. Нысанның мәжіліс залында жан-жақтан жиылған айтыстың сайыпқырандары «Атыңнан айналайын, Әулиеата» атты әдеби кеште бас қосты. Кешті орталық басшысының орынбасары, Халықаралық жыршы-термешілер одағының Жамбыл облысындағы филиал басшысы Ахметжан Өзбеков жүргізді. Алғашқы болып сөз алған шығыстың шайыры, жуырда Оралдағы айтыста «Алтын домбыра» иегері атанып, көрермен көңілін көкке көтерген Рүстем Қайыртайұлы әулиеаталық айтыссүйер қауымға өз ілтипатын білдірді.
– Қашан келсек құшақ жая қарсы алатын жамбылдық жұртшылықтың кең пейіліне шексіз ризамыз. Айтыскерлер мұнда ат басын бұрғанда, өз еліне келгендей аяқтары жерге тимей, әбден еркелеп, сөз сайысында кеңге құлаш сермеп, шабыттың тиегін ағытады. Бүгінгі турнирде де сол адуынды қуаттың арқасында өз өнерімізді көрсетуге келіп отырған жайымыз бар, – деді Рүстем Қайыртайұлы.
Ізінше көршілес қырғыз елінен өз командасын ертіп келген Азиз Баиймырзауулы қазақ пен қырғыз арасындағы ғасырға жуықтаған достықтың жемісі бүгінгідей аламандар екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ақын көптің қолқасымен «Манас» жырынан нақышына келтіріп үзінді орындап берді. Сондай-ақ «Сыр сүлейі» атанып жүрген, Тұрмағанбеттердің жұрнағы, екі мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов та Тараз туралы толғанысын жасырмай, маржан сөздің моншағын тізді. «Айтыстың ақтаңгері» атанған Дидар Қамиев те сөз сардарларының ауызбіршілігі жыл сайын артып келе жатқанына ризашылығын жеткізіп, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйытқы болуымен жалауын көтерген кіші футбол турнирі бұл жолы білікті банк қызметкері, бұқаралық спортты насихаттаушы Темірлан Арзымбетовті еске алуға арналды.
Темірлан Исмаділдәұлы Арзымбетов өз саласының үздік маманы болған. Салауатты өмір салтын берік ұстанған ол бос уақытында жастар арасындағы футболдың дамуына өз үлесін қосып кеткен азамат. Өзі қызмет еткен Жамбыл облысының «Банк Тұран Әлем» банкі командасының сапында республикалық банктер арасында дәстүрлі футбол бәсекесінде үш жыл қатарынан чемпион болған. Сондай-ақ облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті, «Қазфосфат» ЖШС, «Дантист» және «Банк Тұран Әлем» банкі командалары сапында жасыл алаңда жасындай жарқылдаған. Футболдағы өрелі өнерімен өзгелерді тәнті еткен талантты аяқдопшы жастарға үлгі көрсете білген. Өзі тұрған «Аса» ықшам ауданының жастарын футбол мен спортқа баулыды. Бүгінде Темірлан бастап кеткен үрдіс жалғасын тауып, аталған ықшам ауданның жастары талай дүбірлі бәсекелерде топ жарып жүрсе, кейбір талантты жастар еліміздің командаларында өнер көрсетіп жүр. Өкінішке орай, Темірлан Арзымбетов 2010 жылы 3 желтоқсанда 27 жасында досының қолынан қаза тапты. Артында бір айлық ұлы қалған болатын. Міне, биыл атпалдай азаматтың тепсе темір үзетін шағында мәңгілік дүниеге сапар шеккеніне де 10 жылдың жүзі толып отыр. 2016 жылдан бері қарындасы Алия Арзымбетова ағасының атындағы облыстық еске алу турнирін дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді. Бес жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан аяқдопшылар бәсекесі биыл алғаш рет халықаралық дәрежеде өткізілуде.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған жыр жампоздарымен қоса, Алатаудың арғы жағынан келген қырғыз ағайындар да бұл ойынды тыңғылықты дайындықпен бастады. Бауырлас елдің спортшылары алғашқы ойында бірден өз шеберліктерін көрсетуден жүрексінбей «Әулиеата» ойыншыларынан басым түсті.
Халықаралық бәсекенің қорытындысы бойынша Қызылорда облысының «Ақмешіт» командасы Қырғыз Республикасының «Талас» командасынан 3:2 есебімен басым түсіп, үшінші орынды иеленсе, финалдық бәсекеде Қарағанды облысының «Арқа» командасы мен Түркістан облысының «Тұран» командасы арасындағы тартысты ойында қарағандылық аяқдопшылар жеңіске жетіп, ақындар арасындағы халықаралық турнирдің кубогін қанжығасына байлады.
Сонымен қатар жарыс барысында үздік деп танылған ойыншыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Алыстан ат терлетіп тарихи шаһарға арнайы келген сөз шеберлерінің кіші футбол турниріндегі теңдессіз өнеріне тәнті болған Алия Арзымбетова дәл осы күні «ағамның рухы бір шалқыған болар» деп риясыз алғысын жеткізді.
– Біз әулетімізбен марқұм ағам Темірлан Арзымбетовтің есімін ғана емес, жастар үшін жасаған әрбір өнегелі ісін ұлықтау мақсатында осындай бәсекелерді ұйымдастыруға мұрындық болып келеміз. Елімізде бұқаралық спорт пен футболды ерекше сүйетін, уақытын зая кетірмейтін, жалқаулықты жеңген, білімге құштар жастарымыз көп болса екен дейміз. Бауырымыздың көзі тірі болғанда да, осындай бастамалардың басы-қасында жүрер еді. Бүгін келген ақындардың бәрі сөз додасында ғана емес, спорт бәсекесінде де бәйгеден озған тұлпардай шапшаң, шымыр екендерін көріп риза болып жатырмыз. Мұндай мазмұнды шараларға ақындардың қатысуы елдегі руханият пен спорт салаларын қатар дамытуға септігін тигізеді деп ойлаймын. Көршілес елден келген қырғыз бауырларымызға, Қазақстанның әр қиырынан келген айтыс додаларының дүлдүлдеріне зор алғыс айта отыра толағай табыс, шексіз шабыт тілеймін, – деді Алия Арзымбетова.
Халықаралық турнир соңында айтыстың сөз сардарлары бір-біріне риясыз ілтипаттарын білдіріп, көне шаһардың қонақжай халқына алғыс айтып, жуырда өтетін аламан айтысқа дайындықты пысықтауға кірісетіндерін жеткізіп тарасты.