Бүгін М.Х.Дулати атындығы Тараз өңірлік университетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында дарынды ақын Жұлдыз Бейсектің «Мен сенің көктеміңмін» өлеңдер жинағының тұсаукесер рәсімі өткізілді,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі.
Іс-шара әдеби композициялық кеш форматында ұйымдастырылды. Рухани жиынға белгілі ақындар, университеттің оқытушы-профессорлары, білім алушылар мен поэзия сүйетін қауым жиналды. Әдеби кеш «Дулати университеті – Ақындар мектебі» атты бейнероликпен ашылды. Шара барысында студенттер ақынның жинағынан өлеңдер оқыды. «Дулати жастар» театры «Жүрек гүлі» композициясын қойып көрермендердің көңіл төрінен орын алды. Танымал әншілер Ғани Мәтебаев, Лаура Бексұлтанова, Құрмаш Қуанышбаев және тағы басқа өнер жұлдыздары Жұлдыз Бейсектің сөзіне жазылған әндерді шырқады.
Сонымен қатар, «Поэзия – жан дірілі, сезім – сыңғыры» атты Тараз қаласы мен Жамбыл облысынан шыққан ақын-жазушылардың кітаптарынан көрме ұйымдастырылды.
«Мен сенің көктеміңмін» өлеңдер жинағының тұсауын ақын Қайырбек Асанов пен ТӘЖ клубының жетекшісі Темірбей Әлиұлы кесті. Жас айтыскер ақын Бәтей Аят ақындарға арнау айтса, кафедра меңгерушісі К.Қарымбаева ұжым атынан ақын Жұлдыз Бейсекті марапаттады.